Пікір • 12 Қазан, 2020

Абай өсиеті – болашаққа бағдаршам (Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың «Абай аманаты» мақаласын оқығандағы ой)

903 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әрбір жазған еңбегі ойыңа ой қосатын, жүрегіңе қозғау салатын, болашаққа деген сенім мен үмітіңді оятатын тағылымды дүниелер екені бізге жақсы мәлім. Мысалы, оның «Тарих толқынында» деген кітабы кеңес дәуірінде ұмытылып кете жаздаған қазақ тарихын жинастырып, зерделеп, бір жүйеге түсіруге бастамашы болса, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы қазақ елін мына өзгермелі заманның көшінен кейін қалмай сілкініс жасауға, жан-дүниені тазартуға, рухани жағынан жаңғыруға үндейді. Ал «Ұлы даланың жеті қыры» еңбегі кен өңдеу, металл балқыту, жылқыны қолға үйретіп, оны көлік ретінде пайдалану, атқа ер салу, үзеңгі, жүген, ауыздық сияқты ат әбзелдерін пайдалану және т.б. адамзат өркениетінің көпшілігі Ұлы даланы жайлаған біздің ата-бабаларымыздан басталатынын алғаш рет ашық айтып, текті халықтың ұрпағы екенімізді ұлықтауымен құнды.

Абай өсиеті – болашаққа бағдаршам (Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың «Абай аманаты» мақаласын оқығандағы ой)

Нұрсұлтан Әбішұлы 7 қазанда «Egemen Qazaqstan» газетінде жариялаған «Абай аманаты» деп аталатын көлемді мақаласында дала данышпаны Абай Құнанбайұлының ұлылығын, оның рухани мұраларының ұрпақ тәрбиелеудегі құндылығын жаңа қырынан танытты. «Ұлы ақын, дана ойшыл Абай ХІХ және ХХ ғасырлар тоғысындағы Ағартушылық немесе Ояну дәуірінің көшбасшысына, елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығына айналды, деп жазады осы мақаласында Нұрсұлтан Әбішұлы. – Үлкен білімпаз Қ.Жұбанов: «Еуропа руханиятымен салыстыра айтқанда, Абай – өз ортасының Данте сияқты адамы» деді, яғни халықтың дәстүрлі сөз өнерін, таным жүйесін, мінез бітімін түбірімен жаңаша түлеткен санаткер. Орыстар үшін – Александр Пушкин, ағылшындар үшін Уильям Шекспир, немістер үшін – Иоганн Гете, америкалықтар үшін – Уолт Уитмен қандай болса, қазақстандықтар үшін Абай да – сондай ұлы тұлға». Елбасының бұл сөздері, шынында да, Абайдың ұлылығын бұрынғыдан да асқақтата түскен сияқты.

Өткен ғасырда 70 жылдан астам Кеңес империясының қоластында тұншығып келген қазақ елінің рухани көсемі – Абай, бағдаршамы оның даналық сөздері болғаны баршамызға аян. Біз бәріміз де ұлы ақынның өлеңдерін жаттап, қара сөздеріндегі терең ойлармен сусындап өскен ұрпақпыз. Тәуелсіз Қазақ­станның Тұңғыш Президенті Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаев та өзінің бүкіл өмірі­не Абай өсиеттерін алтын арқау етке­нін айтады. Жас Нұрсұлтан дана Абай­дың «Талапты ерге нұр жауар» деген қа­ғидасын басшылыққа алып, 1958 жы­лы орта мектепті бітірген бойда тәуе­келге бел байлап, Арқа төріне – Бүкілодақтық екпінді құрылыс – Қазақ­­­стан магниткасына аттанады, одан Украи­­наның Днепродзержинск қаласы... Еңбек жолын осылайша жұмысшыдан баста­ған Нұрсұлтан Әбішұлы талап пен талан­ты­ның арқасында биіктерге өрлеп, Қазақ­­стан Президенті дәрежесіне дейін көте­ріл­­се – бұл, біріншіден, өз еңбегінің же­мі­сі, екіншіден, оның бойына рух беріп, биік­­терге құлшындырған Абайдың қазақ жас­­тарына арнаған өсиет-аманаты болатын.

Дала данышпанының өлеңдері мен қарасөздерінде билік, мемлекеттік құры­лыс, ел бірлігі мен ынтымағы туралы дана­лық ойлар жетіп артылады. «Көп шуыл­дақ не табар, билемесе бір кемел», «Единица болмаса, не болады өңкей нөл» деген Абай билік жүйесінің мән-маз­мұнын осы бір концептуальдық пайымға сыйғызады.

Ғасырлар бойы бодандықта болған қазақ елінің де, оның бір перзенті Абай­дың да мұң шағар, табан тірер астана­сының болмауы кезінде үлкен қасірет еді. «Абайдың осы арманының орындалуына, Есілдің жағасында еңселі байтақ қаланың ірге теуіп бой көтеруіне мұрындық бол­ға­ныма мың да бір шүкіршілік етемін», – дейді Елбасы.

Ұлы Абай туған қасиетті Семей топы­рағын 40 жыл бойы ядролық сынақтар тал­қандап, улап келсе, бұл полигонды жабуға пәрмен берген өз еңбегіне ризашылығын білдіреді автор.

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп»... Абайдың мәңгі жасайтын осы қағи­дасын жүрегіне терең ұялатқан Тұң­ғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев Қазақ­станды 30 жыл басқарған уақытында осы­нау кең байтақ Ұлы даланы мекен­деген жүзден аса ұлт өкілдерін бөлмей-жармай, алаламай бәріне бірдей қарады. Оның бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы әлі күнге халықтар достығын нығайтуға қызмет етіп келеді. Н.Назарбаев осыдан ширек ғасыр бұрын аталып өтілген Абайдың 150 жылдық мерейтойын еске алады. Сол салтанатты жиында сөйлеген сөзінде ол: «Біз де бүгін ұлтішілік тату­лас­тыққа да, ұлтаралық татуластыққа да, әлем­дегі барлық ел, барлық халық­тармен ынтымақтастыққа да, мәдинеттер арасындағы сабақтастыққа да Абайша қарап, Абайша қастерлеуге мән бере­міз», деген екен. Бұл қағида, әрине, Елба­сының ешқашан айнымайтын өмірлік ұстанымына айналғаны ақиқат.

Елбасы айтқандай, Абай қаншама тас қапас заманда өмір сүрсе де, болашаққа үмітпен көз тікті. Ол жас ұрпақты оқу оқып, білім алуға, ғылыммен айналысуға шақырды. Өйткені қай заманда болмасын дүниенің кілті білім мен ғылымда екенін ол жақсы түсінді. Абай аманатын, Абай арманын орындауға еліміз тәуелсіздік алған соң қолымыз толық жетті десем артық айтқандығым емес. Қазір елімізде 8 мыңдай жалпы білім беретін мектеп, 140-тан астам жоғары оқу орны, 5 мыңнан аса балалар мекемелері, жүздеген кәсіби мектептер жас ұрпаққа білім беруде. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген «Болашақ» бағдарламасы бойынша өткен 25 жылда 15 мыңнан астам қазақ жастары әлемнің ең таңдаулы университеттерінде оқып, бүгінде халық шаруашылығының әр саласында абыроймен еңбек етуде. 85 жылдан бері ұлы Абай есімін Ар туындай биік ұстап келе жатқан еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны – Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті де бүгінде жас ұрпақты Абайдың «Толық адам» ілімі негізінде оқытып, тәрбиелеу үстінде. Университетімізде «Қазақстан Халқы Ассамблеясы» кафедрасы жұмыс істейді. Сонымен бірге оқу үдерісіне «Нұрсұлтан Назарбаевтың этносаралық келісімінің Қазақстандық моделі» пәні енгізіп, ол барлық курстарда оқытылуда. Қытай, Вьетнам, Түркия, Ресей, Польша мемлекеттерінде Абай орталықтарын ашу арқылы ұлы ойшылдың рухани мұраларын шетелдерде кеңінен танытуға өз үлесімізді қосып отырмыз.

Әлемді коронавирус індеті жайлаған қазіргі таңда оның зардабы бірде-бір мемлекетті айналып өтпегені мәлім. Қаншама «тар жол, тайғақ кешулерден», қатерлі өткелдерден, қиын замандардан аман өткен қазақ елі  бұл сынды да сүрінбей еңсеретініне сенім білдірген Нұрсұлтан Әбішұлы осы арада тағы да Абай өсиетіне жүгінеді: «Жамандықты кім көрмейді? Үміт үзбек – қайратсыздық. Дүниеде ешнәрсенің баяны жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің?! Қары қалың, қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол, жақсы жаз келмеуші ме еді!?» – деген Абай сөзі дәтке – қуат, «жақсы сөз жарым ырыс». Осылай толғанған Елбасы Абай мұралары біздің күнбе-күнгі тіршілігімізге, өркенді өмірімізге кірпіш болып қаланып, бүгінгі өркениет пен алдағы істерімізге бағыт беретінін еске салады. Жалпы, бұл мақала қай жағынан да жүрекке жылы ұялаған құнды еңбек болып отырғаны бізді сүйсіндіреді.

 

Такир БАЛЫҚБАЕВ,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор