Аймақтар • 12 Қазан, 2020

Қостанайда инжиниринг орталығы ашылады

249 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай университеті мен жергілікті машина жасау зауыты жанынан автоөнеркәсіпке қажет мамандарды даярлайтын заманауи инжиниринг орталығы ашылмақ, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қостанайда инжиниринг орталығы ашылады

Білім беру мен тәжірибе ұштауды сабақтастыра жүзеге асыруды көздейтін жаңа орталықта машина жасау өндірісінің сан алуан мамандары мен PhD докторлары оқитын болады. Сонымен қатар, мұнда болашақ инженерлерді көлік құрастырудың ғылыми негіздеріне үйрететін жоғары технологиялық өндіріс қолға алынады.

-Таяуда Қостанайға жұмыс сапарымен келген білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті мен «Камаз» ЖАҚ әріптестігін қолдау туралы меморандумға қол қойды. Осылайша, бұрын-соңды болмаған бірегей инновациялық жобаны жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Басты мақсатымыз - Қостанай Индустриялық аймағындағы машина құрастыратын және көлік бөлшектерін жасап шығаратын кәсіпорындарды, сондай-ақ білім, ғылым мекемелерін қатыстыра отырып халықаралық консорциум құру; машина жасау саласына қатысты заманауи ғылыми зерттеулер жүргізіп, инжинирнг жүйесін қалыптастыру; сонымен қатар, көлік құрастыру саласына қажет жоғары білікті кадрларды даярлаудың инновациялық бағдарламасын енгізу, - деді университет ректоры Алма Досжанова.

Инижинирнг орталығын 2023 жылы ашу жоспарланып отыр. Жалпы, Қостанай университеті инженерлерді бұрын да дайындап келген. Университет басшысының айтуынша, енді бұл мамандыққа оқытудың түрі мен мазмұны түбегейлі өзгереді. Студенттер зауыт мамандарының жетекшілігімен төменгі курстардан бастап өндіріске араласып, дәрісханада жинақтаған теориялық білімді тәжірибеде бекітеді. Сондай-ақ, университет тәмамдайтын түлектердің дипломдық жұмыстарына да индустриялық аймақтың білікті мамандары жетекшілік ететін болады.

Жалпы құны шамамен 3 млрд 500 млн теңге болатын бірегей жоба бірнеше орталықтан қаржыландырылады. Инжиниринг ғимаратын тұрғызу үшін Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламсы аясында 2,4 млрд теңге қаржы бөлінбек. Ал орталыққа қажет құрал-жабдықтар сатып алуға Білім және ғылым министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі 1,1 млрд теңге қаржы жұмсамақ. Мұның сыртында, инженерлік орталықты жарақтандыруға «Камаз» ЖАҚ, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС, «АгромашХолдинг KZ» АҚ бірлесіп 330 млн теңге бөлуді көздеп отыр.  

Қостанай облысы