Руханият • 13 Қазан, 2020

Дәрігер Досмұхамедов

1498 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінде адамзатты алаңдатып отырған дауасыз дерттің алдын алу мүмкін болмай отыр. Десек те, жер бетіне төнген нәубеттің бетін қайтаруға әркім үлес қосуы керек. Біз осы ретте алаш баласы үшін саналы ғұмырын сарқыған ағартушы тұлғалардың бірі – Халел Досмұхамедовтің есі­­мін ел есіне салып қойғымыз келеді. Өткеннен сабақ алма­сақ, бүгінді бағамдай алмаймыз.

Дәрігер Досмұхамедов

Төмендегі мақалада қ­а­зақ ­даласын бұған дейін де шарпыған қатерлі дерттермен күрестегі Х.Дос­мұхамедов­тің ұлтқа деген жанашыр іс­тері баяндалады. Негізінен қа­ламгерлігінен, ғалымдығынан бөлек ең алдымен Халел Дос­мұха­медов жалпы аурулар және жұқ­па­лы аурулар хақында оннан астам мақала жазған теоретик вирусолог-дәрігер.

Алдымен профессор Ха­лел Досмұхамедов биология ғы­лымындағы аса қиын да күрделі бағыт – тез тарайтын жұқпалы аурулардан сақтану жолдарын іздестіруге ерекше мән берді. Сондықтан ол аса қауіпті оба ауруының тұрақты, жұқпа­лы ауру екенін зерттей келе, оны таратушы кеміргіштер, бүргелер екенін анықтап, адамдар мен жан-жануарларды тұрақты сақтандыруға айрық­ша назар аударды. Бұл індет, егер санитарлық шаралар дер кезінде жүргізілмесе, ауру тез тарайтынын және аса қа­уіп­ті аурулар қатарына жа­та­ты­нын сол кездің өзінде мо­йын­датқан. Ғылыми зерттеулерге қарағанда, жұқпалы індет жер бетінің барлық бөліктеріне таралып үлгерген. Тек қана Аустралия мен Антарктидада ғана тіркелмеген. 

Халел Досмұхамедов жұқ­палы аурулар маманы болған­дықтан, ол ауруды таратушы және тасымалдаушы немесе оба ауруының қоздырғышын сақтаушы бүргелерді жойма­йынша бұл індеттен айығу қиын болатынын өз мақалаларында халықтың есіне салып, хабардар етіп отырған. Сол кездегі зерттеулерде, кейбір дерекке жүгінсек, 1920-1949 жылдар арасында 3476 адам оба ауруымен ауырған. Ғалым жұқпалы аурулардың маманы ретінде жүргізілген сақтандыру, емдеу шаралары, кейбір дәрі-дәр­мектер бола тұра, өз қоры­тындысын бермегенін ескерте отырып, ауру пайда болғанға дейінгі шараларды жүргізуді ұсынған. Осыған байланысты 1914-1918 жылдар аралығында жұқпалы аурудан сақтандыру, ұйымдастыру шаралары жүр­гізіле бастаған.

1918-1921 жылдары жеке­леген зерттеулерде Батыс Қа­зақ­стан өңірінде оба індеті бол­маған деп жазылады. Алайда осы жылдары Орал облысында, Қызылқоға жерінде жұқпалы індетті қадағалау болмағанын Гришин, Князевский сынды ғалымдар анықтап берді. Сол жылдары аталған жерлерде және Орал облысының көптеген елді мекендерінде сип­ной тиф, холера аурулары кең тарағандықтан , оба ауруын бақылауға мұрша болмағанын зерттеуші Генке (1925 жыл) өз еңбегінде атап көрсетеді. Оба ауруы 1923-1924 жылдары Индер ауданының Мамай төбе бөлімшесінде бір жылға созылып, көптеген адамды шығынға ұшыратқан. Ал Қызылқоға ауданының солтүстік-батысы мен оңтүстік-шығысында 1917-1922 жылдары оба ауруы тұрақты, жылма-жыл кездесіп тұрған.

Әсіресе профессор Халел Досмұхамедовтің вирусолог-дәрігер екендігін «Жұқпалы аурулар хақында» деген мақаласы айқын аңғартады. Ең алдымен ол жұқпалы аурудың қалай пайда болатынын былай деп көрсетеді: «Алла тағаланың жер жаһанға жіберген аурулары бар, бұл аурулардың бір қатары жұқпайды, бір қатары жұқпалы. Жұқпалы аурулардың көбі құрт аурулар. Бір адамның ішіне, яғни қанына бір аурудың құрты кіре қалса һәм өсіп-өне­тін жұғымды орын тапса, бір құрт бірнеше минөтте бірнеше мың, яғни миллион болып өсіп-өніп кетеді. Бұл құрттардың көбі уын шашады, уы қанға таралып, адамды ауру қылады». Жұқпалы аурулардың ауыздан аққан сілекей, түкірік, қақырық, құсық, мұрыннан аққан су, арттан шыққан нәжіс, қан ар­қылы тарайтынын ескертеді. Со­нымен бірге жұқпалы ауру­лардың құрттары адамға жұқ­қан соң бір қатар уақытқа де­йін ауырта қоймайды. Бұл құрт­тарға өсіп-өнуге уақыт керек. Шуманың құрты жұққан соң 3-5 күнге дейін ауыртпауы мүмкін. Шешек жұққан соң бір жұма, яғни он күн білінбей жүреді деп қаперге береді.

Вирусолог-дәрігер Халел Дос­мұхамедов жұқпалы ауру­лардан сақтану жолдарын да көрсеткен: «Адам­ның ішкі са­райы сау болса, дені таза бол­са, тамағы тоқ болса, ауру жұқпасқа, жұқса да ауырмасқа себеп болады. Науқас адамдарға, нашар адамдарға, аш адамдарға жұқпалы аурулар да жұққыш болады. Киімі бүтін, суықта жылы киім киген, үсті-басын таза ұстаған, моншаға түсіп жуынған, қолын-бетін жиірек сабындап жуған ауру жұқпасқа себеп болады. Көп кісімен қа­тынасқан, әр үйге қыдырып та­мақ ішкен, көп адаммен бір та­бақтан тағам жескен адам әр­түрлі аурулардың жұғуына себеп болады».

Көріп отырғанымыздай, Ха­лел Досмұхамедов кәсіби ви­русолог-дәрігер ретінде жұқ­палы ауруларға қатысты қа­зақ халқының жағымсыз қасиет­теріне көп мән береді. «Қазақта науқастың көңілін сұрайтын әдет бар. Аурулы болған кісінің көңілін аулаған жақсы десек те, жұқпалы аурулардың көңілін сұраймын деп ауырған кісінің қасына бару жарамайды», дейді.

Осының өзі көп нәрсені аң­ғартып тұр. Айтпағымыз, бү­гінде жаһанға жайылған жаппай індетті жеңіп шығуда Халел Дос­мұхамедов еңбектерінің ма­ңыз­дылығы айрықша.

Өткеннен сабақ алу қай уақытта да артықтық етпейді.

 

Айдар САБЫРОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, педагогика кафедра-лабораториясының доценті