Руханият • 13 Қазан, 2020

Академик арқалаған аманат

860 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

1946 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы құрылғанда оның мүшесі ретінде сайланған 14 академиктің ішіндегі ең жасы, президиум мүшесі, Қоғамдық ғылымдар бөлімінің төрағасы, 1951-1956 жылдары Ғылым академиясының вице-президенті, Қазақ КСР-нің ғылымына еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Нығмет Тінәліұлы Сауранбаевтың туғанына биыл 110 жыл толады.

Академик арқалаған аманат

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Ғалымның халқына сіңірген ерен еңбегі мен атқарған қызметтері, ғылыми жұмыстары мен ұстаздық ұлағаты туралы мақаланы жұртшылық назарына ұсынып отырмыз.

ХХ ғасырдағы ғылым мен білім, тіл мен әдебиет, мәдениет пен тарих салала­рын­да есімдері елге кеңінен танымал бол­ған А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Х.Дос­мұ­ха­медұлы, М.Әуезов, Т.Шо­нанов сынды ғалым­дардың ізбасар­лары ретінде, олардың игі де өнегелі істерін жалғастыру барысында бір топ тіл мамандары: І.Кеңесбаев, Н.Сау­ранбаев, С.Аманжолов, М.Балақаев, Ғ.Мұ­сабаев, А.Ысқақовтар келіп қо­сылды. Солардың бір белгісі Н.Сау­ранбаев болғаны көпке бел­гілі. «Тума талант, дарынды ғалым Н.Сау­ранбаевтың ғылыми-ұстаздық қыз­метінің ша­рықтап даму кезеңі оның 22 жасынан бастау алады», деп жаз­ды белгілі шәкірті, филология ғы­лым­дарының докторы, профессор Ә.Құрыш­жанов.

Қазақ ғылымы мен білімінің өр­леп өсу, өркендеу кезеңінде, әсі­ресе білімді де білікті жас маман­дардың тапшы болып тұрған ша­ғында мемлекетіміз бен үкімет Н.Сау­ранбаевқа зор үміт артып, оған күрделі міндеттер жүк­тейді. Ғылымды дамыту бары­сында ұйымдастырушылық қабі­леті ширақ та алғыр, іскерлігі, білім­дарлығымен көзге түсіп ерекшеленген жас ғалым 28 жасынан-ақ үзең­гілес, қызметтес болған Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, І.Кеңес­баев, С.Аманжолов, Ә.Марғұлан, М.Ба­лақаев, Ғ.Мұсабаев, А.Ысқақов, Ғ.Бе­галиев, Ж.Досқараев, С.Жиен­баевтармен бірлесе жүріп еңбек етті.

«Талапты ерге нұр жауар» де­гендей, 1940 жылы ол «Қазақ тілін­дегі кө­семшелердің семантикасы мен функ­ция­сы» деген еңбекті орыс тілін­де жазып бітірген соң Ле­нин­град қала­сындағы Н.Я.Марр атындағы Тіл мен ойлау институтында кандидаттық дис­сертация қорғап, филология ғы­лымдарының кандидаты деген ғылыми дәрежеге ие болды. Бұл еңбегі «Қазақ тіліндегі көсемшелер» деген атпен 1940 жылы жарық көргені бар. Осы­дан үш жыл өткен соң ғалым, 1943 жы­лы жоғарыда аталған институттың докторлық диссертация қорғайтын кеңесінде «Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі» деген тақырыпта орыс тілінде жазылған еңбегі бойынша докторлық диссертация қорғап, қазақ ғалымдарының арасында тұңғыш рет 33 жасында филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алғаны баршаға мәлім. 1948 жылы бұл еңбегі жеке кітап болып баспадан шықты.

Талантты да тағылымы зор ға­лым Нығмет Сауранбаев қайрат-жігер, күш-қуатын, табиғи қабілеті мен барша білімін сүйікті еліміздің ғылым мен білімін, ғасырлар бойы халықпен бірге жасап келе жатқан бай мәдениетін, ұлттық тілін көркейтіп дамытуға бағыштады.

Ол өзінің толық мәндегі филолог екендігін, яғни әдебиетші және тіл ма­маны (тілші) екендігін құнды да мән­ді, аса маңызды еңбектері арқылы көрсете білді. Оған дәлел – біріншіден, әдебиетші ретінде оның жас кезіндегі ақындығы мәлім болса, екіншіден, Абай, Жамбыл шығармаларын зерттеуі, олардың таңдамалы еңбектерін жа­рыққа шығарып, жауапты редакторы болуы, сондай-ақ халық ауыз әде­биетін зерттеуге ынтала­нып, Өте­ген батыр, Мұрын жырау туралы көлем­ді мақалалар жазып, «Қы­рым­ның қырық батыры» туралы ізденіске бет бұруы, болашақ­та әде­биет саласында атқармақ іс-жос­пары­ның жасалуы толық айғақ.

Тілші – тіл маманы ретінде Н.Сау­­ран­баев ұлттық әліппе мен ем­лені жүйелеу, біріз­­ділендіру орфо­­­графиялық норма мен емле қиын­­дық­тары жайында зерттеулер жа­саған ұлт жанашыры болғаны жөнінде өз за­ман­дастарының пікір­лері мен қолынан шыққан еңбектері толық куә.

Ғалымның қазақ тіл білімінің фонетика, морфология, синтаксис, лексикология, лексикография, терминология, тіл тарихы, әдеби тіл, диалектология, тілдердің қа­рым-қатынасы тәрізді күрделі салалары бойын­ша ғылыми-көпшілік еңбектер жаз­ған озық ойлы ғалым ретінде танылып, айтар­лықтай табыстарға қол жеткізгенін еңбектері тізімінен анық көреміз.

Ғалым-ұстаздың білім беру ісі бо­йынша мектеп оқушылары мен пед­училищелердің студенттеріне ар­нал­ған оқулықтары мен оқу құралда­ры, мето­дикалық бағдарламалар мен жаңа бағыттағы методологиясы, әдістемесі оның әдіскер екенін айқындап, оқу ісінде мәлім болғаны көпке аян.

Академик Н.Сауранбаев ғы­лымды білім­мен ұштастыра, жал­ғастыра біліп, ұлт мамандарын бау­лып тәр­биелеу мақсатында: Қа­зақ ұлттық уни­верситетінде, Абай атындағы педа­гогикалық инс­титутта, Қыздар педа­гогикалық инс­титутында негізгі қыз­меті­нен қол үзбей жүріп дәріс беріп, мың­даған шәкірттерге білім нә­рін шашып, айтарлықтай үлес қос­­қан ұстаз. Ол ғылымның қара ша­ңыра­ғын көтерісуде: Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Ә.Мар­ғұлан, І.Кеңесбаев, А.Жұбанов сын­ды ғалымдармен бірге болған үзең­гілес құрылтай­шы, қоғамдық ғылымды зерттеуді ұйым­дастырушы басшы, ха­лықтар достығын діттеген сарабдал қай­раткер, барша болмыс тірлігімен біте қайнасқан қайтпас қайсар интернационалист.

Заңғар ғалым Н.Сауран­баевтың туып-өскен ел-жұрты қазақ тари­хында есімдері белгілі атақты тұл­ғалар шыққан Тараз өңірі. Ол 1910 жылдың жаз айында Қордай ауданының Шар­бақты ауылында кедей шаруа Сау­ранбайдың отба­сында өмірге кел­ген. Соңғы бір дерекке жүгінсек: «Сау­ранбай қарт қазақтың төбе биі – Төле би­дің тікелей ұрпағы екен» (Г.Ма­мыр­бекова. Н.Сауранбаев­тың ба­лалық шағы// Ұлы дала тұлғалары: ака­демик Н.Т.Сауранбаев. А. 2014, 7 б.)

Нығмет Тінәліұлы бұрынғы Қа­сық ауы­лын­дағы орта мектепте оқып, тың­ғылықты білім алып жүр­ген кезінде-ақ, талапты әрі зейінді оқушы ретінде көзге түседі. Өзі қол­дан жасап алған қалақтай домбыраны тартып, ән салуға әуес те құмар болыпты. Бұл туралы елі­нің азаматы М.Тоқбергеновтің «Бі­лім және еңбек» журналында (1973, №5): «Нығмет жас­тайынан өнерге, ақын­дыққа жаны жақын болды. Тіпті он жасында домбыра жасап алып, үлкен шаршы топтың алдында үнемі төгілдіріп ән салатын. Нығыметтің ән­шілігіне сүйінген жұрты оны жасынан бастап-ақ «өлеңші бала» атап кеткен дегенді оқимыз.

Сол өңірдегі беделді де белгілі ел аға­ла­рымен де тіл табыса жүріп, атақ­ты адам Тілеміс Есполұлымен де сыйлас болған екен. Жас ақын Нығмет өзі­нің бір жазбасында: «Тілеміс өте ше­шен, өзі сықақшыл ақын болған адам. Бұрын би болған, қазақ тарихын жүй­рік білген. Мұ­сылманша 10-12 жасымда жиын-тойда өлең айтып жүріп талай рет көргенмін. Үйінде болып, талай ән салғанмын. Тілеміс ол кезде қар­тайған еді, бірақ бұрынғы ерлігі, се­рілігі, шешендігі, сықақшылдығы қал­маған еді» дейді Ғылым академиясы ар­хивіндегі өзінің архивінде.

Сол бір кездерде «өлеңші бала» Нығмет дүбірлі той-думандарда өз жанынан өлең шығарып, қалың жұрт­ты аузына қаратып, тамсандырып та таңдандырып жүреді. Кей кездерде бәйгеге ие болып, жеңіп алған жорға атына мініп қайтатын күйге де жетеді. Сол кездері «өлеңші бала» Кенен атасының көзіне түсіп, қамқорлығына ие болып, үнемі бір­ге болып, ел аралайды. Кенекең бол­са Нығметті Жамбыл ата алды­на да апарады. Даңқты ақын ата да «өлеңші баланың» өлеңдерін тың­дап, ақ батасын береді.

Кенекеңнің қасында үнемі бірге жүріп, аталық қамқорлығына разы бол­ғанын білдіргендегі Нығмет Тінәлі­ұлы­ның Кенен ата туралы өлеңі Ғылым академиясындағы ар­хиві – академик Н. Сауранбаев ар­хивінде барын көрдік. Оның қыс­қаша нұсқасы:

«Айбарлы, асқар белім, қуат кенім,

Шарықтады күш алып, сенен елім

Өзің – күш, жарық – сәулең,

көркің – бақыт,

Рухыңмен жаңарды Совет елім.

 

Жарығым сен де аспанда, мен асқарда,

Балапан ем, біткенде сен аспанға

Құрыш білекті, жау жүрек бала бүркіт,

Боп өстім, сенен түскен Нұр астында».

Жамбыл мен Кенен аталары Нығ­­метке осы өнерін шыңдай беру туралы аталық ақыл-кеңестерін бергенмен, өнерлі де өрелі жастың ой-арманы білім алып, ана тілін ардақ тұтып, тіл маманы болуды шын жүрегімен қалайды. Сөйтіп, 15 жасынан білім қуып Алматыға келеді де 1925-1928 жылдары ҚазКРО оқу-ағарту инс­титутының дайындық курсына оқуға түсіп, оны бітірген соң 1928-1932 жылдары ҚазКРО халық-ағарту институтын өте жақсы оқып, мамандығы бо­йынша диплом алған соң ҚазКРО оқу-ағарту комиссариатының инспекторы болып қызмет атқарады.

Қызыл армия қатарына шақы­рыл­ған ол 1933-1934 жылдары 24 ат­қыштар дивизиясы, 71 ат­қыштар пол­кінің курсанты ре­тін­де әскери боры­шын Виница қала­сында өтей жүріп, 1935 жы­лы Ленинград (қазіргі Санкт-Петер­бург) қаласының А.И.Гер­цен атын­дағы мемлекеттік педагоги­калық институттың филология фа­куль­те­тіне сырттай оқитын студент бо­лып қабылданады. 1935 жылы Н.Сау­­ранбаев осы институттың 1 және 2 курстарына қатар емтихан тап­сырып, оның 3 курс студенті болады. Сол жылы РСФСР оқу-ағарту комис­са­риатының жанындағы ғылыми-зерт­теу институтының Ле­нинградтағы бө­лімшесіне барып аспирантураға қа­былданады. Ол аспирантура программасын өте жақ­сы аяқтап, 1938 жылы Қазақстан оқу-ағарту халық комиссариатының қарамағына қыз­метке қабылдана­ды. Сол жылдың екін­ші жартысында ұйымдастырылған оқу-ағарту комиссариатының мектептер жө­ніндегі ғы­лыми-зерттеу инс­ти­ту­тының ғылыми жұ­мыстар жөнін­де­гі директорының орынбасары бо­лып, 28 жастағы Н.Сауранбаев бе­кі­тіледі де 1941 жылға дейін еңбек­тенеді.

1941-1946 жылдары КСРО Ғы­лым ака­демиясының Қазақ филиа­лын­да алғаш құ­рылған тіл, әдебиет және тарих инс­титу­тының дирек­торы болып Н.Сауранбаев та­ға­­йындалады да жас маман көптеген жауап­кершілікті сезінеді. Әлбетте жаңадан құ­рыл­ған, іс-шарасы қа­уырт та мол ғылыми-зерт­­теу инсти­тутының қыруар жұмысын тез арада жандандырып, жолға қою, бір қалыпқа келтіру оңай шаруа бол­мағаны кімге де болса аян. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген ғой халық да­налығы. Ғылыми-зерт­теу жұмы­сының сапасын арттыру мақ­са­тында М.Әуезов, І.Кеңесбаев, С.Аман­жолов, Ә.Марғұлан, М.Ғаб­дуллин, Ғ.Мұсабаев, Е.Смайылов т.б. ғалымдарды қызметке тартып, ізгі істерді бірге де бірлесе істеуге бел байлап кірісудің нәтижесі зор болып, оңды істер атқарылды. Инс­титут қыз­меткерлері мен оның ди­ректоры тарапынан осы кезде атқа­рылған аса ірі де күрделі жұмыс – Ұлы Абайдың жүз жылдық мерейтойын өткізуге жаппай кірісіп кеткен қауырт іс еді.

Н.Сауранбаевтың осы кезде қа­ламынан туған «Абай жаңа көр­кем әдебиеттің атасы» көлемді де ма­ңызды әрі соны мақаласы «Социа­листік Қазақстан» газетінде (1945 ж. 8 сәуірде) жарық көреді. Ол об­лыс­тық газеттерде: «Социалистік құрылыс (1945 ж. 8 апр.)», «Ленин туы», «Оңтүстік Қазақстан (1945 ж. 8 апр.)», «Большевиктік жол» газет­те­рінде басылып шықты. «Абай осново­полжник новой казахской лите­ратуры» деген мақаласы Ғылым академиясының хабаршы журналында, «Казахский классик» ма­қаласы «Литературная газета (1945, 11 авг.)», «Основополжник но­вой казахской литературы» (к 100 летию со дня рождения Абая) «Ка­захстанская правда» газетінде (1945, 25 марта), «Ленинская знамя» (1945, 14 апреля) сияқты мақа­лаларының газеттерде жариялануы – сол кезде аспаннан алтын түскендей болғаны сөзсіз.

 

Телғожа ЖАНҰЗАҚ,

филология ғылымдарының докторы, профессор