Аймақтар • 13 Қазан, 2020

Жасыл желекпен абаттандырылады

305 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Басын ақ қар басқан Алатаудың баурайындағы ару Алматыда абаттандыру жұмыстары бүгінде қай деңгейде? Бұл туралы жақында Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз турында белгілі болды.

Жасыл желекпен абаттандырылады

Баспасөз турына қатысқан БАҚ өкіл­дері қаладағы саябақтар мен гүлзарлар­ды аралап, «Жұмыспен қамтудың жол кар­тасы – 2020» бағдарламасы мен «Бюд­жетке қатысу» жобасы аясында жа­­салып жатқан жұмыстармен таныс­ты. Бүгінде қаладағы саябақтар мен гүл­зарлар ересектер мен балалардың пайдалы уақыт өткізу орнына айналуы үшін қала тұрғындарының пікірлері ескеріліп, жұмыстар жүргізілуде.

Ең алдымен қаланың Бостандық ауда­­­­­нындағы Тимирязев-Шашкин көше­ле­рінің қиылысында орналасқан «Дос­тық» саябағына бардық. Мұнда «Жұ­мыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында абат­­тандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.

1

– Саябақты абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Ендігі кезекте «wor­kout» спорт алаңы, балалар ойын алаңы, итпен серуендейтін арнайы жер, жарық­тандыру жұмыстары, жолға асфальт, текшетас төсеу жұмыстары қалды. Бар­лық жұмыс қараша айының соңында аяқ­талады деп күтілуде. Ал абаттандыру жұмыстары жергілікті тұрғындармен ақылдаса отырып жүргізілуде. Сондай-ақ 370 түп ағаш отырғызылатын болады, – деді «Достар» құрылыс компаниясының өкілі Азат Естаев.

Осыдан соң Алмалы ауданында орна­ласқан «Ганди» саябағының баты­сындағы гүлбақ пен «Махаббат» гүл­зарына жол тарттық. Алмалы ауданының көрік­тен­діру бөлімінің басшысы Төле­ген Әкім­хан «Ганди» саябағының баты­сындағы гүл­бақты абаттандыру жұмыс­тары «Бюд­жетке қатысу» жобасы аясында тұр­ғындардың ұсынысымен жүзеге асып жатқанын жеткізді.

– Қазіргі таңда резеңке мен текшетас­тан төсем төселіп, аумақты асфальттау жұмыстары, орындықтар мен қоқыс жә­шіктерін орнату, қалпына келтіру жұмыс­тары жүргізілген. Сондай-ақ саябақта «workout» спорт алаңы, тренажерлер, екі спорт аймағы, балалар алаңы орнатылды. Жарықтандырылған саябаққа сан түрлі сәуле шашатын тіреулер мен шамдар, 24 шырақ, сәнді сәуле үлгісіндегі 8 шырақ орнатылды. Бұдан бөлек 100 түп ағаш отырғызылды. «Махаббат» гүлзарында да көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, ағаштар мен көпжылдық бұталар, көгал­дар отырғызылды. Жарықтандыру қам­тамасыз етілді.

1

Келесі кезекте Медеу ауданындағы «28 панфиловшы гвардияшылар» сая­­бағына барып, саябақ аумағын абат­тан­дыру жобасымен таныстық. Жоба «Жұ­мыспен қамтудың жол картасы-2020» мем­лекеттік бағдарламасы аясын­да жү­зеге асуда. Саябақ аумағын абат­тан­дыру кезінде ауданы 17 мың шар­шы метрден асатын асфальтбетон жабы­нын ауыстыру, 373 жарықтандыру тіректерін орнату, ауданы 3 600 шаршы метрден асатын ­тротуар плиткаларын орнату, 59 мың шаршы метрден асатын аумақты көгалдандыру көзделген. 103 жаңа орындық орнатылып, 23 ретро орындық қалпына келтіріледі, сондай-ақ ұзындығы 2100 п.м. дренаж жүйесін қайта құру бойынша жұмыстар орындалады, бүгінде жұмыс көлемінің 75%-дан астамы аяқталды. Шамамен аяқталу мерзімі қазан айының соңына дейін екен.

«Негізінен саябақ аумағында жарық­тан­дыруды ауыстыру және жалпы жақ­сарту жұмыстары жүргізіледі. Жаяу жүр­гіншілер мен тротуарлық жолдарды ауыс­тыру қарастырылған. Шағын сәулет нысандары да ауыстырылады», деді қалалық жайлы орта бөлімінің басшысы Руслан Кемелбаев. Оның айтуынша, бүгінгі таңда саябақ аумағындағы ескі дуал­дарды қалпына келтіру бойынша компаниямен келісімге қол қойылды. «Қалпына келтіру кезінде бұл жерде қоршауларда 20-дан астам бояу қабаты, бірінің үстіне бірі жағылғаны анықталды. Мердігер ұйым арнайы жабдықтарға ие кәсіби базасы бар компанияны тапты, ол қалпына келтіру­ді жүргізеді», деп түсіндірді Р.Кемелбаев.

Баспасөз турына қатысушылар осыдан соң Түрксіб ауданында орналасқан «Жас қанат» шағын ауданындағы саябақ пен «Маяк» ауылына рекреациялық аймақтар құру бойынша жұмыстар жүр­гізіліп жатқан «Әуежай» көлінің айма­ғына барды. Қалалық «Жасыл эко­номика» басқармасының басшысы На­талья Ливинскаяның мәліметінше, көгал­дандыру алаңы 170 мың шаршы метрді құрайды. Қайта құру кезеңінде 70 жұмыс орны құрылды. 22 976 шаршы метр алаңға абаттандыру және көгалдандыру жүргізілді. Автокөліктерге арналған 30 орындық тұрақ аймақтары және велосипедтерге арналған тұрақ бар. Аумақта спорттық нысандар, «workout» алаңдары, шағын футбол және стритбол алаңдары, паркур алаңдары, балалар алаңдары салынды. Сондай-ақ 125 орындық, 130 қо­қыс салғыш, орындықтары бар 8 үстел орнатылды.

Алматы қаласының өңірлік коммуни­ка­циялар қызметі ұйымдастырған баспасөз турынан кейін тікелей эфирде өткен брифингте Алматы қаласының Жасыл экономика басқармасының бас­шысы Наталья Ливинская қаланы көга­лдандыру бойынша бүгінде нақты атқа­рылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, журналистердің қойған сұрақтарына ­жауап берді.

«Бүгіннен бастап біз күзгі көшет отыр­ғызуға кірістік. Жұмыс биыл 20 қа­­рашаға дейін созылады. Шамамен 290 мың көшет отырғызу жоспарлануда. Жасыл желектердің басым бөлігі Алатау, Наурызбай, Жетісу аудандарына отырғызылады», деді Н. Ливинская.

Айта кету керек, жасыл желек отыр­ғызуға ниет­ті әрбір қала тұрғыны бұл шараға қа­тыса алады. Ал желек отырғызу кес­тесі басқарманың ресми сайтында жария­ланған.

Қазіргі таңда «Алматы-2050» даму стратегиясын атап айтқанда, «Адамдарға арналған қала» қағидатын іске асыру шеңберінде мегаполисте айтарлықтай жұмыстар атқарылуда.

1

 

Думан АРҒЫНГЕЛДІ,

журналист