Өнер • 13 Қазан, 2020

«Планета қауіпсіздігін пайымдау» (Алматыда британдық фотограф Мэнди Баркердің көрмесі ашылды)

267 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда тұңғыш рет көптеген беделді марапаттардың иесі, әйгілі эко-фотограф Мэнди Баркердің көрмесі ашылды. Телли галереясында қазақстандық фотосурет өнерін бағалаушыларға ұсынылған Мэнди Баркердің теңіздердегі пластикалық қалдықтар туралы фотосуреттері соңғы 10 жылда бүкіл әлемге танымал болды.

«Планета қауіпсіздігін пайымдау» (Алматыда британдық фотограф Мэнди Баркердің көрмесі ашылды)

Бұл туындылар барша адам­затқа сұлулықты күтпеген жер­ден де көруге болатынын көрсетті. Оның жұмысының біре­гейлігі – қалдықтарды керемет өнер туындыларына айналдыру. Көрермендердің көбі алдында тұрған пластикалық бейнелердің фотосы екенін бірден түсіне алмайды.

Баркердің фотосуреттері әсер­лі. Оның жұмыстары 40-тан астам елдің баспаларында, соның ішінде National Geographic журналы, TIME жур­налы, The Guardian, The Financial Times және басқа да көптеген баспасөзде жарияланды. М.Баркер БҰҰ-ның штаб-пәтерінде, Лондондағы Виктория мен Альберт мұражайында және Гонконгтағы ғылыми-техно­ло­гиялық паркінде, жалпы әлем бойынша көптеген көрме өткізді.

Батыл да көркем көзқарас және жетекші ғалымдармен, жалпы қоғаммен және ең беделді табиғат қорғау ұйымдарымен ынтымақтастық Мэнди Баркерді бірегей фотограф әрі белсенді ретінде танытты. Ол маңызды әлемдік саяси және экологиялық конференцияларда сөз сөйледі, Стэнфорд университетінде дәріс оқыды. Баркер жұмысының мақсаты – біз өмір сүріп отырған әлемге қамқорлықтың маңызын және болашақ ұрпаққа табиғатты сақтау қажеттілігін көрсету.

– Қазір Қазақстанда қорша­ған ортаны қорғау мәселелеріне көбірек көңіл бөлінетіні қуан­тады. Біз Мэнди Баркердің тұ­тыну жауапкершілігі туралы туын­дыларын тағы бір рет еске салып, жастарды экологиялық мәселелер бойынша тәрбиелеуді көздедік, – дейді Telli Kazakhstan директоры Жанар Аленова.

Қазақстандықтарды заманауи фотосурет шедеврлерімен таныстыру үшін 2015 жылы Алматыда Telli галереясы ашыл­ды. Жаһандық экология тақырыбы – Telli Gallery көр­ме бағдарламасындағы бас­ты тақырыптардың бірі. Өнер қарым-қатынастың бір түрі ретінде тәрбиелеуге және қа­жет­ті ақпарат беруге қабілетті. Мэнди Баркер пластикті тұтыну мен оның зиянды әсері туралы өзінің туындылары арқылы өзгелермен қатынасқа шығады. Көрменің кішкентай келушілері үшін әлемнің үлкен картасы жасалды, онда балаларға қоқысты дұрыс сұрыптауды ойын түрінде үйретеді.

Достық даңғылы, 250 мекен-жайы бойынша орналасқан Телли галереясы Ұлыбританиядағы ең танымал фотограф жұмысының ғажап эстетикасын бағалауға шақырады.