Өнер • 13 Қазан, 2020

Қасымханның ән төбесі

809 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сынаптай зырғыған уақыт бәрін ұмыттырады дейді. Жас қартаяды, дүние ескіреді, көне жоғалады. Яғни тірлікте ештеңенің мәңгілік баяны жоқ. Бұл, әрине ғарыштық өлшеммен қарағанда. Алайда жақсы адамдар һәм жақсы шығармалар, жақсы әндер ұмытылмаса, кейінгілердің көңіл түкпірінде сақталса екен дейсің. Қазақ өнерінің бергі тарихында тасада қалған немесе өмірден ерте озған таланттар баршылық. Қазіргі ұрпаққа беймәлім сол да­рындарға іздеу салып, өмірінен бір үзік сыр тарту мақсатында біраз уақыттан бері «Ұмытпаңдар мені» айдарын қайта жаңғыртқан едік. Осы орайда ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбай сазгер Қасымхан Асанов туралы әсер­лі әңгімесін баяндап берді.

Қасымханның ән төбесі

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ер-тұрманы арқасын қажаған тұл­пардай өмірі өкініш пен өксікке толы, қолдаусыз, қорғаусыз кеткен аға­лар­дың бірі – белгілі сазгер Қасым­хан Аса­нов. Арқаның сері самалындай кер­без әндердің иесі еді ол. Кез келген та­ланттың өз болмысы, өз табиғаты болады. Оның нәзік жанын таскерең қоғам, тасмаңдай тағдыр аялай қойған жоқ.

...Қарамашы, қадамашы, көзіңді,

Өткір тентек оятарсың сезімді.

Ой түбінде жанып кетсе

лапылдап

Ая, мені, ая, сәулем, өзіңді...

Ән тербетіліп барып көкке қалық­тайды. Сен де әнмен бірге бақыт құша­сың, көңіл айдынының аққулары қанатын қағады. Осы әнді сан мәрте тыңдағам. Артына ән мектебін тастап кеткен әйгілі әнші, ұстазым Игілік Ома­ров Қазақ радиосының эфи­рінен орын­дайтын. Мектеп жиын­­дарында да дара домбырасын, қара домбырасын аялай шертіп «...қарамашы, қадамашы, көзіңді» деп ерке сылқым бір әнге басқанда, ақ бантикті кластас қыз есейіп кеткендей, өн бойынан тылсым бір күй төгілгендей әсерленуші едім.

Кейін халық әртісі Қайрат Байбо­сы­новтың орындауында осы ән одан да ажарланып кетті. Қайрат ағама өзім қолқалап та талай айтқызғам. Бүгінде Сейіл Аяғанов інім гитараның жеті ішегінен жеті ғаламның үнін шығарып «Ая, мені, ая сәулем өзіңді...» деп құйқылжытқанда Жайықта шалқып, қайықта тербелгендей күй кешесің.

Радио эфирінде өтетін концерттерде ара-тұра ақын Жұмағали Саинның сөзіне жазылған Қасымхан Асановтың әні «Қарамашы, қадамашы, көзіңді...» деп хабарлап жатады.

Осы ғажап әннің авторы Қасымхан Асанов кім еді? Ол – 1937 жылдың 25 ақпанында Сәкен елі – Жаңарқаның Қаражартас ауылында дүниеге келген. Балалығы дүрбелең мен дүбірге, қан майданға тап болған буынның барлық өкілі сияқты ол да елгезек, жан дүниесі жұмсақ ауыл баласы.

Сазгерлікке соқпақ салған алғашқы әндерінің, қарлығаш саздарының та­рихы жайлы 2000 жылы журналист Әлімжан Құтжанұлына берген сұхбатында өзі былай дейді: «...1956 жыл. Денсаулығыма байланысты ауыл­да жатқам. Жан серігім – домбырамды алып, ауыл сыртындағы төбеге күнде екі-үш рет шығамын. Бірде «Қа­зақ әдебиеті» газетінің кезекті санын оқып отырып, Жұмағали Саинның өлеңдеріне көзім түсті. «Қарамашы, қадамашы, көзіңді» өлеңін неше рет оқығанымды, қайталағанымды өзім де байқамай қалыппын. Тамылжы­ған табиғат, туған жердің саф ауасы, төбеде айналып ұшқан қос қарлығаш – бәрі-бәрі мынау жанары жәудіреген жарық дүниеге ғашық-тұғын. Бір сәт осы ән көкке қалықтап ала жөнелді».

Иә, нәзік те сырлы ән талайлардың жүректерін жаулап, көңілін көл-дария етті. Осы топтамадағы «Шәр­байға» деген өлеңге де әдемі ән ту­ды. Ол да Қайрат Байбосыновтың орын­дауында елге тез тарады. Содан соңғы туындыларының бірі «Ойна, балам» әні. Назы да, нақышы да бөлек үш бірдей әннің авторын бірде белгілі композитор Садық Кәрімбаев ауылға іздеп келмесі бар ма? Қасымханға Алматыға, консерваторияға баруға кеңес береді. Ауыл баласы ән бөліміне емес, актерлік бөлімге түсіп Асқар Тоқпановтың шәкірті болып шыға келеді. 1961 жылы консерваторияны ойдағыдай тәмамдаған ол М.Әуезов атындағы драма театрында екі жылдай актер болып, Қарағандыдағы С.Сей­фуллин атындағы театрға ауысады. Осында 15 жыл еңбек еткен сазгер, актер Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» спектакліне және «Отыз тиын штраф» комедиясына музыка жазады.

1973 жылдары Жезқазғанда халық шығармашылығы орталығында директор болып, Жақсыгелді Сейіловпен бір­ге әйгілі «Қаракөз» ансамблін құрысқан.

Оның «Қаражартас», «Қаракөз», «Сарысу әуені», «Қарағанды вальсі», «Кетті қайда тәтті сезім баяғы», «Жа­рыма» тағы басқа әндері кең тараған.

Кезінде Шәмші, Әсет, Мұқағали, Оспанхандармен сырласқан, сыйлас­қан Қасымхан Асанов жасы егделене бастағанда тағдырдың небір аяусыз соққыларын көрді. Әуелі өзі Әсия деп атайтын жеңгеміз (корей қызы) мәңгілік сапарға аттанды. Саз­гер жанын перзенттері түсінбеді. Өмі­рінің соңғы жылдары рухы түсіп, берекесі қашты. Кешегі «Қарамашы, қадамашы көзіңді» сияқты сері әннің авторы Шұбаркөл көмір кенішінде қарауыл болып зейнетке шыққанға дейін көрешегін көріпті.

– Шәмші досымның өмірден озға­нын Шұбаркөлде, күзетте тұрып ес­тідім. Айдала, түн іші болатын. Жы­лап тұрып, көкке қарата үш мәрте мыл­тық аттым. Менің жанымды кім түсінсін, бастықтар кезекті рет сөгіс берді, – дей­ді екен, жарықтық.

Жары қайтқан соң ұрпақтан да, жа­қыннан да қайыр көрмеген Қасымхан сазгер 2005 жылы өз-өзін жеп тынды...

Қаражартас ауылының қасындағы «Қарамашы, қадамашы көзіңді» деп қарлығаш әуенін қалықтатып, көңі­лін көкке шарықтатып маң даланы тер­беген бозбала сазгер жиі баратын сол төбені жерлестері әлі күнге «Қасым­ханның ән төбесі» деп атайды екен. Ал кейбіреуге Қарағанды вокзалында ша­рап ішіп шайқалып жүретін қартаң тарт­қан қаңғыбас адам елестейтін шығар...

Иә, солай «Қасымханның ән тө­бесі!»