Аудандық білім бөліміне қарасты Саудакент ауылындағы техникалық шығармашылық орталығының директоры Мұхтар Мелдеевтің айтуынша, мектептердегі «Авто-21» үйірмесіне 10-11 сыныптың оқушылары қатысады екен. Нәтижесінде Әйтеке би атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Бақтияр Тұрғанбаев «Ауылшаруашылық техникалар мен жабдықтар саласындағы техникалық құрастыру» аталымы бойынша «Шағын трактор» тақырыбындағы жұмысын сәтті қорғап шыққан. Сонымен қатар жас өнертапқыштың жұмысына Сапарғали Байулиев жетекшілік етіп, оқушыға нақты бағыт, бағдар беріп отырған.
Бүгінде аталған ауылдағы техникалық шығармашылық орталығында оқушыларды инженерлік мамандыққа баулу жұмыстары жүргізілуде. Мұндағы жұмыс өзінің нәтижесін беріп те үлгерді. Ал Бақтиярдың құрастырған бұл тракторы арық қазып, жер жыртуға қолайлы екен. Сондай-ақ ол жанармайды да аса көп қажет етпейтін техника. Бүгінде әртүрлі техниканың бөлшектерінен құрастырылған шағын тракторға аудандағы диқандар да қызығушылық танытып отыр. Алдағы уақытта өзі шағын, өзі үнемшіл техника жергілікті шаруалардың кәдесіне жарауы мүмкін.
Жамбыл облысы