Қоғам • 13 Қазан, 2020

Пандемия кезінде қызмет көрсету кеңейді

319 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Коронавирус пандемиясы жекелеген адамдардың санасына ғана емес, мемлекеттің саясатына, экономикалық жағдайына ерекше әсер етті. Індеттің таралуы отандық экономиканың әр саласына түбегейлі өзгеріс әкелді. Барлық еңбек ұйымдары алдағы жылдарға жариялаған жоспарын бұзып, жұмыс режіміне бұған дейін болмаған тың тәжірибелер енгізе бастады.

Пандемия кезінде қызмет көрсету кеңейді

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Індеттің таралуына байланысты елімізде карантин режімі енгізілген кезең елдегі ең ірі қоғамдық ұйым саналатын «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің қызметі үшін сынаққа толы болды. Қауіпті вирустың етек жаюына жол бермеу мақсатында мемлекеттік комиссия шешімі негізінде білім беру ұйымдарының қызметі уақытша тоқтатылып, жоғары, кәсіптік және техникалық, жалпы орта білім беру ұйымдарында қашықтан оқытуды енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл жағдай еңбек қатынастарын ұйым­дас­ты­руда бірқатар қиыншылық туғызып, жұмыс күшін босатуға әкеліп соқты.

Жұмыс берушілер жағдайды реттеу­дің қолданыстағы құқықтық құрал­дары: қа­шықтан жұмысты ұйымдастыруға, толық емес жұмыс уақытын енгізуге, жұ­мысты тоқтатуға, қызметкерлерге ақы төленетін демалыстар, жалақы сақ­тал­майтын демалыстар беруге мәжбүр болды. Дәл осы қысылтаяң кезеңде кә­сіподақ ұйымдарының алдына сала қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, олардың кірістерінің деңгейін барынша сақтау секілді маңызды міндет қойылды. Әдеттен тыс шаралар қабылдау қажет­ті­лігі туындады.

Кәсіподақ саланың жұмыс беру­ші­ле­рі­не жұмыскерлерді еңбекақыларының қол­даныстағы көрсеткіштерімен қам­тамасыз ету, ақысы төленбейтін дема­лыс­тарға жіберуге жол бермеу, жыл сайынғы ақылы еңбек демалыстарын беру және қолдану кезінде заңдылық ре­жі­мін қамтамасыз ету талабымен үн­деу жасады. Төтенше жағдай және карантин режімі кезінде жұмыс беру­ші­лердің ықтимал іс-әрекеті туралы нұсқаулықтар әзірлеп, түсіндірмелер берді. Салалық кәсіподақтың құқықтық қызмет бөлімінің мамандары жедел түрде жұмыстың бос тұрып қалу режі­міне ауыстырылған қызметкерлерге төлем төлеу, демалыстың барлық түрін беру тәртібі мен оған төленетін ақы және еңбек қатынастарының басқа да мәселелері бойынша түсіндірмелер әзір­леп, БАҚ беттеріне және әлеуметтік желі­лерде жариялады.

Қызметкерлердің құқығын бұзушы­лық­ты анықтау және оны тез арада жою мақсатында барлық әлеуметтік желілердің жүйелі мониторингісі жасалып, Facebook, Instagram, Telegram желілерінде ашық топтар құрылды. Кәсіподақ өкілдері аптасына жеті күн ішінде, демалыссыз, қызметкерлер мен жұмыс берушілерге телефон және интернет байланыс желісі бойынша кеңес беруді күнделікті жұмыс тәр­ті­біне айналдырған. Әсіресе, білім беру ұйымдарында қашықтан оқыту режі­мі енгізілген мерзімнің алғашқы кезең­дерінде сала қызметкерлерінің кәсіподаққа жүгінген жағдайы жиіледі. Мәселен, 25 наурыз бен 25 мамыр аралығында құқықтық қызмет мамандары сала қызметкерлеріне 15 мыңнан астам кеңес берді. Мыңнан астам жазбаша өтінішті қарады.

Қиын жағдайларда қолданылатын маңызды құралдардың бірі – әлеуметтік әріптестік жүйесі. Мысалы, еліміздің көптеген өңірінде салалық аймақтық келісімдер әзірлеу кезінде Кәсіподақтың ұсыныстары ескеріліп, қызметкерлердің жұмыстың бос тұрып қалуы кезінде Еңбек кодексінің нормаларымен көз­дел­ген мөлшерден артық төлемдер алуы­на мүмкіндік жасалды. Бұл күрделі кезеңде жұмыскерлердің мүддесін таныту бағытында атқарылған үлкен жұмыстардың бір парасы.

 

1191 қоғамдық бақылау – 1093 заңбұзушылық

Кәсіподақ қызметінің негізгі бағыт­та­рының бірі – сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау. Бұл бағытта салалық кәсіподақ жыл сайын жүйелі жұмыс жүргізіп келеді, қол жет­кізілген табыстар да аз емес. Мәселен, биылғы алғашқы жартыжылдықта кә­сіподақтың мүшелік ұйымдарының құ­қықтық қызметтері білім беру ұйым­да­рында еңбек заңнамасын орындау бойынша 1191 қоғамдық бақылау жүргізіп, 1093 түрлі еңбек заңнамасын бұзушылық дерегін анықтады. Оның ішінде 378 – айлық ақының дұрыс төленбеуіне, 229 – жұмыс уақыты мен демалу режімін бұзушылыққа, 349 – еңбек қатынастарын рәсімдеуге қатысты. Сонымен қатар жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 54 қызметкер жұмысына қайта орналастырылды, оның 3-і сот арқылы. 91 қызметкердің заңсыз жұмыстан қудалануы заңсыз деп табылды.

Салада орын алған құ­қық­бұзу­шы­лықтардың арасында еңбекақыны дұрыс есептемеу дерегі жиі кездеседі. Биыл 6 айда кәсіподақтың араласуымен сала қызметкерлеріне 653 893 331 теңге қайтарылып берілді. Бұл педагог­тер­дің еңбекақыларын, сондай-ақ педаго­ги­калық шеберлік бойынша біліктілік санатына, магистр дәрежесіне берілетін қосымша ақылар, сонымен қатар еңбек демалысының ақысы мен сауықтыруға арналған жәрдем ақының тиісті деңгейде есептелмеуі салдарынан қайтарылған қара­жат.

 

Індет кезінде қол созды

Елімізде төтенше жағдай режі­мі енгізілген тұста кәсіподақ респуб­ли­ка­лық «Біз біргеміз» науқанына бел­сен­ді қатысып, қазақстандықтарға қолұшын берді. Шұғыл түрде кәсіподақ бюд­же­тінен қаржы бөліп, ел бойынша 5 мыңға жуық отбасына көмек көрсетті. Олардың арасында көпбалалы, аз қамтылған отбасылар, ардагер педагогтер, қарттар мен мүгедектер бар. Әр өңірде кәсіподақ өкілдері оларға жеке қорғаныш құралдары – бетперделер, бір реттік қолғаптар, антисептикалық құралдар мен азық-түлік себеттерін жеткізіп берді. Осы жұмыстар аясында еріктілер күшімен 200 мыңға жуық бетперде тігіліп, аймақтарда тегін таратылды.

Салалық кәсіподақ қиын кезеңдерде кәсіподақ мүшелеріне қолдау көрсетуді игі дәстүрге айналдырған. Биыл Түр­кіс­тан облысының Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен кәсіподақ мүшелеріне қайырымдылық көмек берілді. Қиын жағдайға тап бол­ған халықты кәсіподақтың барлық ұйым­дары қаржылай қолдады. Мақта­арал­ға қайырымдылық көмек ретінде кәсіподақ бюджетінен барлығы 21 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалды. Оның 12 млн 775 мыңы кәсіподақ мүшелеріне қаржылай берілсе, 4 млн-ы Кәсіподақтар федерациясының мектептерге 100 ноутбук алуы үшін қосылды. Қалған қаражат кәсіподақ мүшелерін сауықтыруға жұмсалды.

 

Ұстаздарға –1000 ноутбук

Жаңа оқу жылына дайындықты салалық кәсіподақ жаз мерзімінен бастап жүргізеді. Өйткені сала қызметкерлері мен олардың балаларын еңбек демалысында сауықтыру, жазғы демалыстарын ұйымдастыру кәсіподақ қызметінің тағы бір маңызды бағыты болып есептеледі. Ағымдағы жылы елімізде орын алған санитарлық-эпидемиялық жағдайға байланысты, соған сәйкес карантиннің енгізілуі салдарынан демалушылар саны айтарлықтай азайды. Үкімет қаулысымен санаториялық-курорттық және емдеу-сауықтыру орталықтарында азаматтарды қабылдауға 3 маусымнан бастап рұқсат берілді. Үкімет қаулысы шыққан соң кәсіподақ мүшелеріне емдеу-сауықтыру орындарына жолдамалар таратылды. Биыл салалық кәсіподақ 12 639 қызметкерді, 1 859 баланы сауықтырып үлгерді. Атқарылған жұмыстар, педагог-қызметкерлердің жаңа оқу жылына жаңа серпінмен келуіне септігін тигізетіні сөзсіз.

Коронавирус пандемиясына байланысты жаңа оқу жылы оқушылардың басым бөлігі үшін қашықтан оқыту форматында басталды. Қашықтан оқы­ту­ды тиімді ұйымдастыру, сондай-ақ әлеуметтік әріптесіміз – Білім және ғылым министрлігінің ұстаздарды қол­дау туралы ұсынысына сәйкес, Қа­зақ­­стандық салалық білім және ғы­лым қызметкерлері кәсіподағы елдегі пе­дагогтерге көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Осы жұмыстардың аясында жаңа оқу жылы қарсаңында кәсіподақ мүшелері – ұстаздарды жан-жақты қолдау шаралары жүзеге асырылды. Республиканың жалпы білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагогтерге 1 мың ноутбук құрылғысы табысталды. Ноутбуктердің көпбалалы, аз қамтылған ұстаздарға берілгенін атап өткен жөн. Компьютерлік техни­калардың басым бөлігі сала қыз­мет­керлеріне қайта­рымсыз негізде бе­ріл­се, кейбір аймақ­та салалық ұйым ұстаз­дар­ға ноутбук сатып алуға қаржылай көмектесті.

Жұмыс нәтижесі күрделі кезеңде жаһандық сипаттағы үлкен сыннан сүрінбей өтіп келе жатқанының айқын дәлелін көрсетеді. 2020 жылғы 2 қыр­күйекте Қазақстан Кәсіподақтар федера­ция­сының кезекті XXVI съезі өтті. Съезде Кәсіподақтар федерациясының 5 жыл­ғы жұмысы қорытындыланды және алда­ғы бес жылға ҚКФ қызметінің басым бағыттары анықталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев съезд делегаттарына жол­да­ған құт­тықтау хатында еліміздегі кәсіпо­дақ­тар қызметіне жоғары баға берді, жаңа міндеттер жүктеді. «Бүгінгі кәсіподақ – Қазақстандағы азаматтық қоғамның басты белгісінің бірі. Федерация осындай ұстаным мен мәртебесі арқылы мықты, белсенді әрі іскер көшбасшыларды даралап шығару керек. Мен кәсіподақтардың кадрлық құрамына жастардың қосыл­ға­нын қалаймын. Сол арқылы ашық бәсекелестікке жағдай жасалып, ең­бек­­кер жастарға тиімді әлеуметтік мүм­кіндіктер ұсынылады» делінген Пре­зи­дент­тің құттықтауында.

Кәсіподақтар қозғалысын одан әрі жаңғырту мен реформалаудың жолын анықтайтын және жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін сенімді қор­ғау­ды одан әрі қамтамасыз ететін Қа­зақстан Республикасы кәсіпо­дақ­та­ры­ның 2020-2025 жылдарға арналған стратегиясы қабылданды. Жаңа құжаттың елімізде жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуын күшейтуге және еңбек адамын лайықты өмір сүру деңгейімен қамта­масыз етуге, әлеуметтік диалогтың жаңа форматына ауысу жағдайында еліміз­дегі кәсіподақтар қозғалысын да­мы­­туға ықпал ететініне сенеміз.

Кәсіподақтар федерациясы құра­мын­дағы ең ірі салалық ұйым алдында әлеуметтік әріптестермен бірге күр­делі әлеуметтік-экономикалық жағ­дайдан аз шығынмен шығу және әрбір қазақстандықтың ертеңге деген сенімін сақтау міндеті тұрғанын үлкен жауап­кершілікпен сезінеді. Қазіргі таңда кәсіподақтар ұйымы пандемия жағ­дайында сала қызметкерлерінің мәсе­ле­лерін тиімді шешу үшін жаңа, тың тәжі­ри­белерді қолданысқа енгізуде. Салалық кәсіподақ пен оның мүшелік ұйымдары кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін таныту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуді әрі қарай жалғастыра береді.

 

Айгүл Мұқашева,

«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ төрайымы