Қоғам • 13 Қазан, 2020

Аңшылықтың әдебі мен әлегі

590 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ел арасында аң аулауға, браконьерлік іс-әрекеттерге қатысты, оның шариғи үкіміне байланысты түрлі сұрақтар мен пікірлер бар. Аңшылықты қолдайтын топ оған шариғатта рұқсат берілгенін алға тартса, екінші тарап «оған ешқандай қажеттілік жоқ, қазір аш қалып, аң аулап, тіршілік кешкен заман емес», деген пікір білдіруде. Әрине, әр адам бір мәселеге бірнеше ракурстан қарайды. Бұл – заңды құбылыс.

Аңшылықтың әдебі мен әлегі

Осы ретте өз пайымымыз бен пікірімізді жеткізуді жөн санадық. Қасиетті Құранда: «(Уа, Мұхаммед!) Олар сенен өздеріне не халал етілгенін сұрайды. «Сендерге дәмді, таза тағамдардың барлығымен қоректенулеріңе рұқсат. Сонымен қатар Алланың сендерге берген білімінің арқасында жаттықтырып үйреткен аң аулайтын жануарлар мен аң құстарының ұстағаны халал етілді. Сендерге ұстап берген олжадан Алланың атын атап тұрып жеңдер. Алладан қорқыңдар. Ақиқатын (айтар болсақ) Алла – өте тез есеп алушы» деп жауап бер», делінген («Әл-Мәида» сүресі, 4-аят).

Біз бұл аяттан аңшылыққа шари­ғат рұқ­сат беретінін аңғарамыз. Алай­да осы аятқа түсіндірме берген Ис­лам ға­лым­дары бірнеше мәселеге на­зар ауда­руға шақырған. Құстар мен ірі қа­ра малды бауыздаған кезде Алла­ның аты аталуы керек. Құс пен аңды та­мақ­тану мұқтаждығына байланысты «Бисмилла» сөзін айтып, бауыздау қажет.

Аң аулауға үйретілген құстар мен иттер арқылы қалай аңшылық жасай­мыз? Олар ұстаған олжасын иесі келмей тұрып өлтіріп қоюы мүм­кін. Осындай жағдайда мына нәрсе­ні ескеру керек. Ең әуелі аңшы­лыққа үйретілетін құс пен итті өзі үшін емес, иесі үшін аң аулауға дағды­ландыру қажет. Қыран құсты, аңкөс итті аңға жіберген кезде Алла таға­ла­ның атын айтып, тәкбір жасалуы шарт.

Ит немесе қыран құс өзі ұстаған аңды иесі келмей тұрып жей бастаса, көп ғалымдардың пікірі бойынша, ол жеуге жарамсыз болып қалады. Өйткені ол аңды қожайыны үшін емес, өз қажеттілігі үшін аулаған болып саналады. Егер қолға түскен олжа тірі болса, мұндай жағдайда бірден Алланың аты аталып, бауыздалуы тиіс. Аңшылық кезінде қыран құс пен итті аңға жіберуден немесе от қарумен атудан бұрын Алланың аты аталса жеткілікті. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Адий ибн Хатимге былай деген: «Итіңді жіберер алдында Алланың атын айтқан болсаң, онда (иттің аулағанын) жей бер». 

Егер «Бисмилла» сөзін  ұмытып кетсе, оның оқасы жоқ. Алайда «Бисмилланы» әдейі айтпаса немесе айту керек екенін білмесе, ол аңның еті адал емес.

Аңшылық кезінде тыйым салынатын амалдар мынадай:

Біріншіден, «Қызыл кітапқа» енген, яғни жоғалып кету қаупі бар аң-құсты атуға болмайды. Екіншіден, жан-жануарлар төлдеп, көбейетін кезде де аң аулауға тыйым салынады. Жануарды баласынан немесе анасынан айырып, обалына қалуды шариғат құптамайды. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сауынды малды бауыз­да­маңдар», деп ескерткен. Үшін­шіден, аңшылық кезінде алынатын олжа көзден таса болмауы тиіс. Оны аңшы көріп отыруы шарт. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көзден таса болған аңды аулауды құптамай: «Бәлкім, оны басқа аңдар өлтірген шығар» деген. Тағы бір хадисте: «Сен садақпен атып өлтірген аңды көзіңмен көрсең, оны же. Ал өлтіргеніңді көзіңмен көрмесең, жеме» делінген. Келесі хадисте: «Бәлкім оны басқа аңдар өлтірген шығар», деп ескертілген.  Төртіншіден, қолға түскен олжаның үзіліп немесе жарылып қалған бір бөлігі желінбейді. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тіріден бөлініп қалған нәрсе, ол – өлексе», деп ескерткен.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі Исламдағы аңшылық үкіміне қатысты арнайы пәтуа шығарған. Пәтуа мәтінінің түйінінде:

«Аңшы аң аулау немесе оқ атудан алдын «Бисмилла» сөзін айтуы тиіс. «Бисмилла» сөзін әдейі айтпаса, ол аң – адал емес; Аңды ермек үшін аулау – ұнамсыз амал; Аң аулаушы кісі мұсылман немесе әһли-кітап иесі болу керек. Діннен шыққан, пұтқа немесе отқа табынатын және атеист адамның аулаған аңын жеуге болмайды; Аң аулауға арналған қару өткір, жа­нуарды жарақаттайтын болуы керек. Қарудан жарақат алып өлген аң еті – адал, ал соққыдан өлген аң арам саналады; Шариғат тұрғысынан рұқсат етілген аңдарды аулауға заң­мен тыйым салынса, басшыға бағыну – уәжіп (міндет)», делінген.

Қорыта айтқанда, біздің елдегі аңшылық жағдайды сөз етер болсақ, көбінде оның әдептері мен шарттары сақтала бермейді. Ешқандай қажет­тілік пен мұқтаждық болмаға­нына қарамастан, бақуатты адамдардың әр кез демалып, ермек ететін ісіне ай­налып бара жатқандай. Аң-құс ату­ға қатысты бір сәттік «рақат» үшін бірнеше күнін, қаншама қара­жатын шығындайды. Оған кет­кен шығынды мұқтаж жандарға жұм­сап, жүректеріне қуаныш ұяла­тып қаншама сауап алуға болар еді.

Аңшылық кезінде заңды сақтау былай тұрсын, аң атуға кедер­гі келтірген қорықшыларды ажал құш­тырған жағдайлар да тірке­луде. Бұл – өте өкінішті оқиға. Құран­да: «Сон­дықтан да Біз Исраил ұрпа­ғы­на: Кімде-кім (қылмыстыдан) кек алу үшін немесе жауыздық таратушыны тоқтату үшін емес, нақақтан-нақақ адам өлтірсе, барша адамзатты жойғанмен тең. Ал кімде-кім адам өмірін сақтап қалса, барша адамзаттың өмірін сақ­тап қалғанмен бірдей», деп жаз­дық. Біздің елшілеріміз оларға (Алла­дан) шынайы қағидалар алып келген еді. Соған қарамастан олардың көп­ші­лі­гі жер жүзінде ойларына келген (қыл­мыс­тарды) жасап, шектен шықты» («Әл-Мәида» сүресі, 32-аят) делінген.

 

Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ,

Атырау облысының бас имамы