Аймақтар • 13 Қазан, 2020

Құс фабрикасына қолдау көрсетіледі

247 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Арқалық өңіріне барды. Өңір басшысы жұмыс сапары барысында құс тұмауынан карантинге жабылып, өндірісі тұралап қалған «Агроинтерптица» серіктестігінде болып, кәсіпорында жүргізіліп жатқан санитарлық шаралардың барысымен танысты.

Құс фабрикасына қолдау көрсетіледі

Арқалық құс фабрикасындағы жағдай Үкімет пен аймақ басшылығының ерекше назарында екенін айтқан облыс әкімі өндірісті қалпына қайта кел­тіру мақ­са­тында кәсіпорынға қолдау көрсеті­леті­нін жет­кізіп, фабрика басшылығына жұмыс­шы­ларды қысқартуға жол бермеуді тапсырды.

– Дәл қазіргі жағдайдағы маңызды мәселе – жұмысшылардың қысқарып қалуына жол бермеу, адамдар қалай болғанда да өз жұмыстарын жалғастыруы керек, – деген Архимед Мұхамбетов құс тұмауын әрі өрістетпеу мәселесіне тоқ­талды. Одан соң бұған дейін жылына 120 млн жұмыртқа шығарып келген фабрика өндірісін 2022 жылға дейін жылына 100 млн жұмыртқа өндіре алатын деңгейге жеткізіп, бұрынғы қауқарын қайта қалпына келтіру жоспары талқыланды.

Бүгінге дейін фабрикада 502 мың 611 құс өлексесі мен 1 млн 452 193 жұмыртқа жо­йылып, кәсіпорын аумағын дезинфекциялау жұмыстары атқарылып жатыр. Індетке қарсы санитарлық өңдеу, зарарсыздандырып, тазарту шаралары қарашаның басына дейін жалғасатын болады. 9 қарашадан бастап фабрика ғи­мараттарына зертханалық тексеру шара­ларын жүргізіп, ветеринарлық бақы­лау­дан өткізу жоспарланып отыр. Одан кейін, яғни қараша және ақпан аралы­ғын­да қаржыландыру көздері қарасты­ры­­лып, фабрика есепшотына ақша түсуі тиіс. Ақпан айында шикізат, жем, вете­ри­нарлық дәрі-дәрмек сатып алу көзделген.

1

2021 жылдың ақпанында фабри­каға 220 мың бас балапан әкелінеді. Кәсіпорын мамырдан бастап мекиендерді ұяшықтарға орналастырып, шілдеде қосымша тағы бір лек балапан сатып әкелуді жоспарлап қойған. Одан кейін фабрика өндірісі ақырындап жанданып, тауықтар тамыз айынан бастап сатуға келетін дайын тауар күйіндегі жұмыртқа таба бастайды. Осылайша, келесі жылы Арқалық құс фабрикасы өзінің өндірістік қуатына толық көшуі тиіс.

Кәсіпорын басшыларының айтуынша, өндірісті біртіндеп оңалтуға арналған біржылдық жоспарды жүзеге асыру үшін 1,5 млрд теңгеден астам қаржы керек. «Агроинтерптица» індет басталғалы 356 млн теңгенің табысынан қағылған. Фаб­рикаға құс тұмауынан келген жалпы шы­ғын көлемі 554 млн 677 мың теңгеге жетіп отыр. Қазірдің өзінде кәсіпорынның 206 млн 620 мың теңге несие қарызы бар. Өн­ді­ріс ақпанға дейін жұмыс істемеген жағ­дайда жұмысшыларға берілуі тиіс жалақы қоры – 84 млн 800 мың теңге. Оның үстінде осы кезең аралығында 65 млн 790 мың теңге несие қарызы өтелуі керек. Міндетті салық төлемінің мөлшері – 24 млн теңге.

Өндірісті қайта қалпына келтіру жос­парын тағы бір қарап шығып, пысықтап алу қажеттігін ескерткен әкім 250 адамды жұмыспен қамтып отырған Арқалық құс фабрикасын мемлекет қолдаусыз қалдырмайтынын айтты.

 Аймақ басшысы одан кейін Айдар ауылына ат басын бұрып, былтырдан бері салынып жатқан мал шаруашылығы кешенінің құрылысымен танысты. Құны 3,5 млрд теңге болатын ауқымды жоба бойынша 76,5 гектар аумаққа 7 500 бас асыл тұқымды ірі қараға арналған бордақылау алаңы мен асыл тұқымды мал басын көбейтетін орталығы бар алып кешен салынуы тиіс.

2019 жылы қазан айында басталған құрылыс нысанының бір бөлігі, яғни бордақылау алаңы 2021 жылдың ақпан айында пайдалануға берілмек. Ал асыл тұқымды мал басын көбейтетін репродуктор сол жылдың қыркүйек айынан жұмыс істей бастайды.

Облыс әкімі ат басын тіреген келесі нысан Арқалық жылу-энергия компаниясы болды. Әкім коммуналдық кәсіп­орын­дағы жылу маусымына дайындық барысымен танысты. Қазір мұнда жыл соңына дейін жететін 6440 тонна мазут отыны бар.

– Бюджеттен 1,39 млрд теңге қарасты­рылып отыр. Алдағы уақытта Арқалыққа тағы 18 500 тонна мазут әкелінеді. Бұл отын көлемі 2020-2021 жылғы жылу мау­сымына жетуі тиіс. Жалпы, қаладағы нысандардың бәрі қысқы маусымға толық дайын екеніне көз жеткіздім, – деді А.Мұхамбетов.

Облыс әкімі одан кейін Арқалық қаласын жылумен қамту жүйесін жаңғырту жобасының жүзеге асырылу барысын тексеріп, жаңа жылу көздерінің құрылысымен танысты. Жобаның басты мақсаты – бұған дейін қыстан бағасы удай мазутпен шығып келген Арқалықты 2030 жылға дейін біртіндеп көмірмен жылытуға көшіру. Бұл мақсатқа 7,4 млн теңге бөлінген. Биыл жыл басында жоспарланған жұмыстың 43%-ы еңсеріліп, 3 млрд 200 млн теңге игерілді. Қаланың жаңа жылу орталығы 2021 жылдың қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Биылға Арқалық жылумен және электр қуатымен қамтамасыз ететін орталық мазут отынын пайдаланады. Бірақ қазірдің өзінде қаладағы бірқатар нысан көмірмен жылытылады.

Арқалық жылу-энергия компаниясында қазір жаңа жылу жүйесін қамтамасыз ететін бас ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Ғимаратқа екі циклон, екі су жылытқыш пеш орнатылды. Нысанда барлығы 130 адам жұмыс істеп жатыр.

Бас ғимараттың астыңғы қабаты төсе­ліп, табанына бетонды-ерітінді торап са­лынды. Енді 3 бу қазандығы және су­мен жылытатын 2 қазандық орнаты­­ла­ды. Нысанды аралап көрген облыс әкімі мердігерге құрылыс-монтаж жұмыс­тарын уақтылы аяқтауды қадап тапсырды.

Одан кейін А.Мұхамбетов «Жұмыс­пен қамтудың жол картасы-2020» бағ­дар­ламасы бойынша қолға алынып жатқан жобалардың жайымен танысты. Аталған бағдарлама бойынша биыл Арқалық өңірінде жалпы құны 1,1 млрд теңге болатын 10 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 250 жаңа жұмыс орны ашылған. Облыс әкімі алдымен «Жігер» стадионына барды. Стадионға «Алюминий құрылыс» ЖШС күрделі жөндеу жүргізіп, спорт залын қайта жа­ңар­тып жатыр. Жобаның құны – 58,1 млн теңге. Құрылыс жұмыстары аяқ­талып қалған, қазір 1600 көрерменге арналған орындықтар қойылып жатыр.

Сонымен қатар аталған бағдарлама ая­сында биыл жазда Арқалықтағы №2 ор­та мектепке күрделі жөндеу аяқталды. Мек­теп ғимаратының шатыры, терезелері мен коммуникация жүйесі ауыстырылып, іші-сырты әрленген. Мұның сыртында, биыл білім ошағының жанынан мектеп жасына дейінгі балғындарға арналған шағын орталық ашылып отыр. Арқалық аймақтық ауруханасының ғимараты да күрделі жөндеуден өтуде. Бұл ауруханада бүгінде 360 адам, оның ішінде 10 жоғары біліктілігі бар дәрігер еңбек етеді.

Аурухана ұжымымен кездескен аймақ басшысы емдеу мекемесінің бас дәрігері Нұрлан Ержановтың есебін тыңдады. Бас дәрігердің сөзінше, ауруханадағы дәрі-дәрмек қоры 3 айға жетеді.

 

Қостанай облысы