Қоғам • 13 Қазан, 2020

Әлеуметтік цифрлы әмиян

281 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік салаға қатысты бірқатар тапсырма берген болатын. Соның ішінде Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры­нан азаматтар өзінің жинағының бір бөлігін тұрғын үй мәсе­лесін шешуге, емделуге және басқа да зейнетақы басқару компанияларына инвестициялау үшін аудару мүмкіндігіне халық біраз қызығушылық танытып, бұл мәселе қоғамда жиі талқыланды.

Әлеуметтік цифрлы әмиян

 

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Біржан Нұрым­бетов зейнетақы жи­нағы­ның бір бөлігін шешуге мүм­кіндік беретін жеткілікті шекке қатысты пікір білдіріп, бұған еңбекке қабілетті, яғни зейнет жасына жетпеген, аталған қорда жинақтары бар азаматтар ие болатынын айтқан еді.

«Олар өздерінің жеткілікті шегінен асатын қаражатын толы­ғымен аталған мақсаттарға пай­далана алады. Бұл тұрғыда негіз­гі мәселе –  жеткілікті шек. Ол не үшін белгіленеді, қалай есеп­теледі? Біріншіден, елімізде 1998 жылдан бастап жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілген. Әр азамат өз жалақысынан 10 пайыздық жарнаны қорға аударып келеді. Осы орайда зейнетке жет­к­ен азамат үшін зейнетақы алу­дың үш көзі қалыптасқан. Бұл тұр­ғыда мемлекеттік бюджет есе­бінен жасына келген зей­нет­ақы және базалық зейнетақы­лық төлем, сондай-ақ зейнетақы жи­нақ­таушы қорынан жиналған қар­жы есебінен зейнетақы қам­тылған. Бұл реформа 1998 жылдан басталғанын ескерсек, жылдар өткен сайын зейнетақы жи­нақтаушы қорынан алатын зей­нетақының үлес салмағы да өседі. Болжам бойынша 2040 жылдан кейін зейнет жасына жеткен азаматтар үшін жинақтаушы қордан алатын зейнетақысы негізгі көзі болады. Сондықтан жинақтау жүйесінің негізгі мақсаты – азаматтар өзіне зейнеткерлікке қара­жат жинайды. Осыған байла­нысты болашақта зейнетақыға жететін қаражат әр адамның сол қордағы есепшотында қалуы тиіс. Осы тұрғыда жеткіліктік шек бел­гіленеді», деді министр.

Айта кететін жайт, қажеттілік ше­гін есептеу тәртібі ресми Үкі­мет­­т­ің арн­айы қаулысымен бекі­леді.

«Осы күнге дейін оның мөл­шерін әр жасқа есептеп хабар­лаған едік. Жеткілікті шектің негізгі параметрлері әйелдер мен ер­лер үшін бірыңғай мөлшерде қаралды. Жеткілікті шек дегеніміз – ертең зейнет ж­асы­на жеткенде зейнетақы жи­нақ­тау қорынан ең кем дегенде төменгі мөлшерде зейнетақы алуға мүмкіндік бере­тін сома. Өз кезегінде оны әр жас шамасына қарай есептедік. Жас азамат зейнет жасына дейін ке­мін­де ең төменгі жалақы алып, со­ның 10 пайызын аударып отырса, кейін зейнет жасына жеткеннен соң, ең төменгі зейнетақы алу­ға мүм­кіндік беретін жеткі­лікті шек қа­рас­тырылды», деді Б.Нұрымбетов.

Сонымен қатар ол аталған мүм­кіндікті зейнет жасына жеткен кісілер де пайданала­на ала­ты­­нын атап өтті. Бұдан бұрын ха­бар­­ланғандай, 2021 жылдың 1 қаң­­­тарынан бастап ел азаматтары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтарының бір бөлігін пайдалана алады. Осыған орай Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі ел аза­мат­тарының зейнетақы жи­нақ­тарын пайдалану үшін жеткі­лікті шегін жариялады.

Мемлекет басшысы Әлеумет­тік қамсыздандыру кодексін әзірлеу және қабылдау арқы­лы әлеу­меттік заңнаманы шоғыр­лан­­дыру жөніндегі жұмысты бас­­тауды тапсырғаны белгілі. Қазір­гі кезде республика аза­мат­­тарына 17 заңмен және 100-ден астам заң аясындағы акті­лер­мен рет­телетін әлеуметтік қамсыз­дан­дыру шаралары кең көлемде қамтамасыз етіліп отыр. Сонымен бірге әлеуметтік көрсет­кіштер сала­сындағы төлем­дер мөлшерін есептеу үшін әртүрлі көрсет­кіш­тер негіз болуда: айлық есептік көр­сет­кіш, күнкөріс деңгейі, ең төменгі жалақы және тағы басқалар.

«Әлеуметтік қамсыздандыру сала­сындағы заңнама қабыл­дауға жеңіл болатындай және оны сапалық тұрғыда жақсар­ту мақ­сатында бірыңғай Кодекс­ке біріктіріледі. Оның тұжы­рым­­­­дамасы 2021 жылдың 2-тоқ­санын­да әзірленеді, содан кейін оның негі­зінде Әлеуметтік қам­сыз­дан­дыру кодексінің өзін әзір­леу бас­­талады. Бұл – өте ма­ңызды құжат. Сондықтан онымен жұмыс істеу қоғаммен кең талқылауды қажет етеді, яғни біз барлық ұсынысты қабылдап, қарастыратын боламыз», деді министр.

Б.Нұрымбетов Кодексті әзір­леу кезінде әлеуметтік қам­сыз­дандыру саласындағы қолда­ныстағы заңдар жай бірікті­ріліп қоймай, тұтастай алғанда әлеу­меттік қолдау шаралары жүйе­ленетінін, әлеуметтік қамсыз­дандыру саласындағы төлемдер мөлшерін бірыңғай әлеу­меттік көрсеткішке (стан­дартқа) байланыстыру және басқа да мәселелер қарастырылатынын түсіндірді.

Бүгінгі таңда әлеуметтік төлем­дерді тағайындау кезінде IBAN карточкалық шоты қажет. Оны ашу үшін банкке бару керек. Ал бұл әлеуметтік төлем алушы­ларға қосымша ыңғайсыз­дықтар туғызады. Азаматтардың «электронды әмиянын» енгізу арқылы әлеуметтік төлемдерді цифрландыру бойынша шаралар қабылданады.

«Осы орайда алушы банктік картаға аудару әдісін өзгерте алады. Қаржының сақталуын қам­тамасыз ету үшін әмиянда Ұлттық банктің электронды ақшасын пайдалану ұсынылады. Бұдан тыс, әмиянға қол жеткізуге, оның теңгерімін білуге және тауарлар, жұмыстар немесе қызметтер үшін төлемдерді штрих-QR кодты қолданып, ешқандай комиссиясыз жүзеге асыруға мүмкіндік беретін арнайы ұялы қосымша іске қосылады», деді министр.