Қоғам • 13 Қазан, 2020

Инклюзивті білім беруге көмектеседі

947 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Шеврон» компаниясы, Назарбаев Университеті және «Дара» қоры қазақстандық педагогтерге инклюзивті білім беру ортасында жұмыс істеу үшін кәсіби құзыреттілігін арттыруға көмектеседі.

Инклюзивті білім беруге көмектеседі

 

Қазақстанның барлық өңіріндегі 3 мыңға жуық мұғалім мен балабақша тәрбиешісі инклюзивті ортада оқытуға үш апталық дайындық бағдарламасы бойынша білім алуды бастады. Бағдарламаны Назарбаев Университеті Жоғары білім беру мектебінің инклюзивті білім беру саласындағы профессор-сарапшылардың халықаралық командасы әзірлеп, «Дара» қайырымдылық қорымен бірге «Шеврон» компаниясының қолдауымен іске асыруда.

«Бұл ауқымды жоба әрбір балаға, оның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балаларға да сапалы білім алуға кепілдік беру үшін қоғамдағы өзгерістердің жолсерігі болатын, инклюзивті практикаға ынталы және қабілетті педагогтерді даярлау арқылы инклюзивті білім жүйесін дамытуға үлес қосады», дейді жобаның жетекшісі, Назарбаев Университеті Жоғары білім беру мектебінің профессоры Сулошни Патер.

«Инклюзивті білім беруді қалып­тас­ты­ру» жобасы еліміздегі білім беру және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мақсатына сәйкес барлық мектептерді инклюзивті ету мақсатына қол жеткізуге жәрдемдеспек.

Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінде осы тақырып бо­йынша Қазақстандағы үздік сарапшылар командасы жұмыс істейді. «Дара» қорының мамандарымен бірге олар инклюзивті білім беруге көшу кезінде қолдауды, біліктілікті арттыруды және арнайы дағдыларды дамытуды қажет ететін педагогтерді оқыту бағдарламасын әзірледі.

Коронавирус пандемиясына байланысты оқыту онлайн форматында өтеді. Жоба командасы бағдарлама нәтижелерін бағалау және біліктілікті арттырудан өткен педагогтерге одан әрі қолдау көрсету үшін оқуды аяқтағаннан кейін оффлайн кездесулерді де жоспарлап отыр. Сондай-ақ бағдарлама барысында мектеп директорларына арнайы тренингтер өтеді. Білім және ғылым министрлігі, Алтынсарин атындағы Білім академиясының және университеттердің қатысуымен семинарлар ұйымдастырылады.

Бүгінде Қазақстанда жалпы бі­лім беру мектептерінде ерекше қа­жет­тіліктері мен мүмкіндігі шек­теу­лі балалардың саны өсуде. Алай­да бұл үдеріс өте баяу жүріп жатыр. Ал жүр­­гі­зілген зерттеулер көрсет­кен­дей, мұғалімдер инклюзивті білім берудің сәтті іске асырылуына сенсе де, олар көбінесе барлық баланы, әсіресе ауыр мүгедектігі бар балаларды құрдастарымен бірге оқытуға қарсылық танытады. Сондықтан мұғалімдердің көзқарасы инклюзивті білім беруге көшудің шешуші факторы саналады.