Әлем • 14 Қазан, 2020

Локдаун керек пе, жоқ па?

224 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» басылымы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалаларын жариялауды жалғастырады.

Бүгінгі нөмірде оқырмандар назарына екі мақала ұсынып отырмыз. Принстон университетінің биотехника профессоры Питер Сингер өзінің мақаласында Жер-жаһанды әбігерге салған коронавирус пандемиясымен күресу үшін локдаун енгізу қажет пе, жоқ па деген мәселеге назар аударады. Автордың айтуынша, локдаунның әсерінен індетті біршама ауыздықтауға мүмкіндік туды. Алайда табысы төмен отбасылар бірқатар қиындыққа тап келді. Питер Сингер пандемиямен күресті әлі де жетілдіре түсу қажеттігіне тоқталады.

Халықаралық қатынастар жөніндегі Еуропалық кеңестің директоры Марк Леонард халықаралық саясат туралы ой қозғайды. Автордың пайымдауынша, қазіргі таңда Еуропалық одақ үлкен таңдаудың алдында тұр. Бір жағынан, Трансатланттық келісімді сақтап қалу мақсатында АҚШ билігінің ығына жығылуды немесе өңірлік қауіпсіздікті сақтау үшін өз мүддесіне беріктік танытуды таңдауы тиіс. М.Леонард қазіргі таңда әлем еуроцентристік көзқарастан бас тартқанын айтады. Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еуроцентристік көзқарасты сынағаны, оның қазіргі заманғы қажеттіліктерге жауап бермейтінін айтқаны еске түседі. Мұны мақала авторы да мойындайды.

 

Локдаун керек пе, жоқ па?

МЕЛЬБУРН. Кейінгі өткен үш айда Аустралиядағы Виктория штатының орталығы, бес миллионға жуық адам мекендейтін бұл мегаполис әлемдегі ең қатаң локдаунның бірін бастан өткерді. Үйден далаға қажетті азық-түлікті сатып алуға, дәрі-дәрмекке, біреуді күту, екі сағаттық бойжазумен айналысуға немесе үйден жұмыс істеу мүмкін емес кезде ғана жұмысқа баруға рұқсат етілді. Үйден 5 шақырым қашыққа бару немесе мегаполистің шекарасынан шығуға тыйым салынды. Осы ережені бұзғандарға полиция ауыр айыппұл салды.  

Виктория билігі локдаунды 5 шіл­деде, 6,7 млн халқы бар штатта бір күнде 191 жаңа науқас тіркелгенде ен­гізді. Бұл пан­демия басталғалы бергі күн­делікті вирус жұқтырғандар санының рекорд­тық көр­сет­кіші еді. Індет 30 шілдеде күші­не еніп, бір күнде 723 жаңа науқас анық­тал­ды. Осыдан кейін ғана вирус жұқ­­тыр­­ған­дар саны азайды. Ал 4 қа­зан­да екі апта­лық орташа көрсеткіш 12-ге дейін түсті.

Осы мақала жазылып жатқанда Вик­тория штатында 20 мыңнан астам адам COVID-19-бен ауырып, 800-ге жуығы қайтыс болған еді. Аустралияның басқа штаттарындағы науқастар саны 7 мыңнан аз, бақилықтар саны жүзге жетпейді. Бұл көп ұзамай Аустралия да вирусты жеңе алады деген үмітті оятты. Өйткені көрші Жаңа Зеландия осыған сәл қалған-ды.

Ешқандай үлкен саяси партиялар локдаунға қарсы келген жоқ. Ұйым­дас­­тырылған қарсылық шеруіне аз адам қатысты. Оның себебі полиция наразы­ларға айыппұл салынатынын ескертуімен байланысты болуы мүмкін. Алаңға шыққандарға айыппұл салынды да. Әрі шеру үйден шығуға берілген рұқсаттың қатарында жоқ.

Әлсіз тұрғындардың өміріне қауіп төндіретін өте жұқпалы вируспен бетпе-бет келгенде «еркіндік» деген абстракті ұғымды айқайлаған викториялықтар санаулы ғана. Әрі олардың басым бөлігі қатер төнбейтін жастар болатын. Көпшілік локдаун қажет деген пікірді ұстанды, өйткені ол адам өмірін сақтап қалады. Жаңа науқастардың анықталуы мен өлгендер санының біртіндеп азаюы адамдарды COVID-19 вирусынан лок­даунның қорғайтынын көрсетті.

Бірақ бұл жалпы жағдайдың бір бөлігі ғана. Ұлыбританияда өткен айда 32 ғалым премьер-министр Борис Джонсонның атына хат жазып, локдаунның кері әсері орасан екенін дәлелдеуге тырысты. Олардың пайымдауынша, карантиннің залалы оның пайдасынан асып түсуі мүмкін. Ғалымдар Ұлыбританиядағы Қатерлі ісік орталығының есептеулерін келтіреді. Соған сәйкес, локдаун салдарынан екі миллионға жуық адам скринингтен, тестіден және емдеуден өте алмаған. Соның салдарынан 60 мың адам қайтыс болуы мүмкін. Ал қазіргі таңда Ұлыбританияда COVID-19-дан қайтыс болғандар саны 42 мыңнан асты.

Қатерлі ісік – локдаун салдарынан көбеюі мүмкін өлім оқиғаларының бір себебі ғана. Бұдан басқалары да жетерлік. Дегенмен локдаун енгізілмегенде коронавируспен ауырып, бақиға аттанғандар саны қазіргі көрсеткіштен анағұрлым артық шығуы мүмкін еді. Бұдан бөлек, локдаун адам өмірін сақтауының басқа да жолдары бар. Мәселен, Аустралияда осындай қадам әсерінен маусымдық тұмаудан келетін өлім-жітім жойылған секілді. Кейінгі деректерге сүйенсек, 2020 жылдың алғашқы жартысында былтырғы сол уақытпен салыстырғанда 400-ге жуық адам өмірі сақталды.

Мичиган университетінің экономисі Ольга Якушева бастаған зерттеушілер тобы 2020 жылы АҚШ-тың пандемияға байланысты қабылдаған саяси шешім­дерінен кейін ажал тырнағынан құтылған адам­дардың жалпы санын есептеп көру­ге талпынған. Топтың зерттеуіне сүйенсек, қоғамдық денсаулықты сақтау­дағы осындай шаралар кемі 913 762-ден 2 045 322-ге дейінгі аралықтағы адам­ның өмірін ара­шалап қалған. Бірақ каран­тиндік ша­ра­лардың жанама әсерінен кемі 84 мың­нан 514 800-ге дейінгі тұрғын­дар бұл өмірмен қоштасқан. Осы­лайша соңғы көрсеткіш ажалдан құтқарылған адамдар саны 398 962-ден 1 962 322 аралығын қамтитынын есептеп шығарды. Бұл өте үлкен ауқым екені түсінікті. Бірақ локдаунның оң әсерін анық аңғартады.

Якушева мен оның әріптестері этика­лық мәселелерді қозғамай, нақты қанша адам­­ның өмірін сақтап қалуға болатынын неме­се қайтыс болатынын есептеп шық­ты. Бұл  локдаун салдарының құны мен оның пайдасын есептеуде кезде­сетін өзекті үш проблемадан құтылуға мүмкіндік береді.

Біріншіден, нақты есепті жүргізу бақиға аттанған 20, 30, 40 не 90 адамның айырмашылығын анықтау емес. Бұған дейін айтқанымдай, біз адам өмірін ғана емес, қанша тұрғынның қалған өмірінің жылын есептеуіміз керек.

Екіншіден, жыл басында Майкл Плант екеуміз атап өткеніміздей, локдаунның тұрмыс сапасына әсері де маңызға ие. Локдаун жаппай жұмыссыздыққа әке­ліп, өмірге разылықты айтарлықтай төмен­детеді. Өмір сапасын анықтау мен санаудың қиындығына қарамастан, лок­даун­ның нақты құны мен пайдасын есептеу барысында одан бас тарта алмаймыз.

Үшіншіден, бәлкім ең маңыздысы да осы, локдаунның жайшылықта да өздерінің және отбасының негізгі қажеттіліктерін табуға қиналып жүрген адамдарға әсерін естен шығармауымыз керек. Кедейшілік шегінде өмір сүретін тұрғындары көп мемлекеттердің билігі локдауннан бас тартуына елеулі себеп бар. Алайда дамыған елдер де өздерінің экономикасындағы дағдарыс басқа мемлекеттердегі халықтың тұрмысына да әсер ететінін ұмытпауы тиіс.

Биылға дейін кедейшілік деңгейі 20 жыл бойы тұрақты азайып келе жатқан еді. Енді, 2020 жылы бұл көрсеткіш 37 млн адамға көбейді. Осының қаншасы вирустан емес, локдаун салдарынан туындағанын айту қиын. Деген­мен локдаунның әсері орасан екені анық.

БҰҰ Балалар қорының бас директоры Генриетта Фордың айтуынша, пандемия өршіп тұрғанда 192 елдегі мектептер жабылып, 1,6 млрд оқу­шы сыныптағы сабаққа бара алмай қалды. Көпшілік үшін қашықтан оқытуға мүм­кін­дік жоқ. Кемінде 24 млн бала мектепті біржола тастап кететіні бол­жан­ған. Көптеген қыздар үшін бұл карье­ралық жолмен өсудің орнына ерте тұрмысқа шығуға әкелуі ықтимал. Таяу­да The New York Times басылымы мектеп­тердің жабылуы мен локдаун салдарынан туындаған экономикалық қиындық табысы төмен елдердегі балаларды қара жұмысқа жегуді арттырып жібергенін жазды.

Локдаун көптеген мемлекеттегі адам өмірін сақтап қалғанына қарамастан, бұл билік үшін тиімді қадам екенін көрсетуге жеткіліксіз.

 

Питер СИНГЕР,

Принстон университетінің биотехника профессоры, The Life You Can Save қорының негізін қалаушы.

Ол – «Жануарларды құтқару», «Практикалық этика», «Сен құтқара алатын өмір», «Неліктен веган?» кітаптарының авторы

 

Copyright: Project Syndicate, 2020.

www.project-syndicate.org