Саясат • 14 Қазан, 2020

Пандемия цифрландыру қарқынын күшейтті

495 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының және 2020 жылғы қаңтар-қыркүйектегі республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды.

Пандемия цифрландыру қарқынын күшейтті

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Әлеуметтік сала инвестициялары көбейді

Экономиканың, банк саласының жай-күйі, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, Ұлттық банк төрағасы Е.Досаев, Қаржы министрі Е.Жамаубаев, өнеркәсіп пен энергетика секторындағы ахуал туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов және Энергетика министрі Н.Ноғаев, агроөнеркәсіптік кешендегі жағдай туралы Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров баяндады.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов хабарлағандай, қыркүйек айында экономикада оң үрдістер байқалды. Қызмет көрсету саласы жандана түсті. Нақты секторда өсу сақталуда. «Қыркүйекте өсу көрсеткен салалар саны артып, экономика жандана бастады. Нәтижесінде, жедел деректер бойынша, ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны 8 айдағы минус 3%-дан қаңтар-қыркүйек айларында минус 2,8%-ға дейін жақсарды. Жылдық инфляция 7% деңгейінде сақталды» деді Р.Дәленов.

Экспорт 8 айда 31,9 млрд АҚШ долларын құрап, төлем теңгерімінің оң сальдосын 8,1 млрд доллар деңгейінде қамтамасыз етті. Дайын және өңделген өнімдердің экспорты ұлғайды. Ағымдағы жылғы қаңтар-тамызда автомобиль экспорты 5,7 есе, ферросилиций – 5,4 есе, күнбағыс майы – 86%, темірден жасалған созба сым – 33, титан құймалары 9,5%-ға өсті. 9 айда өңдеу өнеркәсібінде өсу жалғасты. Атап айтқанда, автомобиль жасау – 51,6%, фармацевтика – 39,8%, дайын металл бұйымдары – 18,9%, қағаз өнімдері – 15,1% және жеңіл өнеркәсіп 14,1%-ға өсті.

Құрылыс секторы тұрақты қарқынмен дамып келеді. Орындалған жұмыстардың көлемі 10,5%-ға өсті. Жоғары өсу Түр­кістан облысында және Шымкент қала­сында байқалады. 9,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға көп.

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев­тың айтуынша, Еуроаймақта биылғы қыркүйекте іскерлік белсенділік нашарлады. Ресейде өнеркәсіптегі PMI индексі осы жылғы қыркүйекте 51,1 тармақтан 48,9 тармаққа дейін төмендеді. Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі құрылыстағы және қызмет көрсету саласындағы өсу есебінен осы жылғы қыркүйекте бір ай бұрынғы 45,4 тармақтан 47,6 тармаққа дейін көтерілді. Өнеркәсіпте индекс 47,8 тармаққа дейін 0,5 тармаққа төмендеді.

Биылғы қыркүйекте жылдық инфляция 7% деңгейінде сақталды. «Азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсуі осы жылғы тамызда 10,9%-дан 10,8%-ға дейін аздап баяулады. Ет және сүт өнім­дері, жұмыртқа бағасының өсу қарқы­ны­ның баяулауы байқалды. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының жыл­дық өсуі 5,5% деңгейінде сақталды, ақылы қыз­меттерге бағаның жылдық өсуі биылғы тамызда 3,4%-дан қыркүйекте 3,6%-ға дейін электр энергиясына және білім беру қызметтеріне тарифтердің өсуі аясында жеделдетілді» деді Ұлттық банк басшысы.

Биылғы қыркүйекте дамушы елдердің валюталары коронавируспен ауырғандар санының өсуі аясында әлсіреді. Түрік лирасы бір айда 5,2%-ға, Ресей рублі – 4,9%-ға, Аргентина песосы – 2,7%-ға әлсіреді. Жал­пы алғанда, қыркүйекте дамушы елдер валюталарының индексі 0,4% ғана қос­ты. Дамушы елдер валюталарының жал­пы динамикасы аясында қазақстандық теңге бір айда АҚШ доллары үшін 420,11 теңгеден 431,81 теңгеге дейін 2,8%-ға әлсіреді.

Халықтың кредиттері ағымдағы жыл­дың басынан бері 6,9 трлн теңгеге дейін 3,7%-ға ұлғайды. Оның құрылымында тұтынушылық қарыздар 4,2 трлн теңгеге дейін 0,6%-ға төмендеді, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру есебінен ипотекалық қарыздар 2 трлн теңгеге дейін 14,6%-ға ұлғайды.

Ұлттық банк басшысы атап өткендей, Қазақстан экономикасын қолдау үшін Мемлекет басшысының дағдарысқа қар­сы бастамаларын іске асыру жалғасуда. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдар­ламасы бойынша биылғы 9 қазандағы жағдай бойынша банктер жалпы сомасы 417 млрд теңгеге 450 өтінімді мақұлдап, 380,4 млрд теңге сомасына 661 қарыз берді. Төтенше жағдайдың енгізілуінен зардап шеккен ШОБ субъектілерін жеңіл­дік­пен кредиттеу бағдарламасы бойынша биыл 9 қазанда кәсіпкерлер 563,9 млрд теңге сомасына 2 275 өтінім бер­ді, 419,5 млрд теңгеге 3 887 қарыз беріл­ді, оның ішінде 65,8 млрд теңге бұ­рын берілген қарыздарды өтеуден түскен ақша есебінен берілді.

«Пандемияның таралуы экономиканың барлық секторларын цифрландыруды жылдамдатты. Қаржы нарықтары техно­ло­гиялық үрдістердің ықпалынан түбе­гей­лі қайта құру процесінен өтуде, мұнда көп нәрсе реттеушінің іс-әрекетіне байланысты болады» деді Е.Досаев.

Осыған байланысты биыл 17 тамызда Ұлттық банк басқар­ма­сы­ның қаулысымен Қаржылық техноло­гиялар мен инновацияларды дамыту жө­ніндегі 2020-2025 жылдарға арналған тұ­жы­рымдама қабылданды. «Осы тұжы­рым­даманы іске асыру аясында ағым­дағы жылғы 1 қазаннан бастап Ұлт­тық банк қаржы ұйымына келмей-ақ қар­жы қызметтерін алу үшін әзірленген қа­шықтан биометриялық сәйкестендіру сервисін өнеркәсіптік пайдалануға іске қосты. Ағымдағы жылғы сәуірде жүйе қанатқақты режімде іске қосылды. Осы уақыт ішінде сервис екінші деңгейдегі 11 банкке халыққа 2,8 млн банктік қызмет көрсетуге мүмкіндік берді» деді Е.Досаев.

Қашықтан биометриялық сәйкес­­тендіру қаржы нарығының қатысушы­ларына клиенттерді қашықтан сәйкес­тендіруге және оларға банктік шоттар мен депозиттер ашу, төлем карточкаларын шығару, кредит беру сияқты қызметтерді көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл сервис әлемдегі күрделі эпидемиялық ахуал аясында жаңа сын-қатерлерге жауап береді. Сервис банктерге, сол сияқты сақтандыру компанияларына, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларына, төлем және микроқаржы ұйымдарына да қолжетімді екенін атап өту маңызды.

Қаржы министрі Е.Жамаубаев мемле­кеттік бюджетке 6,1 трлн теңге сомасында кіріс түскенін немесе жоспар 95,5%-ға атқарылғанын айтты. Соның ішінде республикалық бюджетке 3 трлн 853 млрд теңге сомасында кіріс түсіп, жоспар 85,8%-ға орындалған. Кірістер бойынша жоспардың атқарылмауы 638 млрд теңгені құрады, оның ішінде салықтар – 791 млрд теңгеге. Ал салықтық емес түсімдер 154 млрд теңгеге артығымен орындалды. Негізгі атқарылмау сомалары қосылған құн мен корпоративтік табыс салықтарына тиесілі болды.

«Жергілікті бюджеттердің кірістері 118%-ға орындалып, 2 трлн 274 млрд теңгені құрады, жоспар 348 млрд теңгеге асыра орындалды. Оның ішінде салықтар бойынша – 319 млрд теңгеге. Барлық өңірлерде кірістер бойынша жоспарлар асыра орындалды» деді Қаржы министрі.

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99,5%-ға, республикалық бюджеттің шы­ғыс­тары 99,8%-ға, жергілікті бюджет­тердің шығыстары 99,5%-ға атқарылды. Республикалық бюджеттің шығыстары 10 трлн 272 млрд теңгені, жергілікті бюджеттердің шығыстары 5,6 трлн теңгені құрады. Сонымен қатар өткен 9 айда камералдық бақылаумен сомасы 9,1 трлн теңгеге 1,2 млн-нан астам мемлекеттік сатып алу рәсімі қамтылды.

 

Өсудің оң серпіні сақталып отыр

Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин экономиканың базалық салаларында қабылданып жатқан шаралар арқылы осы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша өсудің оң серпіні сақталғандығын атап көрсетті. Өңдеу өнеркәсібінде 3,3%-ға, оның ішінде фармацевтикада 39,8%-ға, дайын металл бұйымдарын өндіруде 18,9%-ға, машина жасауда 16,6%-ға, оның ішінде автомобиль жасауда 51,6%-ға, сондай-ақ қағаз өнімдері өндірісінде 15,1%-ға және жеңіл өнеркәсіпте 14,1%-ға өсім қамтамасыз етілді. Құрылыс көлемі 10,5%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру 9%-ға немесе шамамен 9,6 млн шаршы метрге ұлғайды. Ауыл шаруашылығында 5%-ға тұрақты өсім қамтамасыз етілді, жақсы өнім жиналды. Қазақстан Республикасының алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қордың активтері биылғы 1 қыркүйекте 94,1 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайды.

Металл кенін (+1,2%) және өзге де пайдалы қазбаларды (+0,4%) өндіру секілді тау-кен секторының маңызды бағыттары бойынша оң динамика сақталуда. Бұл ретте ОПЕК+ қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау қажеттілігі жағдайында мұнай өндірудің төмендеуі (-3,5%) байқалады.

Қыркүйекте қызмет көрсету секторы белсенді түрде жандана бастады – тамыз айымен салыстырғанда, сауда-саттық 2,7%-ға, байланыс 1,3%-ға, көлік және қоймалау 1,2%-ға өсті. Қызмет көрсету секторының өсуі шағын және орта бизнестің белсенділігін көрсетеді, бұл жаңа жұмыс орындарын құруға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді. «Көрсеткіштердің тұрақты өсу үрдісі жалпы экономиканың қалпына келуін көрсетеді» деді А.Мамин осы мәселелер туралы сөз қозғай келе.

Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыс­тары және Шымкент қаласы негізгі 7 көрсеткіштің 5-і бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың өсуін қамтамасыз етті. Ақтөбе, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыс­тарында, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 4 көрсеткіш бойынша оң динамикаға қол жеткізілді. Мұнай-газ секторындағы өндірістің төмендеуіне байланысты артта қалған өңірлер арасында Қызылорда, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары бар.

«Жалпы, Қазақстан экономикасы пандемия мен жаһандық экономикалық дағдарыстың елеулі әсеріне қарамастан, нақты секторда да, қызмет көрсету сала­сында да көрсеткіштердің өсуін көрсе­туде» деді А.Мамин бұл жайында.

Үкімет басшысы өңірлердің әкім­деріне Мемлекет басшысы алға қойған барлық міндеттерді тиімді іске асыруды қамтамасыз ету үшін жұмысты жандандыруды тапсырды.

«Бюджеттің кіріс бөлігіне қатысты жыл соңына дейін бекітілген жоспардың 100% орындалуына қол жеткізу қажет. Қазіргі жағдайларда бюджеттің атқарылуы тұрғысынан орталық және жергілікті органдардың басшылары жыл соңына дейін тиімді және уақтылы игеруді қамтамасыз етуі тиіс. Жыл соңына дейін 3 ай қалды және барлық жобаны аяқтап, жоспарларды іске асыру үшін барлық күш-жігерді жұмсау қажет», деп атап өтті Премьер-Министр.

 

Республикалық бюджет нақтыланды

Үкімет отырысында Қазақстан Респуб­ли­касының 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджеті нақтыланды. Күн тәртібіндегі мәселе туралы Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, Ұлттық банк төрағасы Е.Досаев, Қаржы министрі Е.Жамаубаев, Премьер-Министрдің бі­рінші орынбасары Ә.Смайылов баяндады.

Р.Дәленов баяндамасында атап өткендей, болжамды нақтылаудың негізгі факторлары 2019 жылғы ІЖӨ бойынша өзектендірілген есептік деректер, ағымдағы жылдың басынан бергі жедел деректер, мұнай өндірудің жоспарын түзету, сондай-ақ әлемдік нарықтағы мұнайдың бағалануы болып отыр. Министрдің айтуынша, 2019 жылғы өзектендірілген ішкі жалпы өнім көлемі 0,9 трлн теңгеге артып, 69,5 трлн теңгені құрады. Бұл ағымдағы жылғы болжамды есептеу базасын ұлғайтты. Сонымен бірге болжамда экономиканың нақты секторындағы, қызмет көрсету саласындағы үрдістер мен мұнай бағасының конъюнктурасы ескерілді. Әлемдік экономика өсімі бо­йынша халықаралық ұйымдардың консенсус-болжамы ағымдағы жылы минус 5%-ды құрайды, ал 2021 жылы өсім күтілуде.

«Экономика секторларының ағымдағы үрдістерін ескере отырып, біздің баға­лауымыз бойынша, 2020 жылғы нақты ІЖӨ өсімі минус 2,1%-ды құрайды. 2020 жылы номиналды ІЖӨ 69,8 трлн тең­ге көлемінде бағалануда. Ол бұрын нақтыланған көрсеткіштен 102 млрд теңгеге жоғары. Бұл 2019 жылғы базалық көрсеткіштердің өсуімен байланысты. Ұлттық банктің бағалауы бойынша инфляция 8%-ды құрайды» деді Р.Дәленов.

Мұнайдың есептік бағасын ескере отырып, министрлік болжамдық бағаны барреліне 20 доллардан 40 долларға дейін арттыруды ұсынады.

Қаржы министрі Е.Жамаубаев ал­ғаш­қы нақтылау коронавирус инфекция­сымен күресуге және экономикалық белсенділіктің баяулауы жағдайында экономика мен бизнесті қолдауға бағыт­талғанын атап айтты. «Жалпы дағдарысқа қарсы шараларды және Президенттің жекелеген тапсырмаларын қаржыландыру үшін сол кезде бюджет шығыстары 1,4 трлн теңгеге ұлғайтылды. Екінші нақтылаудың міндеті COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі іс-шаралардың іске асырылуын жалғастыру және экономиканың нақты секторын қолдау болып отыр», деді министр.

Е.Жамаубаевтың айтуынша, респуб­ли­калық бюджет түсімдері 185 млрд теңгеге ұлғайып, 12 трлн теңге көлемінде анықталды. Тапшылық ІЖӨ-ге 3,5% деңгейінде сақталды. Республикалық бюджеттің шығыстары 205 млрд теңгеге өсіп, 14,5 трлн теңгені құрайтын болады. Қосымша шараларды іске асыру үшін бюджет шығыстары жалпы сомасы 296 млрд теңгеге оңтайландырылды.

Премьер-Министрдің орынбасары Ә.Смайылов 2020 жылға арналған макрокөрсеткіштердің болжамын нақтылау елдегі ағымдағы жағдайды және әлемдік конъюнктураны ескере отырып жасалғанын атап өтті. «Болжам өзгерістері нақты сектор өсімінің сақталуын және қызметтер саласының біртіндеп қалпына келуін қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, нақтылаудың негізгі міндеті – дәрігерлерге материалдық қолдау көрсету және пандемияның таралуының ықтимал екінші толқыны бойынша алдын алу шараларын қабылдау болды. Осы міндеттерді шешу үшін бюджет шығыстары ұлғайтылды. Ағымдағы жылдың соңына дейін медицина қыз­мет­керлерінің алдындағы барлық міндеттер орындалады» деді Ә.Смайылов.

Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин коронавирус салдарынан бюджетке өзгерістер енгізіп, әлеуметтік сала мен экономиканың нақты секторын қолдау қажет болғанын, нақтыланған бюджеттің жаңа өлшемдері Мемлекет басшысымен келісілгенін атап өтті.