Қазақстан • 14 Қазан, 2020

Тұяқты жануарлар мекені

1442 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұл жануарлардың «тұяқтылар» аталуы аяғының табаны қалың тұяқпен қапталғандығымен түсіндіріледі. Тұяқтылардың негізгі қорегі – шөптесін өсімдіктер. Сондықтан да бұл жануарлар тауда шөптесін өсімдіктер мол өсетін жерлерді мекен етеді. «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде тұяқты жануарлардан арқар, бұлан, марал, елік, қабан кездеседі.

Тұяқты жануарлар мекені

Белгілі бір түрлердің тіршілік ету ор­тасына байланысты жа­нуар­лардың тұяқтары кейбір бейімделу ерекше­ліктеріне ие болуы мүмкін. Мысалы, орман және тундрадағы жануарлар түрле­рінде тұяқтары кең, ал таулы және тасты жерлерде тұяқтары тар болады. Егер терең қардан немесе батпақтан өту керек болса, жануарлар тұяқтарын қозғалтып, арасын ұлғайтады. Таудың тұяқтылары тау мен құзға өрмелеу үшін тұяқтарын пайдаланады, ал солтүстікте терең қарды қазып, сонымен бірге мұзды ою үшін қолданады.

«Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде таулы Тарбағатай, Қа­ра­бас, Арқалы және Үржар, Қатынсу, Еміл өзендеріне дейін тұяқтылар өмір сүру жағдайына байланысты ауқымды аумақта таралған. Қазақстан арқары (Ovis ammon) Тарбағатай тауынан Қарабас және Арқалы тауларына қарай қоныс аударады. Бұл тау­ларда қар жамылғысы аз түсетіндіктен мекен етуге қолайлы. Қарабас пен Арқалы тауларында итмұрын, ырғай, ұшқат, боз, бетеге өсімдіктері басым өседі. Яғни, қыс мезгілінде осы тауларды мекен ететін арқарлар үшін бұл өсімдіктер негізгі қорек болып саналады. Құлжасының дене тұрқы 150-200 см (аналығы 110-160 см), шоқтығының биіктігі 125 см-дей (аналығында – 112 см-дей), сал­мағы 200 килоға жуық (аналығы 60-100 кг). Құлжасының мүйізі өте мық­ты, бұралып иілген, қатпарланған сақи­налы, аналығында – нәзік, қысқа, сарғыш бозғылт немесе қоңыр түсті болады. Үйірімен топталып жайылады. Жазда қатты қуаңшылық болған кезде немесе қыста қар көп жауғанда қорек іздеп алысқа қоныс аударады. Жайылуға таңертең және кешқұрым шығады, кейде қыста күндіз де жайылады. Құлжалары 2,5 жаста, аналығы 1,5 жаста жетіледі. Қазан-қараша айларында күйлеп, сәуір-мамырда аналығы жалқы қозы (кейде егіз) табады.

Ал еліктер (Capreolus pygargus) таудан, қар деңгейі төмен, өзенді суы бар аумақтарға қоныс аударады. Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі же­рінде Үржар, Қатынсу және Еміл өзен аңғарлары еліктер үшін қолайлы. Елік­тер жеміс-жидек, мүк, қына және шөп­тесін өсімдіктердің жүзге жуық түрімен қоректенеді. Жазда жеке-жеке, ал басқа кезде топталып жүреді. Ал марал­дар қыс мезгілінде қар жамылғысы қа­лың болмаған жағдайда күзде ағаш­тар­дан құлаған жапырақтармен, түрлі сабақтармен және бұталардың қа­бығы­мен қоректенеді.

Жабайы шошқа, қабан, доңыз (Sus scrofa) – сүтқоректілер класының жұп­тұяқтылар отрядына жататын жануар. Қамыс-құрақты қопалар мен батпақты жерлерде, өзен аңғарларында көп кез­деседі. Денесі ірі, екі бүйірі қысыңқы, мойыны жуан, басы сүйір, тұмсығы конус тәрізді көлденеңнен кесілген болып келеді. Ұшында жұп тұяғы бар, аяғы мықты, екеуі жақсы жетілген төрт саусағы болады. Құлағы үлкен жә­не жалпақ, көзі кішкентай, танауы таңқы. Денесін қалың қылшық басқан. Аталығының арқасында жалы болады. Жыныстық жағынан 18-20 айда жетіледі. Күйлеуге түсуі тамыздың ортасынан желтоқсанға дейін созылады. Аналығы (мегежіні) 4-10 торай туады. Тістері көп, бұдырлы. Қарыны жіктелмеген, күйіс қайтармайды. Қорек таңдамайтын жануар, топырақты қазып құрт-құмырсқа, өсімдік тамырлары, ұлулар және ұсақ тышқандармен қоректенеді. Ересек қабан шошқаларының түсі коңыр, торайларының терісінде ұзыннан ор­на­ласқан ақ жолақтары бар. Ірі қа­бандардың ұзындығы 2 м, салмағы 300 кило. Топтасып өмір сүреді. Күйлеу кезінде, жекелей тіршілік етеді. Орташа 4-6 торай табады.

Иә, тау мен таста, өзен мен көлде кез­десетін табиғаттың тірі байлығын сақ­тап, оларға қауіп төндірмей, мекен ету ор­тасын қорғасақ, болашақ ұрпаққа қаң­­­қасын емес, тірі жануар ретінде жет­кіз­сек, біз үшін ең үлкен жетістік екені анық.

 

Ринат ҚАБСЕМЕТОВ,

«Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің кіші ғылыми қызметкері

 

Шығыс Қазақстан облысы