Аймақтар • 14 Қазан, 2020

Қапшағайлық шаруалар қант қызылшасы алқабынан әр гектарына 700 центнерден өнім алуда

275 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қант қызылшасы биыл Қапшағай өңірінде 860 гектарға себілсе, облыста тәтті түбір алқабы 16,1 мың гектарға жеткізілді. Жетісулықтар биыл 500 мың тонна қызылша жинап, 42 мың тонна қант өндіруді жоспарланып отыр, - деп хабарлайды Egemen.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қапшағайлық шаруалар қант қызылшасы алқабынан әр гектарына 700 центнерден өнім алуда

Қапшағайдағы  «Етекбаев» шаруа қожалығы 10 жылдан бері жаздық арпа, картоп және көкөністер егумен айналысады. Қожалық соңғы жылдары қант қызылшасына көбірек көңіл бөле бастады. Биыл да 40 гектар жерге қызылша егіп, жаз бойы  тынбай еңбек етіп, төккен маңдай тердің арқасында гектарынан 700 центнерден мол өнім алып отыр.

"Мұндай жақсы нәтижеге үкімет және жергілікті билік тарапынан көрсетілген қолдауларлардың арқасында жетіп отырмыз. Дер кезінде егістіктің суғарылғаны, тыңайтқыштарға арналған субсидиялар беріліп отырғанының өзі – бізге үлкен көмек. Отандық өнімді қолдау арқылы қантпен өзімізді-өзіміз қамти алатындай дәрежеге жетуге мүмкіндігіміз бар» - дейді «Етекбаев» шаруа қожылығының басшысы Нұрлан Етекбаев.

Дәл осындай егістікпен шұғылданатын «Бауыр» шаруа қожалығының да осы жылғы өнімі жаман емес. Биыл 100 гектар жерге жаздық арпа, 10 га сүрлемге арналған жүгері, 10 га жоңышқа және 23 гектар пияз отырғызған. Жалпы егістік жері 143 гектарды алып отыр. Шеңгелді аумағындағы ірі қожалықтардың бірі саналатын бұл қожалық пиязға басымдық берген. Өнімнің өтімі жоғары, сұранысқа ие. Олар өсірген пиязды Қазақстанда ғана емес, Ресейде де тұтынушылар көп. Дәл қазіргі таңда шаруалар өнімді буып-түйіп қоймаға қою үшін әзірлік жұмыстарын жүргізуде. Қоймаға әзірге 600 тоннадай өнім жиналады.

Жалпы Алматы облысында егін науқаны қарқынды жүріп жатыр. Биылғы жылы өңірде егістік алқабы 968,6 гектарды құраған. Өнім шығымы жақсы. Картоп, жеміс-жидек, көкөніс, бақша өнімдері, мал азығы, жүзім алқаптарында күзгі жиын-терін толғығымен аяқталса, дәндік және майлы дақылдарды жинау жұмысы да едәуір еңсерілген. Соның ішінде картоптың, жеміс-жидектің, майлы дақылдардың, дәндік жүгерінің өнімділігінде былтырғыға қарағанда өсім бар.