Коронавирус • 14 Қазан, 2020

Атырауда коронавирус жұқтырғандар саны өсе бастады

677 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысының аумағында 12 қазаннан карантиндік шектеу шаралары ұзартылды.  Бұған соңғы аптадағы аурушаңдықтың екі есе жоғарылауы себеп болып отыр. Атырау облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Асылбек Шаровтың айтуынша, карантиндік шаралар облыс аумағында эпидемиологиялық ахуал тұрақтанғанға дейін жалғасады, деп хабарлайды Egemen.kz

Атырауда коронавирус жұқтырғандар саны өсе бастады

"Өкінішке қарай, соңғы 14 күнде коронавирус жұқтырғандар саны қайта өсе бастағаны байқалады. Мәселен, 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында індет жұқтырудың  5 жағдайы тіркелген болса, 5 қазан-11 қазан аралығында 43 жағдай анықталып отыр. Осыған сәйкес, індеттің алдын алу шаралары ұйымдастырылып, карантин талаптары күшейтілді", дейді  Асылбек Шаров.

Қаулыға сәйкес, атыраулықтарға алаңдарда, саябақтарда, скверлер мен жағалауларда бір отбасы мүшелерін қоспағанда, 3 адамнан аспай топтасып жүруге рұқсат етілген. Сондай-ақ, тұрғындарға  қоғамдық орындарда, қоғамдық транспортта, халыққа қызмет көрсету және демалуға арналған ғимараттарда, ашық ауада медициналық маска кию міндеттеліп отыр.

"Бұдан бөлек, қоғамдық тамақтану обьектілерінің нақтырақ айтқанда, кафе, мейрамхана және басқаларының жұмыс уақыты сағат 08:00-ден 22:00-ге дейін қысқартылды. Келушілер саны жабық ғимараттарда 30 адамнан, ашық алаңдарда 50 адамнан аспай, кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты және  күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтауы тиіс" дейді облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Асылбек Шаров.