Қоғам • 15 Қазан, 2020

Шыңғыстың шыңы

115 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Төртінші сынып оқитын қостанайлық Шыңғыс Ағыбаев есту қабілеті за­қым­­данған балалар арасында өткен ха­лықаралық музыкалық онлайн-фестивальдың жеңімпазы атанды.

Шыңғыстың шыңы

«MED-EL жұлдызы» атты музыка фес­тиваліне қостанайлық жас дарынмен қатар, Ресей, Украина сияқты көптеген елдің өнерпаз өрендері қатысқан. Шыңғыс байқауға Қостанай қаласының орталығында түсірілген «Rise like a phoenix» әнінің бейнебаянын жіберіпті.

– Ұлым отитпен ауырып, үш жасында мүлдем есту қабілетін жоғалтты. Төрт жасқа толған соң, имплант орнаттық. Тілі қалыптасқан соң, баламыздың ән салуды ұнататынын аңғардық. Сөйтіп, вокал үйірмесіне бердік. Кейін биге жазылып, екі үйірмені қатар алып жүрді. Шыңғыс есту қабілеті зақымданған балаларға арналған арнайы балабақшада тәрбиеленді. Бірақ қазір көпшілікпен бірге жалпы білім беретін мектепке барып жүр, – деді жас әншінің анасы Ләззат Ағыбаева.

Қазылар алқасы ән фестиваліне қатыс­қан 85 үміткердің 16-сын ғана финалға жіберген. 10 қазанда өткен ақтық кезеңнің қорытындысы бойынша үздіктер қатарынан дараланып шыққан Шыңғыс жеңімпаз атанды. Анасының айтуынша, бұл дарынды өнерпаздың алғашқы жеңісі емес. Ол бұған дейін Польша астанасында да ән шырқап, жеңіс тұғырынан көрініпті.

 

Қостанай облысы