Қоғам • 15 Қазан, 2020

«Офлайн өмірге» қаншалықты бейімделе аламыз?

855 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ғылым мен техниканың дамыған заманында кез келген жұмысты интернет арқылы орындау қалыпты жағдайға айналды. Алайда күнделікті күйбің тіршілік деп технологияның зиянды жақтарын тиімді тұстарынан ажырата алмай жатамыз. Бұл әсіресе технология ғасырында туған өскелең ұрпақ үшін аса маңызды.

«Офлайн өмірге» қаншалықты бейімделе аламыз?

Қазіргі таңда интернетке тәуел­ділік әлемдегі ең басты мәсе­лелердің біріне айналып отыр. Жасөспірімдердің көпшілігі виртуалды әлеммен шектен тыс әуестенеді. Осыған байланысты «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер республикалық ұйымы интернетке тәуелділіктің алдын алу мақсатында «ReStart» жобасын бастады. Шілдеде басталған жоба қараша айының соңына дейін жалғаспақ. Негізгі мақсаты – жастарға, балалар мен ата-ана­ларға виртуалды кеңістіктің қауіпсіздік ережелерін түсіндіру.

Жоба шеңберінде жастар мен балалардың интернетке тәуелділігін анықтау әдістемесін әзірлеп, түрлі тақырыптар бойынша талдау жұмыстарын жүргізу үшін сарапшылар пулы құрылды. Топқа психология, әлеуметтану, құқық, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы білікті мамандар тартылды. Қазіргі уақытта сарапшылар жастар мен балалардың интернетке тәуелділігін анықтау әдістемесінің жобасын әзірлеп, оны тәжірибеден өткізіп жатыр. Нәтижесінде, интернетке тәуелді жастардың базасы жасақталады.

Сарапшылар интернетке тәуелділікті анықтау бойын­ша әлемдік тәжірибедегі қол­даныстағы әдістемелерге тал­дау жасады. Қазір 14-29 жас ара­лығындағы жастар ара­сын­­да әлеуметтік зерттеу жүр­гізіліп жатыр. Осы  арқылы интернет қауіпсіздігіне қатыс­ты мәселелердің бүгінгі жай-күйін талдап, деңгейін айқын­дауды көздейміз. Мамандар ата-аналарға арнап балала­ры­мен қандай жұ­мыс жүр­гізуге болатыны жа­зыл­ған нұс­­қаулықтар дайындайды. Уәкі­летті мемлекеттік ор­ган­дар­ға ұсыныстар әзірлеу мақ­сатында азаматтарды желі­де қорғауға бағытталған Қазақ­стан Республикасының заңна­маларына, нормативті-құқықтық актілеріне де талдау жасалынды.

28 шілде және 7 тамыз ара­лығында тәжірибелі сарапшылар, педагог-психологтер, орталық және жергілікті мемлекеттік ор­гандар өкілдері, жастар мен жасөспірімдер және ата-аналар­дың қатысуымен қоғамда интернетке тәуелділіктің туындау себептері мен алдын алу мәсе­лелерін талқылау мақсатында 4 онлайн-кездесу өтті. Пікір алаң­дарының нәтижелері бойын­ша мемлекеттік органдар мен білім беру мекемелеріне арнайы ұсыныстар әзірленді.

Сондай-ақ Білім және ғы­лым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесе отырып, мектеп психолог­тері мен әдіскерлеріне арнап оқыту семинарын өткізді.  Аталған ша­раға еліміздің түкпір-түкпірінен 7647 мектеп психологі мен әдіскері қатысып, аталған бағыт бойынша біліктіліктерін арттырды.

Бұл ретте көп уақытын онлайн өткізетін жастар да назардан тыс қалған жоқ. Оларға арналған медиа сауаттылық курс­тары 7 қыркүйек пен 2 қазан аралығында ұйымдастырылды. Қазақстанның IT саласындағы беделді оқу орны – Халықаралық IT университетінің тәжірибелі мамандары қатысушыларға интернет, телефон, әлеуметтік желі, жалған ақпарат, киберқауіпсіздік тақырыптарында 40 сағат дәріс оқып, тәжірибелік сабақтар жүргізді.

Одан бөлек бос уақытын тиімді пай­далану, өмірлік құн­ды­лық­тарының қалыптасуы мен өзін-өзі дамыту бойынша бағдар беретін еліміздің танымал тұлғалары мен білікті мамандарынан 39 ментор жасақталды. Олар жастарға көшбасшылық, кәсіп таңдау, бизнес, журналистика, шешендік өнер, ғылым, медицина, кино индустрия және өзге де бағыттар бойынша кеңес беріп, қолдау көрсетеді.

Интернеттің жағымсыз тұс­тарын қоғамда ашық көрсету де аса маңызды. Сол себепті ке­шенді жобалар қатарында фото­көрме ұйымдастыру да бар. Осы мақсатта республикалық фото­көрмеге қатысу үшін қыркүйек айында байқау жарияланған еді. Өңірлерден 195 автордан 532 жұмыс келіп түсті. Қазір олар баға­ланып жатыр. Бізге келген туындыларды фотограф Оспан Әли және дизайнер, иллюстратор Аңсаған Мұстафа секілді тұлға­лардан жасақталған комиссия қарай­ды. Ал үздік жұмыстар аймақ­тарда өтетін фотокөрмеге қойылады.

Бастамалардың кейбірі жас­тарды интернетсіз өмір сүруге бейімдеуге бағытталған. Сол себепті 17 қазанда барлық өңір­лерде «Офлайн күн» акциясын өткізуді жоспарлап отырмыз. Акцияға 800-ден астам жас қатысады. Олар күні бойы интернет пен гаджеттерден бас тартып, сол күнді спортқа, қайы­рымдылыққа арнайтын болады. Бір күндік акцияның нәтижесі «Офлайн өмір» марафонына жалғасады.

Бұл тұста жастарға құқық­тық­ және психологиялық кө­мек те қажет. Сол мақсатта консуль­та­циялық көмек көрсету телефон же­лісі тамыз айынан бастап іске қосылған. Бұл жерде интер­нетте қысым көрген жандар құқықтық, психологиялық кеңес ала алады. 17 тамыз бен 30 қараша аралығында телефон немесе whatsapp желісі арқылы хабарласуға болады.

Соңғы жылдары жастардың интернетке, мобильді телефонға асыра тәуелділігі ата-аналар мен маман­дарды алаңдатып отыр. Сол себепті де жастар ұйымдары қол­ға алған бастамалардың бір бөлі­гі осы мәселені шешуге ба­ғыт­талған. Жоғарыда айтыл­ған жобалардан бөлек, медиа сауат­тылықты арттыру бойынша республикалық чемпионат, ұлт­тық тәрбие мен мә­дениетті на­сихаттау мақсатында лагерь жұ­мысын ұйымдастыру жос­парланып отыр. Азаматтық бас­тамаларды қолдау орталығының көмегімен жүзеге асырылып жат­қан жобаның нәтижесі қараша айын­да белгілі болмақ.

Бұл өзекті мәселе бір жобамен шек­телмейтіні анық. Әлеуметтік бейнероликтер мен сюжеттер арқылы жастардың санасына технологияның зияны мен қаупі жайлы ақпаратты үнемі сіңіріп отыру керек. Өйткені қазір қо­ғамда интернет пен гаджет­тердің тек жағымды тұсын насихаттау белең алған секілді. Жоғарыда айтылған кешенді жоспар осы мақсатта жасалған қадамдардың бастамасы болмақ.

 

Динара САДУАҚАСОВА,

«Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрағасы