Аймақтар • 15 Қазан, 2020

Екібастұзда 144 отбасы қоныс тойын тойлады

183 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Пәтерлер кілтін Екібастұз тұрғындарына Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов табыстады, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Екібастұзда 144 отбасы қоныс тойын тойлады

Қоныстанушылар жаңа үйдің алдында өңір басшысымен бірге шырша отырғызды. Екібастұздықтар бұл ағаштар 8-10 жылдан кейін ауланың әрін кіргізетініне сенімді.

"Бүгін "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында 144 отбасы пәтер алатынына қуаныштымын. Биыл Екібастұзда ауданы 56 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріледі, бұл 1000-нан астам пәтер. Қалада мұндай көлемде тұрғын үй құрылысы болмағалы біраз уақыт болды. Әр отбасына бақыт пен амандық тілеймін. Сіздерді жаңа қоныстарыңызбен құттықтаймын!" - деп атап өтті Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов.

Алғаш болып пәтер алғандар қатарында Гүлмира Асқарова да бар. Көп балалы, әрі жалғыз ілікті ана бұл сәтті сегіз жыл күткенін жеткізді.

"Менің бірінші балам мүгедек, жолдасым жоқ, пәтер кезегінде тұрғаныма сегіз жыл болды. Бүгін менің төбем көкке жетті. Неше жылдан бері аңсаған арманым орындалды. Осындай керемет үй салып берген мемлекет пен құрылысшыларға алғысым шексіз", - деп ол қуанышын жасыра алмады.

 

Жаңа тоғыз қабатты үй пайдалануға берілген шағын ауданда тағы төрт үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Жоспар бойынша жыл соңына дейін бұл аулада 432 отбасы тұратын болады.