Президент • 16 Қазан, 2020

Президент Қ.Тоқаев: Абай өсиеті – ұрпақтың айнымас темірқазығы

723 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ақынның рухына тағзым ету үшін қасиетті Семей өңіріне арнайы келді. Президент алдымен ат басын Абай музейіне бұрып, «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты.

Президент Қ.Тоқаев: Абай өсиеті – ұрпақтың айнымас темірқазығы

 

Ұлы ақын екі ұлын екі жағына алып түскен суретіне негізделіп жасалған ерекше мүсіннің салтанатты түрде лентасы қиылып, Мемлекет басшысы гүл шоқтарын қойды.

– Құрметті қауым! Ардақты ағайын! Хакім Абайды біртұтас ұлт болып ұлықтау – біздің перзенттік парызымыз. Ұлы ақынның рухына тағзым ету үшін мен осы қасиетті топыраққа арнайы келдім. Қала тұрғындарын және бүкіл елімізді Абай мен оның ұрпақтарына арналған жаңа ескерткіштің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – біртуар ғұлама ойшылымызға деген зор құрметтің белгісі. Ұлы Абай – біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол – қазақтың жан-дүниесінің тұңғиығына бойлаған дара тұлға. Оның өлеңдері мен қара сөздері – ұлттық болмысымыздың айнасы.

Абай жаңа әдебиетіміздің негізін қалаған ақын ретінде ел тарихында ай­рық­ша із қалдырды. Оның еңбектері бір ға­сырдан астам уақыт өтсе де өзекті­лігін жоғалтқан емес. Әлі күнге дейін баршамызға рухани азық болып келеді.

Ақынның ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы – халқымыздың және жаһан жұртының асыл қазынасы. Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас те­мір­қазығы. Ұлы ойшыл жастарды білім мен ғылымды игеруге, өнер мен тілді үйренуге, маңдай термен мал табу­ға шақырды.

Ақын айтқан бес асыл іс: Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым – ұлт үшін ауадай қажет қасиеттер. Біз дамуды тежейтін бес дұшпаннан арылып, елдік мүдде жолында еңбек етсек қана қоғамдық сананы жаңғыртамыз.

Біз Абай аманатына адал болуымыз керек. «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесінің берік орнығуы осыған байланысты. Ол үшін бүгінгі буын Абай мұрасынан нәр алып, рухани кемелденуі қажет. Мына еңселі ескерткіш жас ұрпаққа тағылымды ой салуға тиіс.

Абай және оның сөзі мен ісін жалғаған парасатты перзенттері Ақылбай мен Турағұл – елге үлгі болған тұлғалар.

Мұнда ұрпақ сабақтастығы, әке мен баланың сыйластығы бейнеленген. Бұл – Құнанбай қажы әулетінің тектілігін танытатын туынды.

Абай шаңырағының тағылымы – ұлт ұлағатының көрінісі. Жалпы, тәлім-тәрбие ұлт сапасын қалыптастыратын басты фактордың бірі болуы керек!

Құрметті қауым! Біз биыл Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтуге ерек­ше мән бердік. Мемлекеттік және халық­аралық деңгейде ауқымды іс-ша­ралар өткіздік. Ақын мұрасын наси­хат­тауға, ұла­ғатты сөзін жас ұрпақтың санасына сіңіруге ден қойдық. Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені жаңа талапқа сай жаңғыртылды. Ұлы ақынның рухына тағзым етуге келетін жұртшылыққа қолайлы жағ­дай жасалды. Біз мерейтой кезінде ысырапшылдық пен даңғазалыққа жол берген жоқпыз. Абай айтқан мақтаншақтық, «бекер мал шашпақты» тыюдың бір жолы осы деп санаймын.

Ұлы ойшылдың мұрасы – еліміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашатын баға жетпес құндылық. Абайдың асқақ рухы ұлы мұраттарға жетелей берсін, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ескерткіштің ашылу салтанатынан кейін Президент Абайдың «Жидебай-Бөрлі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әде­би-мемориалды қорық-мұражайын аралап көрді. Мұражай 1940 жылы ақын­ның туғанына 95 жыл толуына орай ашылған. Бұл Қазақстан тарихын­да тұң­ғыш әдеби-мемориалды мұражай саналады. Мұнда ол құнды жәдігерлермен, за­ман­ауи үлгіде жабдықталған мульти­ме­диа­лық залдың жұмысымен танысты.

Ойшылдың 175 жылдық мерейтойы­на орай музей залдары қайта жөнделіп, ғимараттың қасбеті мен аумағы жаңар­тылған. Мемлекет басшысы салтанатты түрде ашқан «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткіші де осы мұражай аумағында орналасқан. Президентке мұражайдағы жаңа экспозициялар ұсынылды. Енді музейге келушілер экспонаттарды көріп қана қоймай, заманауи құрал-жабдықтардың көмегімен Абай өмір сүрген заманның рухын сезініп, ұлттық аспаптардың үнін тыңдай алады. Қасым-Жомарт Тоқаев мультимедиалық залдың жұмысына оң баға берді.

 

Сонымен қатар Қазақстан Прези­дентіне «Ақынның балалық шағы», «Ақынның қалыптасуы», «Ақынның шығармашылығы», «Абайдың поэзиялық мектебі», «Отбасы», «Қара сөздер» залдарындағы жәдігерлер таныстырылып, ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығы жайында жан-жақты мәлімет берілді. «Ақынның отбасы» залында Абай Құнанбайұлының ұрпағы Айдос Ақылбаевпен жүздесті.

Салтанатты іс-шара соңында зиялы қауым өкілдері атынан сөз алған Семей қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақов Семей қаласындағы әлеуметтік-экономикалық және мәдени саладағы оң өзгерістерге тоқталып, Президентке алғысын жеткізді.

1

 

«Толық адам» толыққанды қоғамға бастайды

Бұдан соң Қазақстан Президенті мәдени-спорт кешеніндегі көрмені тамашалады. Мемлекет басшысына Абайдың сирек кездесетін кітаптары, «Абай әлемі» сериясы бойынша шыққан кітаптар мен филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Ме­кемтас Мырзахметұлының ақын шығар­машылығына арналған көптомдығы ұсынылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлы Дала алтыны» археологиялық көрмесін аралап көргеннен кейін абайтанушы ғалымдармен кездесті. Президент ұлт зия­лыларымен қасиетті топырақта, тарихи маңызы зор Семейдің төрінде жүздесіп отырғанына қуанышты екенін жеткізді. Абайдың 175 жылдық мерейтойы әлемдік пандемияға тап келсе де, ұлы баба рухы алдындағы перзенттік парызды адал атқару үшін күш салғанымызды атап өтті. Кездесуде бұл мерейтойдан той тойлауды емес, тағылым алуды мақсат еткенімізді баса айтты.

– Биылдан бастап 10 тамыз «Абай күні» деп бекітіліп, мерекелер қа­тарына қосылды. Ақынның еңбек­тері он тілге аударылып, әлемнің беделді кітапханаларына жіберілді. Шетелдегі елшіліктеріміздің жанынан Абай орталықтары ашылды. Бірақ бұл тек алғашқы қадам ғана, келешекте мүмкіндікке қарай Абай инс­титуттарын ашамыз деп ойлаймын. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Абай академиясы құрылды. Бұдан былай академия ақын шығармашылығын жүйелі зерттеумен айналысады. «Абай» телеарнасы өз жұмысын бастады. Жоғары оқу орындарында «Абайтану» курсын оқыту қолға алынды. Қазақ қоғамында өзіндік орны бар Семей қаласы «тарихи орталық» ретінде белгіленді. Осындай игі шаралар ұлы ойшылдың баға жетпес мұрасын жас ұрпақтың санасына сіңіру үшін жасалды. Бүкіл түркі әлемінде Абай философиясын дәріптеу ісінде айтарлықтай табысқа қол жеткіздік, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында жарық көрген «Абай аманаты» атты мақа­ла­сындағы «Ұлы ақын елдің бола­шақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығына айналды» деген сөзіне ерекше тоқталып өтті. Сондық­тан әдебиетіміздің әлемге танымал алы­бын бүкіл халық болып ұлықтау мемлекетіміздің мерейін арттыратынын сөз етті. Ұлы ойшылдың асыл мұрасын ардақтау және жан-жақты дәріптеу –  баршамыздың міндетіміз екенін, оның әр сөзіне жете мән беріп, астарына үңіліп, парасат-пайымына бойлай білу қажеттігін жеткізді.

– Абай – мемлекет ісінің мүдделесі, бірлігі жарасқан жұрт болу идеясының жақтаушысы. Ол өз шығармалары ар­қылы ел еңсесін тіктеуге зор үлес қосты. Ұлы ақын ұлтты ұйыстырып, әділетті  қоғам құруға үндейді. Біз ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы дәл осы ұстаныммен сабақтас. Түйткілді мәселені мемлекет пен қоғам өкілдерінің бірлесе талқылауы – өркениетті қоғамның белгісі. Мұндай пікір алмасу халықтың билікке деген сенімін арттырады, тұрақтылықты нығайтады. Билік пен бұқараны жақындастыратын осы идеяның бастауында ұлы Абай тұр деп сеніммен айта аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы биылғы Жол­дауында ұлттың жаңа болмысын қалып­тастыру туралы айтқанын, мұның стратегиялық маңызы бар міндет, кезек күттірмейтін мәселе екенін айта келе, ұлтымыз бен жұртымыздың жаңа болмысын қалыптастыру үшін бізге Абайдан асқан ақылшы жоқ екенін де еске салды.

– Осынау жолда ақын мұрасын зерделеу арқылы әрекет етсек, берекет табатынымыз анық. Біз іздеген бар­лық сұрақтың жауабы хакім Абайдың өлмес өлеңінде, салиқалы сөзінде тұр. Ұлы ойшылдың «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсиеті – соның айқын дәлелі. Абай аңсаған қоғам – ойы озық, санасы сергек «толық адамның» толыққанды қоғамы. «Толық адам» дегеніміз – бұл сол замандағы инновациялық философия үрдісі. Турасын айтсақ, Абай өз заманынан озып шықты деген сөз. Себебі орыс тілінде «Цельная натура» я болмаса ағылшын тілінде «A person of integrity» деген түсініктер әлдеқайда кеш пайда болды. Біз ақын мұрасына және зиялылардың әлеуетіне сүйеніп, осындай қоғам орнатуымыз керек. Ол қоғамның ұлттық идеясы білім мен ілімге жетелейтін ағартушылық ұстаным болуға тиіс, – деді Президент.

Мемлекет басшысы биылғы мерейтой кезінде елге ой салатын, тағылымы мол нақты шаралар атқарылғанын, бұл үрдіс Абай жылынан кейін де жалғаса беретінін атап өтті. Сондай-ақ ұлы Абайдың тұлғасын шетел жұртшылығына кең ауқымда таныту жобасы бойынша ақынның шығармалары ағылшын, испан, араб, түрік, қытай, неміс, итальян, француз және жапон тілдеріне аударылды. Президент бұл аудармалардың көркемдік сапасы өте жоғары деп санайтынын айтты.

– Абай шығармаларын әлемде кең тараған тілдерге аударып, басу – бірегей халықаралық жоба. Бұл жаһанға қазақ мәдениетінің жаңа қырын танытып, әлемдегі барша оқырмандарға Абай шығармашылығымен, терең философиясымен және теңдессіз лирикасымен танысуға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев зиялы қауым өкілдерінің қоғам­дағы рөлі мен орнына тоқталып, олардың қашанда ұлттық құндылықтарды бәрінен биік қоятынын, әрдайым мәртебелі миссия атқарып келе жатқанын ерекше атап өтті.

– Өткен ғасырдың 60-жылдарында қаламгерлер ұлттың рухын көтерді. Ұлт жазушылары жылымық кезеңде ел мүддесімен өзектес шығармаларды өмірге әкелді. Тәуелсіздіктің алғашқы  жылдарында  зиялылар халықты береке-бірлікке шақырды. Олар ұлт мұрасын түгендеп, тарихымызды жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосты. Зиялы қауым жас мемлекеттің шежіресін жасап, бү­гін­гі ұрпақтың санасына сіңірді. Енді олардың қазіргі кезеңдегі міндеті – ұлт бол­мысының жаңа қағидатын қалыптастыру, ұлт сапасын арттыруға атсалысу, – деді Президент.

Осы ретте гуманитарлық саланы дамытуды қолға алу керек екенін айтып, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиетін оқытуға және сапалы оқулық дайындауға баса мән беруіміз қажет екеніне тоқталды.

– Біз ана тіліміз бен төл әдебиетіміздің қадір-қасиетін балаларға мектеп жасынан бастап сіңіруіміз керек. Бұл ба­ғытта бірыңғай ұстаным қажет. Яғни Алматыдағы  Абай атындағы мек­теп-интернатының мүмкіндіктерін то­лық пайдаланған жөн. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын бұл мек­тептің оқу үдерісі басқа мектеп­терге үлгі болады деп ойлаймын. Оны заманауи талапқа сай жан-жақты жетіл­діріп, «Абай мектебі» деп аталатын ең үздік білім ордасына айналдыру қажет. Жалпы, біз келешекте Абай мектептерін ашу туралы ойлануымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Кездесу барысында Мекемтас Мыр­захметұлы Абайдың «Толық адам ілімі» қалай пайда болғаны жөнінде әңгіме өрбітті. Сондай-ақ Тұрсын Жұртбай, Ғарифолла Есім, Борис Щербаков сынды ғалымдар мен абайтанушылар, «Абай оқулары» конкурсының жеңімпазы, Риддер қаласындағы №16 орта мектептің оқушысы Варвара Влади­мирцевалар сөз сөйледі.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев абайтануға айтулы еңбек сіңір­ген, отандық ғылымның дамуына өлшеу­сіз үлес қосқан бірқатар азаматтарды мем­лекеттік наградалармен марапаттады.

 

Үлгі боларлық үрдіс

Жұмыс сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Жидебайға бұрылып, «Абай-Шәкәрім» мемориалдық ке­шені мен ақынның мұражай-үйінде атқа­рылған шаруалармен танысты.

Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы аясында мемориалдық кешен мен Абайдың мұражай-үйі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай қайта жаңғыртылған. Кіреберісінен басталатын жаяу жүргіншілердің жолынан бастап кешеннің үстіне шығаратын жолға дейін гранит тас төселген. 200-ге жуық шырша көшеттері егіліп, амфитеатрдың төбесі күмбезделген. Кіреберіс алаңға үлкен конструкциялық жобалар жасалған. Қазақстан Президенті атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, мемориалдық кешен мен мұражай-үйіне естелікке кітаптар сыйлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев қайта жаң­ғыр­тудан өткен «Сапар орталығын» аралап көріп, зияратшыларға қызмет көрсету орнының жұмысын жоғары бағалады.

Жалпы, биылғы мерейтойға орай Абай ауданында ауқымды жұмыс атқарылған. Оның ішінде ақынның кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлақта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кіреберіс жолына асфальт төселген. Абай су ішкен бұлақтың басы толығымен абаттандырылып, шырша, шынар ағаштары отырғызылып, ақынның 45 қара сөзі жазылған мәрмәр тастар қойылған. «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деген стелла тұрғызылған.

Ерекше атап өтерлігі, Құнанбай мен оның әулеті жерленген Ақшоқы қоры­мының аумағы кеңейтіліп, толығымен абаттандырылды. Елімізде тұңғыш рет ұлы Абайдың кемеңгер әкесі Құнанбайға арнап, оның өмірі мен қайраткерлік қызметін дәріптейтін Құнанбай музейі салынды. Музей іші заман талабына сай жабдықталған, конференция және экспозициялық залдармен жасақталған. Музейдің экспозициялық залына ұлылар мекенінің тарихынан, өнері мен мәдениетінен, тұрмыс-салтынан сыр шертетін құнды жәдігерлер, бағалы бұйымдар, тұрмыстық заттар қойылған.

Жыл көлемінде Семей мен Абай ауданында ауыз толтырып айтарлықтай қыруар шаруа атқарылды. Ең бастысы, Президент айтқандай, ысырапшылдық пен даңғазалыққа жол берілген жоқ. Бұл үрдіс өзге де мерекелік іс-шараларға үлгі болса игі.

1

 

Шығыс Қазақстан облысы