Қоғам • 16 Қазан, 2020

Той өткізу тыйылмай тұр

627 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Атырауға да шетелдерден қатынайтын халықаралық әуе рейстері бар. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, мұнайлы өңір әуежайына 6-9 қазан аралығында шетелден 5 әуе рейсі қонды. Ыстанбұл, Анталия және Амстердамнан жеткен ұшақтармен барлығы 408 адам келіпті. Алайда 67 жолаушыда коронавирус инфекциясының жоқтығын дәлелдейтін ПТР-тест анықтамасы болмаған.

Той өткізу тыйылмай тұр

 

Сол себептен бұл жолаушылар кара­н­тин­дік стационарларға жатқызылды. Бар­лық жолаушыдан қауіпті індетке қарсы сынама алынды. Оның қорытындысы теріс нәтиже көрсетті, жолаушылардың ешқайсысынан қауіпті инфекция анық­тал­ған жоқ. Сондай-ақ Атырау қала­сы мен аудандарда құрылған 114 мобиль­дік топ карантиндік талаптардың сақта­луына мониторинг жүргізіп, күн сайын­ғы рейд жұмысын күшейтті. Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысын орындау мақсатында 5 шілде мен 9 қазан аралығында мобилді топ 1600 рейдтік тексеріс жүргізді. 653 материал жинақталып, шағын және орта кәсіпкерлікке, сонымен қатар жеке тұлғаларға 463 әкімшілік іс қозғалып, 66 млн 794 мың теңгеге айыппұл салынып отыр. Мобилді топ азық-түлік дүкендері мен тамақтану орындарына, көлік жуу орталығы секілді 139 нысанның иелеріне 55 592 590 теңге айыппұл салды. Ал карантиндік талаптарды бұзу дерегіне қатысты 190 материал қаралып жатыр.

Шектеу шараларын елемеу тұрғындар тарапынан жиі байқалады. Өйткені атыраулықтар той, туған күнді атап өту секілді шараларды тоқтатпай тұр. Мұндай деректі полиция қызметкерлері 9-11 қазанда мобилді топтармен бірге жүргізген рейд кезінде анықтап отыр.

– «Атырау» шағын ауданындағы 17-көшедегі үйде 40-50 адам, ал Мечников көшесіндегі үйлердің бірінде 30-40 адам қатысқан той өткізілген. Студенттер көше­сінде орналасқан мейрамханалардың бірін­де өтіп жатқан тойда 80, «Алмагүл» шағын ауданындағы мейрамханада өткен туған күнде 50-60, Тайманов көшесіндегі мейрамханада 50-60 адамның жиналуымен той өткені анықталды. «Жерұйық» шағын ауданында орналасқан мейрамханадағы караоке-барға 15-20 адам жиналған. Ал «Лесхоз» шағын ауданында және Владимирский көшесіндегі екі кальян-бар иесі де карантин режіміне қарамай, жұмыс істегені белгілі болды, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлназира Мұхтарова.

Міне, тұрғындар мен мейрамханалар иелерінің тарапынан карантиндік шектеу шараларын сақтамауы облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Асылбек Шаровтың жаңа қаулыға қол қоюына себеп болып отыр. Енді қаулыға сәйкес 12 қазаннан бастап эпидемиялық ахуал тұрақтанғанға дейін ұзартылды. Шектеу шараларының қанша күнге созылатыны туралы мерзімі нақтыланған жоқ. Демек, ұзаққа созылуы мүмкін.

– Өкінішке қарай, соңғы 14 күнде коронавирус жұқтырғандар саны қайтадан өсе бастағаны байқалады. Мәселен, 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында індет жұқтырудың 5 жағдайы тіркелген болса, 5-11 қазанда 43 жағдай анықталып отыр. Осыған сәйкес, індеттің алдын алу шаралары ұйымдастырылып, карантин талаптары күшейтілді, – деп түсіндірді Асылбек Шаров.

Қаулыға сәйкес атыраулықтарға алаңдарда, саябақтарда, скверлер мен жағалауларда бір отбасы мүшелерін қос­па­ғанда, 3 адамнан аспай топтасып жүруге рұқсат етілді. Сондай-ақ тұр­ғындарға қоғамдық орындарда, қо­ғам­дық көлікте, халыққа қыз­мет көрсету және демалуға арналған ғи­ма­рат­тар­да, ашық ауа­­­да меди­ци­налық маска кию міндеттелді.

– Бес жасқа дейінгі балаларды, қо­ғам­дық тамақтану орындарында тамақ­тану жағдайларын, жеке және бес адамнан аспайтын топтық спортпен айналысатын адамдарды қоспағанда, әлеуметтік қашықтықты міндетті түрде сақтай отырып, қоғамдық орындарда, қоғамдық көлікте, халыққа қызмет көрсету және демалуға арналған ғимараттарда, ашық ауада медициналық немесе мата бет­пер­делерін кию міндетті, – дейді бас мем­ле­кет­тік санитар дәрігер А.Шаров.

Оның қаулысымен бір мезгілде жабық ғимараттарда 30, ашық алаңдарда 50 адамнан аспайтын, кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты, күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режімді сақтап, бір отбасының мүшелерін қоспағанда бір үстелге 4 адамнан отырғызып, қоғам­дық тамақтандыру нысандарының (дәмха­на­лар, мейрамханалар және басқалар) қызметі сағат 08:00-дан 22:00-ге дейін шек­телді. Мұндай шектеу сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері (бутиктер), сауда желілеріне қолданылады. Сонымен бірге жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың жалпы сыйымдылығының 30%-ынан аспайтын толымдылығы кезінде күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режімді, бір келушіге 4 шаршы метр есебінен әлеуметтік қашықтықты сақтап, жұмыс істеу уақыты 17.00-ге дейін қыс­­қар­тыл­ды.

Ал жаттығу залдары мен фитнес-орталықтардың, спорт секциялары мен спорттық-сауықтыру орталықтарының, саяхаттау катерлерінің (өзен трамвайы) қызметі тоқтатылды. Сондай-ақ демалыс және мереке күндері азық-түлік супермаркеттері, сауда-ойын-сауық орталықтары (бутиктер), сауда үйлері мен сауда желілері, азық-түлік емес және азық-түлік сататын жабық базарлар жұмыс істемейді.

Әрине, мұндай шектеу шаралары қауіпті індеттің таралмауы үшін қолға алынғаны даусыз. Алайда бұған ренішін білдіріп жатқандар бар. Жақынына жанашыр болып, ағайын-туысының амандығын ойлағандар той, туған күн секілді шараларды өткізудің соңы өкінішке ұрындырарын біледі. Десек те, топ адамды жинап той өткізу, туған күнді атап өту, сондай шара­лар­дан түсірілген суреттерді әлеу­мет­тік желіде жариялау тыйылар емес. Бұл ма­қ­та­ныш па, әлде өзгелерге қыр көрсету ме? Той мен туған күннен суреттер жария­ла­ған­­дар өздерін ұстап беретінін түсін­бей­тін секілді.

Тегінде «Сақтансаң – сақтармын» де­генді ұғынатын, қауіпті індеттің бірін­ші тол­қыны кезінде дәрі іздеп сабыл­ған­дар­дың, дем жетпей, бір жұтым ауаға зар бол­ғандардың қиналысынан сабақ алатын уақыт жеткен жоқ па?..

 

Атырау облысы