Абай • 16 Қазан, 2020

Абайды оқыту балабақшадан басталуы тиіс

688 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абайдың мол мұрасы, нақыл сөздері өскелең ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік қасиеттер қалыптастыру үшін аса қажет десек, оны әрбір адамның бойына сіңіру мен қалыптастыру балабақшадан басталуы тиіс. Өйткені балабақша – білім мен тәрбие берудің алғашқы баспалдағы. Абайдың құнды қазынасын оқыта отырып балдырғандарды таным-білімге жетелеу – ұрпағымыздың болашағына зор үмітпен қарау.

Абайды оқыту балабақшадан басталуы тиіс

Хакім Абайдың шығармашылығы өте орасан білім, қазына. Оны бір айда немесе бір жылда балаларға сіңіру оңай шаруа емес, сондықтан білімді кішкентайынан бастап адам бойына сіңіргенше қамтамасыз ету керек. Балабақшада Абай өлеңдерін жаттату, қара сөздерін оқып, мазмұнын ашып түсіндіру, ақпараттық-коммуникативтік ашық сабақтар өткізу арқылы таныс­тыруға болады. Оның кішкентай кезін­дегі ақыл-парасаттылығы мен дана­лы­ғын театрлық қойылым ретінде көр­сету білімді жеткізудің тың тәсілі. Ақынның қара­сөздерінің өзі бір тылсым дүние. Бал­дыр­ғандарға жеткізу сәл ауырлау бол­ғанымен, кейбір қарасөздерін үйре­тіп түйсіндіруге болады. Мысалы, жетінші сөзі:

«Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақүй бола алмайды. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұ­ның бәрі – жан құмары, білсем екен, көр­сем екен, үйренсем екен деген». Бал­­дыр­ғандарға жан құмарына шақыра­р­лық іс-әрекеттерді үйренуін, бойына тоқуын осы сөзі арқылы жеткізу дұрысырақ.

Абай өмірбаянын кезең-кезеңге бө­ліп, оны балалардың жас ерекшелі­гіне қарай қойылым, кішігірім театр іспеттес сабақтармен жеткізу жеңілірек. Өйткені образдық қойылымдар, әсіресе кейіп­кер ретінде оны сомдаған бала мәліметті тез қабылдайды. Қойылым барысын­да сол дәуірге сапар шегіліп, Абайдың ауылында болып қайтқандай сезім бала миында тез сақталады. Сол дәуір­­дегі қолданған аспаптарды, киген қазақы киімдерімізді, ата-бабаларымыз­дың қалай өмір сүргендігін жеткізу – тарихымызды сіңіруге септігін тигізбек. Осы орайда біздің №62 «Ботақан» бөбекжай балабақшасы да өз үлесін қосуда. Еңбек жолымда ұлы ақынның «Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген нақыл сөзін әрдайым қолдана отырып, балабақша адам өміріндегі ең бірінші қалыптасатын баспалдақ деп білемін.

 

Ұлмира ДОСБЕРГЕНОВА,

балабақша тәрбиешісі

 

ШЫМКЕНТ