Руханият • 16 Қазан, 2020

Бізге таңсық бір бейне

205 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Есіңізде болар, ана жылдары әлемдік теледидар ел қызығатындай талай тамаша дүниелерді бір шетке ысырып қойып, тұмсығы сорайған, жағына пышақ жанығандай жүп-жүдеу «қара шалдың» мұхит тереңінен түсірген репортаждарын күн құрғатпай бірінен соң бірін көрсетуші еді ғой. Сол ғажап ленталар әліге дейін көз алдымызда. «Шалдың» аты-жөні – Жан Кусто, атақты мұхит зерттеушісі. Оның ұлтына, қайда дүниеге келгеніне жұрт қызықпайтын. Қызығатыны – мұхит түбіндегі кереметтерді еш боямасыз, қаз-қалпында түсірген кино туындылары.

Бізге таңсық бір бейне

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бір адам әзер сыятын ауа толтырыл­ған қобдишаның ішіне кіріп, қолынан кино аппаратын тастамаған күйі кө­рерменге күле қарап, дәп бір өз еркімен ажалмен арпалысқа бара жатқандай мың метрлік тереңдікке сүңгитін Кус­тоның сол жанқиярлық ерлігін өкініш­ке қарай, бүгінге дейін ешбір жан то­лық мағынасында қайталай алған жоқ. Өзі дүние салған соң ол істі ұлы жал­ғас­тырмақшы болған-ды, бірақ Кустодай шеберліктің шыңына шығу қайда?!

Құрлықта кино түсіру мен мұхитта кино түсірудің айырмасы жер мен көктей. Сан түрлі балықтар тіршілігі еріксіз көз арбайды. Балық демекші, дүниежүзілік атақ пен абыройға кенелт­кен Э.Хемингуэйдің «Шал мен теңі­зінде» де акулаларға байланысты эпи­зод бірінші планда-тын. Иә, иінін тап­саңыз, балық пен теңіздің жыры жуық маңда таусылмайды.

Жақында осы жылғы «Жұлдыз» жур­налының 8-санынан жазушы Қуаныш Жиенбайдың «У мен уыл­дырық» атты повесін оқығанда осы жайлар ойға оралды. Біздің пайымдауымызша, Қуаныш өз тақырыбын тапқан, замандастарымыздың тыныс-тіршілігін, қоғам мен адам, адам мен табиғат арасындағы байланыс­ты, одан туындайтын күрделі мәселелерді майдан қыл суырғандай дәлдікпен оқырманға ұсынып жүрген белгілі қаламгер. Жазушының барлық шығар­маларында дерлік тартылған теңіз тағдыры, атамекенді қия алмай кешегі су шайған жағалауды бүгін құм басса да, мейлі өлместің күйін кешсе де, ешкімге мұң шақпайтын қайсар жү­ректі балықшылар әулеті туралы сөз болады. Тақырыпқа әртүрлі қырынан келеді. Өзі сол өңірдің перзенті болған соң теңіз бетіндегі емес, теңіз асты жағдайларын да жақсы біледі.

Балық та біздің байлығымыз. Күн­делікті дастарқандарынан балық өнім­дері үзілмейтін жапон халқының ұзақ өмір сүретіндігі баршамызға аян. Соң­ғы уақытта біздің үкіметіміз де балық өнімдерін көбірек тұтынуға көңіл бөлуде. Сөзіміздің келер жағында жазушы кейіпкерлерінің дені қарапайым адамдар болып келетіндігін айтқанбыз. Ал «У мен уылдырықтағы» басты герой – Есберген жерлестеріне мүл­де ұқсамайтын тосын бейне. Сол се­кіл­ді шығарманың сыр-сипаты да күр­делі. Әрі мұндай тақырып қазақ әдебиетінде бұрын-соңды кезікпеген. Есберген әншейін қара көбейтіп жүрген қалың тобырдың бірі емес, бірегейі. Қаршадайынан су астына сүнгіп, дем алмастан тірлік кешуді үйренген. Кәдімгі «қос мекенді» адам. Ауа толтырылған скафандрды иыққа іліп, тыныс алуға қажетті құрал-жабдықты іздеп жатпайды. Кез келген жағдайда суға сүңгуге тас түйін да­йын. Ал мұндай сирек бітімді тұлғалы азамат мемлекеттік құпиялы тапсырмаларды орындауға да таптырмайды. Есберген көп жұрт біле бермейтін әрі төтенше жағдай туындағанда қай өңірде жүрмесін сол сәтте, сол объектіден табылатын сұңғыла суға сүңгуші водолаз. Баренц, Охот теңізінде батқан кемелердің қазына-байлығын сыртқа шығаруға атсалысқан. Оның Норвегия, Ресей, Балтық бойындағы үлкен қалаларда тұратын әріптестері амандығын біліп, жиі-жиі хабарласып тұрады.

Біздің түсінігімізде Есберген нағыз «әлем адамы». Бірақ ол әлдекімдер се­кілді жылтырақ жарнамаға жоламайды, «мен сондаймын, мені біліп қойыңдар» деп кеуде ұрғылауға жаны қас. Сәл жұпынылау аудан орталығында тұрып, жұртпен бірге күнделікті нәпақасын тауып жүрген біртоға пенде. Әйтсе де өзінің ерекше «мамандығы» қажет болғанда жеке басын күйттеп, бұғып қалатын жан емес. Жазушы кейіпкер характерін күрделі оқиғалар сахнасында, біздің қаперімізге келмеген, келмек түгілі «солай болуы да мүмкін-ау» деп санаға да сіңбеген ситуациялар арқылы жан-жақты аша білген. Есбергенді то­сыннан табылған олжа деуіміздің се­бебі осында.

Арал теңізінің жағалауында өмірге келгені былай тұрсын, Есберген теңіз­дің кешегі һәм бүгінгі ахуалының көзі тірі куәгері. Теңіздің атамзаманғы бет-бейнесі келмеске кеткен. Енді өзімізге тиесілі Сырдарияның болмашы суын қасықтап жинап, Кіші теңіздің деңгейін түсіріп алмасақ, соған да шүкіршілік. Мына қырсыққа қараңыз, талай жылдан бері «Арал – ғасыр проблемасы» деп келіп, Бүкіләлемдік банк молынан қаржы беріп тұрғанда Көкарал бөгетін көзбе-көз төрт метрге төмен салдық. Соның салдарынан теңіз табанына жиналған су бөгеттен сыртқа құлап, айдын шалқарды портты қалаға жеткізбей әлек. Кіші теңіздің кенересі қашан толары белгісіз.

Кіші теңіздің табиғат заңымен емін-еркін көсіліп қанат жаюына, айна­ласындағы көл-көлшік суға толып, «қаз ұшып, үйрек қонуына» қысастық жа­сап, болмашы балық-шабағына қо­мағайлана кірісіп, жан-жақтан талап жатқандығымызды несін жасырайық. Жә, атакәсіп жаңғырсын, ел-жұрт несі­бесін айырсын, бірақ ұлтанына әлі балдыр өсіп жетілмеген, бауырындағы балығы әлжуәз, жаңа ғана қолдан тіріл­тіп алған теңіздің дәл осы таңдағы аянышты қаліне жанашырлық танытып жүрген кім бар?! Жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай бірнеше балық зауыты дереу ірге көтерді. Оларға күн са­йын тонналаған балық керек. Алақандай теңізді лицензиялап, бірнеше іскер аза­маттар пышақ үстінен бөліп алған. Ұрандары: «балық, балық әкел!» Кез келген тұстан киіп-жарып, жасырынып балық аулайтын жырынды браконьерлер қаншама! Міне, мұндай ауырлықты белі бүгілмей, «маңдай тері тырыспай» жасанды теңіз шыдас беріп, қашанғы көтере алады?!

Есберген азаматтық тұлғасын осы тұста танытады. Жасырын балық аулаушылармен де, «мемлекеттік жос­парды асыра орындаушылармен» де екі білегін сыбанып, айқасқа шығады. Кейіпкердің табиғатқа жанашырлығы біздің өңіміз түгілі түсімізге кірмеген – тың, тосын әдіс-тәсіл. Ақбөкенді түн­де прожектор жарығымен аулайды дегенді естігенбіз, енді мінекей, ба­лықты да сөйтіп аулайтындығы былай тұрсын, у шашып, қытайы тормен тұзақтайтыны күн сайын тұс-тұстан дүңк-дүңк естіліп жатады. Мұндай сұмдықты естіген Есберген жынданып кетуге шақ қалады. Жасы жер ортасына таяса да бойдағы күш-қуатын жинап, әлгіндей табиғатқа жасалған айуандықтың жолына тосқауыл қоюға тырысады. Су астына сүңгіп аудың көзін тоз-тозын шығара қиып, балық өрісіне жол ашады; балық шоғырын улы аймақтап қақпайлап әрі әкетеді.

Бұл – табиғатқа жасалған үлкен қамқорлық еді. Жағалаулықтар Есбер­геннің туған жерге асығыс қоныс аудар­ғанын көрсе де, оның арғы астарын­да қан­дай мақсат жатқандығын түсін­бейді. Бір жолы мұз үстінде браконьерлер мен саудагерлер масайрап, өздерінше есебіміз түгелденді ғой деп тойлап жат­қан тұста су астымен жүзіп келген Есберген сол тұсқа динамент қойып, жарып жібереді. Зәрелері ұшып, жан-жаққа тырағайлап қашқандар енді қайтып бұл маңға жоламайды. Ауылдың ақсақал-қарасақалдарына да Есберген жүріс-тұрысының сырын ашпайды. Су астына сүңгитін себе­бі, балықтың сағағына жабысқан түй­медей дәрі іздеп жүр-міс. Ол дәрі кісіні қартайтпайды-мыс...

Жазушы бұл эпизодты да өмір шын­­дығымен жымдастыра білген. Ес­бер­ген мен пошташы келіншек Жібек ара­сындағы сезім тебіреніске толы. Әдемі сүйіспеншілік иірімі өзін­ше өріс тапқан. Арадан талай уақыт босқа өтсе де Есберген ақырында сөзі­міздің басында мысал еткен Кустоның тірлігін қай­талайды: мен неге о шалдан сорлы болуым керек деп, іштей сілкініп, көктем айларында өлгенін білмей жанталасып, жағалауға уылдырық шашуға шығатын балықтар әлемін киноға түсіреді.

«Жұлдыз» журналы шынтуайтына келгенде, біздің «Дружба народов», «Новый мир», «Роман-газетамыз» ғой. Баяғыда 200-300 мың данамен та­рай­тын әдеби журналдың пәсін сәл түсіріп алдық. Оның себеп-салдары шашетектен. «Жұлдызға» шығу – жұлдызға жетумен бірдей. Бір кезде осындай да түсінік қалыптасқан-ды. Жазушы Қуаныш Жиенбайдың журналдағы аталмыш дүниесін жеке кітап деп қа­был­дағанымыз жөн. Түптеп келгенде, табиғатқа жаһандық тұрғыдан жана­шырлық жасаған Есберген – біз іздеп жүрген әдебиетіміздегі тосын бейне.

 

Толыбай АБЫЛАЕВ,

ақын, Жазушылар одағының мүшесі

 

Қызылорда облысы