Әлем • 16 Қазан, 2020

Шегесіз мешіт шежіресі

1400 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлы даланың уысынан түспей, дәуір бетіне бояуын төккен сәулет өнерінің ғажайып үлгілері құмсағат ғұмырдың сынына сыр бермей, жаңа ғасырмен дидарласты. Талайлы тағдырдың топаңы қалыңдаса да тарпаң тарихтың тартуындай талғампаз, тәкаппар туындылар көненің көзіндей сол кербез қалпында. Содан ба, жақыннан үңілген жанды қилы-қилы ой сілеміне жетелейді. Құдды оқ тисе де омақаспай, найзасына сүйеніп шейіт кететін баяғының батырларындай. Бұл кереметті, сіз, сол замандағы құрылыс заттарының сапасымен салмақтауыңыз мүмкін. Әйтсе де адамның қолынан шыққан кейбір алып ғимараттар шегесіз салынғанына сенесіз бе?

Шегесіз мешіт шежіресі

 

Әлқиса, 1206 жылы селжұқтар аралдың тасты топырағымен ір­гетасын қалаған деседі. Ше­бер­дің есім-сойы есте жоқ. Аңызға сүйенсек, ғимарат осы аймаққа келген ислам дінін ұстанушыларға тиесілі. Содан ғой, түріктер бір­де-бір шегесіз тұр­ғызылған 800 жылдық тарихы бар Чар­шамбадағы мешітін бұлдайтыны. Ал орыстар Кижидегі шіркеуді мәдени құндылығының бастауы санайды. Құры­лыс иесі жалғыз балтамен өрнектеп, ке­йін құралын көлге лақтырып кеткен кө­рінеді. Әрине, мұның бәрі сіз бен бізге ертегідей көрінуі мүмкін. Бірақ сұлулығын жоғалтпаған жасампаз ғимараттар ақиқат­шыл. Бәз-баяғы кейпінде.

Енді елге оралайықшы. Бізде мынандай бар, мынандай бар деп, әлемнің назарын өзімізге аударуға болады-ақ. Десе де қазақтың ба­йырғы қарапайымдылығы қасы­нан қалсын ба? Орта ғасыр сәулет өне­­рінің озық үлгілері Бабажа хатун, Айша бибі кесенелері, Қа­рахан мазары, Қо­жа Ахмет Ясауи кешені уақыт тезі­нен өтіп, мәң­гілік мұраға айналды емес пе? Ба­ба­лардың сарқытындай сәулетті жәді­герлер қайта қалпына келіп, енді шөк­пес­тей биік­ке жайғасқан. Сондай ерекше ескерт­кіш­тердің бірі, шегесіз салынған – Жар­кент мешіті. Қала орталығына орна­ласқан бұл кешенді ғимараттың сан алуан әдемі нақыш­тармен безендірілген қабыр­ғалары, жақ­тауларындағы өрнектері, қай­қы шатыры, мұнарасы көздің жа­уын ­алады. Көрг­ен сайын орыс­тар Эпифаний шір­кеуі­мен те­ңес­­­тіріп кетеді екен. Бұл тұс­та бү­лік шыға­руымызға болатындай. Эпи­фаний қай­да? Жаркент қай­да? Ара-тұра ауыз­ға ал­масақ, көр­шіміздей қадірлеп, күнде көңіл бө­ліп жатқанымыз жоқ. Несін жасы­рамыз. Жә, бұл енді өз алдына бө­генайы бөлек әң­гіме.

Хош, бүгінде «Жаркент мешіті көркем-сәулет мұражайы» атанып, алыстан келген қонаққа құшағын жайып, туризмнің бір тетігіне айналып отыр. Осы тұста тарихтан таған тартсақ болатындай. Мұ­на­ралы мешіттің салынуының нәти­жесінде Жаркент 1882 жылы уезд орталығы болып бекітіледі. Себебі мешіт қабырғасы уезге бағыныш­ты Нарынқол, Кеген, қырғыздар­дың бірқатар аймақтары мен Шон­жы, Қоғалы, Сарыөзек, Жаркент өңірі тұрғындарынан жиналған қаражатымен тұрғызылған. Жер­гілікті ха­лық сайлаған құрылыс­тың бас мердігері, көпес – Уәлиахун Юлдашов, бас сәулетшісі – жер­гілікті халық Мұқан деп атаған қытай шебері Хон Пик.

Қазіргі Жаркент қаласынан 200 шақы­рым жердегі Кетпен тауынан емен, қара­ғай бөренелері өгіз арбамен тасып әкелін­геннен кейін Хон Пик бастаған Бұқара, Са­марқаннан шақырылған 75 шебер жұмысқа кірісті. Шеберлер тек құрылыс материал­дарын сүргілеп, шауып, жуан бөрене тіреу­лерді көлеңкеде арнайы шыт матаға орап кептіріп, тақтайларға айшықты суреттер оюға бірнеше жыл арнайды. Сөйтіп алдын ала дайындалған құ­рылыс материалдары бір шегесіз құрастырылып, 1892 жылдың жазында жұма мешіті бой көтереді.

Бір таңғаларлығы, қытайлық шебер жобасын құпиялап, жеке дара өз жоспарымен жүргізді. Алайда болашақ ғимараттың жал­пы көрінісі мен сәулетшілік ерек­шеліктеріне байланысты салдырушы бас мердігер мен шебер­дің келісімі болған екен. Кешеннің ­жалпы жобасына бас қақпа, күнделікті бес уақыт намаз оқылатын кіші мешіт, медресе, үлкен жұма мешіті, күй­дірілген көк кірпіштен қалан­ған сәнді дуал қоршау, оңтүстік және солтүстік жағындағы қо­сым­­­ша ша­ғын қақпалар енген.

Жалпы, шығыс халқы құрылыс өне­­ріне жастарды қасына ертіп жү­ріп үй­ре­теді. Құрылыс саласында­ғы өзіндік қолтаң­баларын ұрпағына мұрагерлікке қалдыратын болған. Ал мешіттің жобасын жасырған Хон Пик те сондай өзіндік ерекше атамұра үлгісі бар шығыс ше­берлерінің бірі де бірегейі болатын. Сондықтан ол Жаркент ме­шітінің құрылысына бірде-бір шеге қолданбай, өрнектелген ағашты қиюластыру арқылы жасады.

Мұражай мамандарының айтуынша, бас мешіттің көне қытай үлгісінде қос қа­батты қайқы бел шатыры 122 бөрене баға­­наларға бекітілген. Әсіресе шатыр құ­ры­лысы айрықша күрделілігімен ерек­ше­ле­неді. Мешіт шатыры­ның жиектерін иіп, қайық тәріздес етіп көтеруге «дау», «гун» деп ата­латын имек сырықтар пайда­ла­­нылған. Ғажайып сырлы ғима­раттың қабыр­ғаларында, шатыр қапталдарында 1500-ден астам алуан түрлі сурет, араб-парсы тіл­деріндегі көне жазу үлгілері бар. Бұл ою-өрнектерді зерттеушілер тақырыптық мазмұнына қарай бір­неше топқа бөледі. Олар – жер­гілікті халықтың ою-өрнек на­қыш­тары, геометриялық кескіндер, қор­шаған табиғат, өсімдіктер мен жан-жануар­лар дүниесі, дінге қатысты белгі шарттар.

Бас мешіттің төріндегі дінбасы отыратын мінбер сәкінің босаға тұсындағы қабырғаға үнді халық­тарының үлгісімен аңыздарға арқау болған зәйтүн «өмір ағашы» кескінделген. Шеберлердің әше­кейге, сәнді пішіндерге, түске көп мән бер­гендігін тек ғимарат келбетінен ғана емес, қолданбалы өнер бұйымдарынан – әдемі шырағ­дандардан, ағаштан ойып істелген сәнді мінберден де байқау қиын емес. Мұнда көбінесе ақ, қара, қызыл, жасыл, сары, көк түстер өте сәтті, үйлесімді қолданылады.

Шыны керек, Қытайдың, Жа­по­нияның, үндінің ертеректегі ғима­раттарының көп­шілігі ағаштан са­лынған. Шығыс сәулет өнерінің бұл ерекшелігінің өзіндік себептері бар, соның ең бастысы – ағаштан жасалған ғимараттардың зілзалаға төзімділігі. Мешіт құрылысының өзіндік ерекшелігі мен дараланып көрінетін бөлігінің бірі – бас қақпа. Ол Орталық Азия мен Қазақ­станның дәстүрлі сәулет өнеріне тән пішінде. Порталдың идея­лық, көркемдік жағынан атқаратын қыз­меті – көрнекілік пен асқақтық. Бұл әдет­те құрылыстың өзге бөлік­терімен салыс­тырғанда оның көле­мін ұлғайту арқылы жүзеге асырылады екен.

Қала тұрғындарының қай-қай­сысы бол­сын мешіттің қыр-сыры­на қанық. Тұр­ғындар кешеннің ішкі формасынан ха­лықты бірлікке бастайтын үлкен идея­ны көретінін айтады. Жалпы, портал иін­дісі өсімд­ік сарынындағы ашық түсті өрнек­термен көркемделген де, оның сыртқы беті­нің маңдайшасы гүл оюлармен, араб жаз­балары­мен тол­тырылған үш ойындымен бітеді. Порталмен бүйірлес күм­без тө­белі екі бөлме мешіт қыз­метшілеріне арнал­ған. Бас қақ­паның оңтүстік, солтүстік қа­быр­ғаларымен жанаса медресе үйі орна­ласқан. Мұнда кезінде жер­гілікті жастар бастауыш діни білім алған. Осының бәрі қызметке арналған ғимараттар сәулетінің ха­лық қолөнерімен тығыз байла­ныста екендігін дәлелдейді. Ме­шіт құрылысының жұмысына әртүр­лі ұлт өкілдерінің қатысуы да ғи­маратқа өзіндік ерекше түр бе­ріп, әр ұлттың сәулетшілік, сән­деу үлгі­лері кең қол­­­данылғаны бай­қалады. Бұл туралы бұры­ны­рақта журналист Мырзағали Нұрсейіт жазған болатын.

Өкінішке қарай, қазақ дала­сында бой көтерген көрнекті ме­шіт кезінде кеңес идео­логия­сы­ның қысымына тап болады. Түл­­кі заманның түртпегі ақыры ғима­раттың қақ­пасын ішінен жаптырды. Десе де бірегей өнер туындысын өлтірмеуге тырысқан қара­ша құн­ды жәдігерді құнттап, қанша дәуір алмасса да бүгінге жеткізді. Ше­гесіз мешіттің шежіресі осындай.