Аймақтар • 16 Қазан, 2020

Атыраулық оқушы алоэден сусабын мен йогурт ойлап тапты

2129 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұрдәулет Мандияров – Құлсары қаласындағы №8 мектептің оқушысы. Сабақтан тыс уақытын  бос өткізбейді. Үнемі ізденіп, ғылыми жобамен айналысады. Жақында ол алоэ өсімдігінен бет күтіміне қолданатын маска, сусабын мен балаларға арналған йогурт жасап шығарды.

Атыраулық оқушы алоэден сусабын мен йогурт ойлап тапты

«Ғылыми жобамның тақырыбы – «Денсаулық пен сұлулық кепілі – алоэ». Аталған өсімдіктің пайдасы өте көп. Соңғы кезде экологияның нашарлауына байланысты тері, асқазан, аллергиялық аурулар көбейді. Мұндай ауруларға қарсы алоэ өсімдігінен отандық өнімдер шығаруды көздеп жүрмін. Сол себептен, болашақта осы бағыттағы жобамды жалғастырып, ғылыми жаңалық ашқым келеді» дейді ғылымға бет бұрған Нұрдәулет Мандияров.

Оқушының жобасына химия пәнінің мұғалімі Фарида Машырықова қолдау білдіріп, жетекшілік жасапты.

«Нұрдәулеттің ғылыми жобасы сәтті басталды. Тәжірибелік нұсқасы жақсы нәтиже көрсетті. Ол алоэдан дайындалған өнімнің табиғи мен пайдалы екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеді. Оның мақсаты – алоэден қолжетімді өнімдер әзірлеп, күнделікті қолданысқа енгізу. Бұл бағытта көп ізденді. Зерттеушілік дағдысының жоғары деңгейде екенін танытқан оқушы бұл жобаны ғылыми зерттеу нысанасына айналдырады» дейді Фарида Машырықова.