Аймақтар • 17 Қазан, 2020

Қостанайда ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

75 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қала орталығында бүгін таңғы тоғыз болмай ашылған жаппай сауда алаңында негізінен ет, картоп, көкөніс, сүт пен жұмыртқа, ұн өнімдері сатылды. Азық-түлік бағасы нарықтағыдан едәуір төмен. Өйткені тұтынушы өнімді ешбір делдалсыз тауар өндірушінің қолынан тікелей сатып алады, деп хабарлайды Egemen.kz

Қостанайда ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

Бүгінгі жәрмеңкеге 130-дан астам шаруа қожалықтары өз өнімдерін әкелді. Таразы басында саудаланатын тауардың жалпы көлемі 140 тоннаның үстінде.   Қала халқына 28 тонна ет өнімдері, 19 тонна сиыр еті, 5 тонна жылқы еті, 100 келі қой еті, 400 тона құс еті арзан бағамен ұсынылып отыр.  Сонымен қатар, 14 тонна жоғарғы сұрыпты ұн, 5,5 тонна макарон, 144 мың жұмыртқа, 10 тонна өсімдік майы әкелінді. Тұрақтандыру қорынан жалпы көлемі 55 тонна болатын 7 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік саудаланады, деді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тимур Бисембаев.   

Қала тұрғындары мұндай сенбілік жәрмеңкелердің шектеу шараларына қарамастан жиі өтіп тұрғанын қалайды. Өйткені саудасы жүрген сатушы да, арзан бағаға керегін тапқан тұтынушы да риза.

- Сиыр етін 1800 теңгеден саттым. Бір жарым сағаттың айналасында түк қалдырмай алып кетті. Кеше әдейі дүкенге кіріп, еттің бағасын білдім. Сиырдың бір келі еті 2600-2800 теңгеден сатылып жатыр. Алыпсатарларға ет өткізейін десем, келісін 1200 теңгеден сұрайды. Бүгін мұнда келіп, өз маңдай теріммен баққан малды лайықты бағаға өткіздім. Бізге де жақсы, сатып алушыға да тиімді. Сондықтан халыққа жәрмеңкенің аптасына бір болмаса да, айына екі рет өтіп тұрғаны пайдалы, дейді Алтынсарин ауданынан келген фермер Марат Сағындықов.   

Соңғы жаңалықтар