Аймақтар • 18 Қазан, 2020

Таразда тойға барған шенеуніктер жазаланатын болды

189 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде Тараз қаласында карантин талаптарын қайта күшейту жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен, шаһарда әлі де той жасау тыйылмай тұр. Әсіресе, сенбі, жексенбі күндері де Таразда той тойлау жалғасуда. Бұл ретте қала әкімдігінің қызметкерлері рейдке шығып, тиісті нысандарды тексеруде. Тараз қаласы бойынша күні бүгінге дейін 1284 нысан тексеріліп, 94 хаттама толтырылған. Салынған айыппұлдың жалпы көлемі 10 миллион 972 мың 120 теңгені құраған, деп хабарлайды Egemen.kz

Таразда тойға барған шенеуніктер жазаланатын болды

Жуырда той мәселесіне байланысты Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев мәлімдеме жасады. Әкім мониторингтік топ жүргізген рейд барысында кез-келген мейрамханада өтіп жатқан тойда мемлекеттік қызметшілердің бар екені анықталса, оларға тиісті шара қолданатынын айтты. Ол тіпті қалалық әкімдікте жұмыс істейтін қызметкер болса, жұмыстан босатылуы ықтимал екенін ескертті.

"Қазір үлкен тойханаларда той жасап жатқан қарапайым халық емес. Оны жасап жатқан лауазымды, мемлекеттік қызметте жүрген азаматтар. Той өтіп жатқан мейрамхананың егесі, болмаса сол тойға шақырылғандардың ішінде біздің мекеменің қызметкерлері болған жағдайда біз өз тарапымыздан тиісті орындарға шара қолдануға ұсыныс беретін боламыз. Осыны ескерсе деймін. Өйткені ауылдан, басқа жақтан тойға ешкім де келіп жатқан жоқ. Оның бәрі осы Тараз қаласындағы лауазымды азаматтар. Той өтіп жатқан "Бақ сарайы", "Сәтті", "Тараз холл" сияқты мейрамханалар қарапайым халықтың қалтасы көтеретін жер емес. Сондықтан да бәріміз жүкті жұмыла көтермесек, жұмыс жүрмейді", дейді Айтқазы Қарабалаев.

Сондай-ақ, қандай мемлекеттік мекемеде болсын қызмет істейтін шенеуніктердің тойға барғаны анықталып жатса, олардың басшыларына аталған қызметкерге шара қолдану үшін ұсыныс хат жолданатын болды.

Жамбыл облысы