Аймақтар • 19 Қазан, 2020

Сыр еріктілерінің еңбегі ерен

516 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген өсиеті – биылғы Волонтер жылының туы іспеттес. Атаулы жылға арнал­ған шараларда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «біреуге қолұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқы­мызда осындай береке-бірлікке шақыратын Асар дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз» деген еді.

Сыр еріктілерінің еңбегі ерен

 

«Egemen Qazaqstan» газетінің 14 қазандағы санында жарық көрген «Сырдағы даяр­лық саябырлап қалғандай...» атты мақалада Қызылорда об­лы­­сын­дағы волон­тер­лер­дің пан­де­мия кезінде жұ­мы­ла ат­қар­­ған жұ­мыстары жо­ға­­ры баға­ла­нып­­ты. Расында сол сындарлы кезең­нен іргеміз бүтін, берекеміз бекем күйде шы­­ғуға волонтер­лер көп еңбек сіңір­ді. Сыр елінің азаматтары өз көлік­те­рімен науқастанғандарға дәрі-дәрмек, оттегі баллонын тасып, автоволонтерлікті қа­лып­тас­ты­рып, игілікті істің ізашары бол­ды. Көлігі бар жігіттер өздері хабар­ласып, «қандай көмек керек?» деп сұрап, бір қолдың са­ласындай болып ұйымдасып жұмыс істегенде олардың көзінен шын жанашырлықты байқадық.  Дәрі­ханалардан керегін таба ал­маған ағайынды демеуден де тыс қалмады. Күллі облыс тұр­ғын­дарын басы артық дәрілерді бір орталыққа жинастыруға ша­қыр­ды. Сөйтіп жиналған дәрі­нің тізімін әлеуметтік желі­лер­ге жариялап, мұқтаждарға жеткізіп берді. Бұл волонтерлер атқарған жұмыстардың теңізге тамған там­шы­­дайы ғана.

Алайда мақалада кейінгі уа­қыт­та волонтерлерді бағыттап отыруды ұмыт қалдырғандай деп мақала авторының жергілікті билікті сынай жазған тұсына тө­мен­дегідей мысалдарды кел­ті­рер едік.

Тағы да хакім Абайға жүгін­сек, «Қарекет қыл, пайда­сы көпке ти­сін» дейді. Мақа­ла­да көр­се­тіл­­ген «Жаңарған Жаңа­қор­ған жас­­тары» волонтерлер тобының, қаза­лылық жастардың бастамаларын іліп әкетіп, басқа аудандарда да аясын кеңейту үшін жұмыстар жасалуда.

Во­лонтер жылы аясында Қызыл­орда облысында өңір­лік фронт-офис  пен «Syr Volonterlary» орталығы құ­рыл­ды. Еріктілер штабы 14 жал­­ғызбасты қарт пен тыл ардагерінің үй шаруашылығына, қала аумағындағы мешіттердің тазалық жұмыстарына қолғабыс тигізді. ҰБТ-ға дайындалған түлектерге математикадан сенбі сайын 5 рет тегін курс, кейін онлайн курстар  ұйымдастырылды. Заңгерлік кеңеске мұқтаждарға Әділет департаментінің мамандары және ерікті заңгерлер тегін консультация берді.

«Донор бол» акциясы қан керек болған науқастардың аяғынан тік тұруына, «Далатекс» ЖШС басшысы Д.Абызов ұйым­дас­тырған тұрғындарға 7 мың мас­ка тарату бастамасы пан­де­мия­ның бас кезіндегі қор­ға­ныш құра­лы­ның тапшылы­ғын жоюға оң әсер етті. 

Кәсіпкерлердің аз қамтамасыз етілген отбасыларға азық-түлік тара­ту ісіне жұмылуы, бір ғана Мағжан Ералиевтің 300 отба­сына қамқорлық көрсетуі, көрші облыстағы мақтааралдық ағайын­ның басына түскен қиын­дық­қа бейжай қарамауы Сыр бо­йын­да­ғы волонтерліктің өзіндік арнасы қалыптасқанын көрсетсе керек. Мақтааралға аттанған 10 автокөліктен тұратын қайырым­ды­лық керуенін жасақтауға 30 бастамашы топ, 180 волонтер еселі еңбек сіңірді. Айналасы аз уа­қытта 15 тоннадан астам азық-түлік, киім-кешек, құрал-жабдық жиналып, жөнелтілді.

«Қызылорда волонтерлері» қоғамдық қорының директоры Ольга Чебакова пандемия өршіп тұрған кезде қала тұр­ғындарына, кәсіпкерлерге түсіндірме жұ­мыс­­тарын жүргізді. Ақпа­рат­тық парақшалар таратып, қоғам­дық тәртіптің орындал­уын қада­ға­ла­ды. Волонтерлерді бірік­­­тіріп, тұ­рақты түнгі рейд­тер, қо­ғам­дық ба­қылау ұйым­дас­тырды.

Әрине Сыр бойындағы волонтерлер қозғалысының атқарған жұмыстарын бір мақалада түгел қамту мүмкін емес. Көзіміз жеткен бір ақиқат – ауызбірлік, жанашырлық, жаныңдағы адамды жат көрмейтін бауырмалдық қасиеттер жойылмаған екен. Солар­дың ең негізгілерін мысалға келтірсек, жыл басынан бері волонтерлер 8451 мұқтаж отбасына әлеуметтік көмек көрсетуге атсалысты. Аз қамтылған 4870 отбасының балаларына оқу құралдары табыс­­­тал­д­ы. Құрбан айт мерекесінде «Ақмешіт-Сырдария» мешіті үйлестірген Қызылорда қала­сын­дағы 3830, аудандардағы 3431 отбасына қайырымдылық көмек үлес­ті­ру шарасына да волонтерлер жәрдемдесті. «Хикмет» қайы­рым­дылық қоры демеушілік жаса­ған 1000 отбасына азық-түлік тара­ту ісіне меценаттар, мешіт қызметкерлері, автоволонтерлер жұмылды. Пан­демиямен күресте алғы шепте жүрген медицина қыз­меткерлерін жан-жақты қолдау үшін «Мың алғыс» акциясы ұйымдастырылып, 255 медицина қызметкерінің отбасына азық-түлік жеткізілді. Ауруханаларда адам амандығы үшін үзіліссіз арпалысқан 1700 медқызметкер ыстық тамақпен қамтамасыз етілді, 72 оттегі баллоны тасымалданды. Акцияға 88 волонтер, 25 автоволонтер қа­тыс­ты.

Бұл мәліметтерді не үшін кел­ті­­ріп отырмыз?

Жұртшылық жұқпалы індетке қарамастан елдің қамы, халықтың денсаулығы үшін күрескен во­лон­­терлердің игі істерге бір кісі­дей жұмылғанын білуі керек. Волонтерлер үйлестірген шаруа­лар­дың  арқасында қаншама игі­лікті істің  атқарылғанына уа­қыт төрешілік жасайтыны анық. Нағыз азаматтардың, аза­мат­тық қоғам белсенділерінің, Сыр волонтерлерінің  еңбегі лайықты бағаланатынын күн алда деп ойлаймыз.

 

«Syr Volonterlary» орталығы

 

Қызылорда облысы