Спорт • 19 Қазан, 2020

Олимпиада, әлем чемпиондары қанат қаққан университет

573 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің еліміздегі іргелі жоғары оқу орындары арасында салмағы бар екенін көпшілік жақсы біледі. Алқаның екінші жағы бар дегендей, университет қабырғасында оқып жүргенде дене тәрбиесімен шұғылданып, халықаралық жарыстарда топ жарған саңлақтардың көп екенін көпшілік біле бермес. Қазір де оқу орнының студенттері, Президент Қ.Тоқаев айтқандай, бұқаралық спортқа ден қоюда. Әрине пандемияның аяққа тұсау болғаны сөзсіз. Сонда да студенттер амалын тауып өздері ұнататын бұқаралық спортты насихаттап жүр. Біз университет ректоры Мұхтар Төлегенге жолығып, оқу орнындағы жаңалықтар, биыл құрылғанына 55 жыл толған факультетте осы уақытта қанша кадрлар даярланғаны, дүбірлі жарыстарда қандай нәтижелерге жеткені жайлы айтып беруін өтінген едік.

Олимпиада, әлем чемпиондары қанат қаққан университет

– 1965 жылы Өскемен педагогикалық инс­титутының Жаратылыстану факуль­те­ті құрамына дене тәрбиесі бөлімі енді. Ол кезде факультетті И.Самусеев бас­қа­ра­тын. Ал арада екі жылдан кейін дене тәр­биесі факультеті өз алдына шаңырақ құр­ды. Деканы болып, қазақ тілінің майын тамызатын, қазақ балаларына ерекше қамқорлық жасаған А.Н.Трунов тағайындалды. Бастапқыда факультетте небәрі төрт кафедра болды. Олар: Теория және дене тәрбиесі мен спорт методикасы, гимнастика, спорт тәртібі және дене тәрбиесінің жалпы кафедралары.

55 жылда институтты 8 мыңнан астам жоғары білімді мамандар бітіріп шық­ты. Осы уақытта біздің оқу орнының қа­быр­ғасынан 6 Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, 22 еңбек сіңірген жаттықтырушы, 30-дан астам Олимпия ойындары мен әлем чемпиондары шықты. Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасының капитаны, Олимпиада чемпионы Борис Александров, әлем чемпионы Евгений Поладьев, конькимен жүгіруден бірнеше дүркін әлем чемпиондары, дүниежүзілік рекордты бірнеше рет жаңартқан Владимир Козлов пен Константин Коротков, Сергей Рябев   – біздің мақтанышымыз.

В.Козлов 1959 жылдың бірінші тамызында Өскеменде дүниеге келді. Алғашқы бапкері облыстық спорт коми­теті жанындағы спорт мектебінің жат­тықтырушысы Николай Князев. Бала кезінен конькиді ұнататын Володя тынбай жаттығып, ақыры биік белестерді ба­ғындырды. 1982-1983 жылдары қата­ры­нан екі рет (500 метрге) әлем чемпионы атанса, 1984 жылы КСРО-да оған ешкім тең келмеді. Әлем рекордын жаңартты. Константин Коротков та Өскеменнің атағын айдай әлемне паш етті. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері бірнеше рет КСРО біріншіліктерінде, халықаралық жарыстарда топ жарды.

Бұл деректерді неге айтып отырмын? Себебі тәуелсіздік алғалы қызығы көп қысқы спортта Кенді Алтай ғана емес, ел желаяқтары да Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында жүлдеден қағылып келеді. Бұл – ойланатын мәселе. Алдағы уақтта қысқы спорт түрлерін елімізде дұрыс бағытқа бұратын уақыт жетті. Ол үшін өзіміздің мықты бапкерлер болашағынан үміт күттіретін жастарға көңіл бөліп, арнайы бағдарлама бойынша дайындаса. Жоғарыда айтқан Николай Князев айшылық алыста емес, Алматыда тұрады, «Динамо» республикалық спорт қоғамында басшылық қызметте. Егер білімді де білікті маманмен ақылдасып, елімізде қысқы спортты дамыту бағдар­лама­сына түзету енгізсе, қысқы Олимпия ойындарында алтын мен күмісті күреп алып жүрген Норвегия, Аустрия, Гер­мания саңлақтарының тәжірибесін бө­ліс­се, Қазақ елінің шаңғышылар мен конькишілері, басқа спорт түрлерінің шеберлері де Олимп шыңына көтерілер еді. Меніңше, Риддердегі қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық ба­ғыт­тағы мектеп-интернат-колледжде конь­кимен жүгіру, шорт-трек түрлеріне бау­литын бөлім ашса орынды болар еді. Жақында ғана бұл оқу орнына тәжірибелі басшы, кикбокстан әлемнің бес дүркін чемпионы Асқар Можанов тағайындалды. Біз одан үміт күтеміз.

 Студент кездің өзінде Одақтың «Труд-2» қоғамдық бірлестігінің екі дүр­кін чемпионы атанған боксшы Марат Орманбетов, самбо, дзюдодан еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, жүзден астам еліміздің чемпиондары мен Олимпиада жүлдегерін баптаған Жанәділ Атаев, Азия ойындарының бірнеше дүркін чемпиондары А.Шишкина, Оксана Яцкая, Сергей Черепанов, А.Духно, С.Рябев, Н.Турукало тағы басқалар біз­дің мақтанышымыз.

Біздің оқу орнын бітірген бірнеше түлегіміз спортта жоғары нәтиже көрсетіп қана қоймай, лауазымды қызметтердің тізгінін ұстап, ел спортының өркендеуіне ерекше үлес қосты. Соның бірі – педагогика ғылымдарының докторы, профессор, төрт Олимпия ойында­рында еліміздің шеф-де-миссионы қызметін атқарған Анатөлі Күлназаров. Институттың дене тәрбиесі факультетін үздік бітірген ағамыз Шымқора ауылында балаларды спортқа баулыды. Ақыры бірнеше рет еліміздің спорт саласын басқаратын дәрежеге жетті. Үнемі ізденіп, білімі мен біліктілігін жетілдірудің биік белес­терге жетелейтінін қазіргі жастарымыз түсінсе, нұр үстіне нұр. Сонымен бірге Н.Войтов, А.Гречухин, М.Орманбетов сияқты түлектеріміз де спорт саласында басшылық жасады. А.Трунов, В.Василь­чен­ко, М.Жақсылықов, И.Плешкань, Ж.Атаев сияқ­ты ағаларымыз да халық­аралық, ұлт­тық дәрежедегі төре­ші болды.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде қазір ірілендірілген төрт факультет бар. 10 мамандық бойынша докторантура бар. Бізде отызға тарта ғылым докторы, екі жүзден астам ғылым кандидаты қызмет етеді. Бұдан екі жыл бұрын оқу орнында «Рухани жаңғыру» залы пайдалануға берілді. Түрлі ғылыми кеңестер, басқа жақтан келген құрметті қонақтар «Рухани жаңғыру» залында студенттермен кездеседі, пікір алмасады. Үстіміздегі жылдың ақпан айында оқу орнының ұстаздары мен студенттері 2005-2006 жылдары оқу орнын басқарған техника ғылымдарының докторы, профессор Әшімжан Ахметовтің 70 жылдығына орай еске алу кешін өткізді. Ғылыми-теориялық конференцияға ғалымның зайыбы Дина Омарова, Әшімжанның сыныптас досы, қазақтың аса көрнекті сықақшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Көпен Әмірбек қатысып, естеліктер айтты. Соңынан Әшімжан Ахметов атындағы лаборатория ашылды.

Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру, олардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру мақсатында өткен жылы университетте Қабанбай атындағы әскери кафедра ашылды. Онда білім алған жастар спорттық жарыстарға да белсене араласады. Университеттің «Чайка» атты бассейнінде су спорты түрлері бойынша жаттығулар жүреді.

Қазіргі кезде біз университет қабыр­ға­сында оқумен бірге ел намысы үшін байрақты бәсекелерде топ жарып жүрген студенттерімізді басқаларға үл­гі етеміз. Мәселен, біздің студенттер Әлихан Әсетов, Сергей Кудрявцев, Степан Алек­сан­дров, Алексей Шестаков бұдан төрт жыл бұрын Мажарстанда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында алтыннан алқа тақты. С.Кудрявцев шайбалы хоккейден Азияның екі дүркін чемпионы, Алматыда өткен студенттердің Дүниежүзілік универсиадасында күміс медальды иеленді. Ерзат Сақабанов деген студентіміз Ресейдің Түмен қаласында гір спортынан жалауы желбіреген әлем чемпионатында алтын, сосын Германияның Гамбургіндегі дүниежүзілік додада қола медаль еншіледі. Тағы бір түлегіміз Қуаныш Шектібаев 2016 жылы гір спортынан өткен әлем біріншілігінде күміс алқаны ел қоржынына салды. Федор Сухоносов деген 1-курс студенті спорт­тық бағдарлаудан Азия бірін­ші­­лігінде қола медаль иеленді. Анна Феклистова, Артем Супанев сияқты жас­тар да университет абыройын асқақ­та­тып, қол күресі мен көркем гимнастикадан өткен байрақты бәсекелерден жеңіспен оралды.

Самат Сүлейменов, Еламан Көкенов деген шәкірттеріміз волейболдан тамаша нәтиже көрсете бастады. Олар қазіргі күні «Алтай» спорт клубының негізгі және қосалқы құрамасында өнер көрсетуде. Динара Сыздықова, Гүлназ Алтаева, Анель Бауыржанова, Жан­серік Жұмағалиев, Даниил Сенкевич сияқты болашағынан үміт күттіретін жас­тарымыз да волейболдан түрлі командаларда өнер көрсетуде. Мөлдір Талға­това деген бойжеткен Алматыда өткен Жазғы универсиадада, облыс бірін­ші­лігінде қол күресінен алдына жан салмады. Жыл басында Өскеменде қысқы спорт түрлерінен еліміздің жоғары оқу орындарында оқитын студенттер арасында Универсиада өтті. Аманжолов университетінің студенттері бұл жолы да намысты жанып, қыздар бірінші, ал ұлдарымыз үшінші орынға ие болды. Пандемияға байланысты қазір спортшы-студенттеріміз дүбірлі жарыстардың көрігін қыздыра алмауда. Алайда олар ретін тауып жаттығып жүр. Алдағы уақытта да Шығыстың ұл-қыздары спортта жеңістерге жете бермек.

 

 Жазып алған

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

Қазақстанның құрметті спорт қайраткері

 

ӨСКЕМЕН