Аймақтар • 19 Қазан, 2020

Атырауда мас жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылды

400 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырауда тағы бір мас жүргізуші 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айрылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырауда мас жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылды

Атырау қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлері 17 қазанда   түнгі сағат 01:30-да  Тасқала ауылының 9-көшесінде "Skoda Rapid" маркалы автокөлікті тоқтатқан екен. Шетелдік көліктің рулінде отырған жүргізушіден алкогольдік ішімдіктің иісі шыққан.

"Жүргізуші жеке басын анықтау мақсатында құжаттарын сұраған полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбаған. Полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, құжаттарын беруден бас тартқан. Патрульдік полицейлер мас жүргізушіні  облыстық наркологиялық диспансерге жеткізіп, сараптамадан өткізді. Сараптама  қорытындысымен 34 жастағы  жүргізушінің жеңіл дәрежедегі масаң күйде екендігі анықталды", - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Мас жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің екі  бабымен  (Автокөлікті масаң күйде басқарғаны және полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбау) хаттамалар толтырылып,  сотқа жолданды. Әкімшілік соттың шешімімен қала тұрғыны 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке қамауға алынды.