Аймақтар • 19 Қазан, 2020

Қостанайда Бауыржан Момышұлының 110 жылдығына арналған ағаш көшеттері отырғызылды

365 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қостанайлық ерікті жастар Тобыл өзенін бойлай өскен  қалың ағаштың бір бұрышын қазақтың айбынды батыры, қаһарман жазушы Бауыржан Момышұлы атындағы саябаққа айналдырмақ. Қазір бұл жерде бұрыннан өсіп тұрған кәрі ағаштар шіри бастаған соң кесіліп, өзен жағалауын абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Еріктілер ашық қалған алаңға аты аңызға айналған батырдың 110 жылдығына арнап жас қайың көшеттерін отырғызу туралы ұсыныс тастаған екен, жастардың бұл бастамасы қала әкімдігінің де көңілінен шығып, қолдау тауып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қостанайда Бауыржан Момышұлының 110 жылдығына арналған ағаш көшеттері отырғызылды

Өткен сенбіде бас қос қосқан жастар батыр аталарының 110 жылдық мерейтойына арналған ағаш  көшетін отырғызды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімова мен жастар саясаты басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев қатысты.

"Бауыржан Момышұлы сияқты батыр атамыздың  ерлікке толы ғұмырын үлгі-өнеге еткен бүгінгі жастарымыздың жақсы бастамасы бізді де қуантып отыр. Бүгін бұл алаңқайға 110 қайың көшеті отырғызылады. Ерікті жастар көшеттерді уақтылы суарып, күтім жасап тұруды да өз міндеттеріне алып отыр. Алдағы уақытта бұл маң қала тұрғындары мен жастар серуен құратын жайқалған саябаққа, таза ауа аясындағы демалыс орнына айналады", - деді Бақыт Есімова.

Жастар саясаты басқармасының тапсырысымен қолға алынған игі бастаманы "Жас Star" қоғамдық бірлестігі жүзеге асырып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінгі шара Қостанай облысының аумағында биыл Жеңістің 75 жылдығына орай іске асырылып жатқан "Соғыс жаңғырығы" атты ауқымды жобаның бір тармағы ғана.

"Жоба басталғалы бері көптеген шаралар өткіздік. Атап айтар болсақ, Қостанай қаласы бойынша Жеңістің 75 жылдығына арналған квест тур ұйымдастырдық.   Жастар мен тарихшыларды қатыстыра отырып, Жеңіс саябағындағы "Даңқ" мемориалынан бастап, облыс аумағындағы Кеңес Одағының батырларына қойылған ескерткіштерді аралап, Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан жерлестеріміздің ерлігін баяндайтын тағылымды дәрістер өткіздік. Сонымен қатар, биыл Жеңіс күні қарсаңында қалалық қорымда жерленген соғыс ардагерлерінің бейіттерін қоршап, тазалап,  аудандар мен қалаларда майдангерлерге қойылған ескерткіштердің айналасын абаттандырдық", - деді "Жас Star" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абай Дүйсеков.

Жастар саясаты басқармасының басшысы Марат Жұрқабаевтың айтуынша, Отан соғысында із-түзсіз кеткен майдангерлерді іздестіруге ұйтқы болып жүрген "Атамның аманаты" республикалық қоры қолға алған іздеу шараларына Қостанай облысының жастары да белсенді ат салысып отыр.

Республикалық қор Қостанай облысынан соғысқа аттанып, майданда жоғалып кеткен 5 адамның құжаттарын іздестіріп, олардың қайда соғысқаны, қайда жерленгені туралы мәлімет тапқан. Соны бізге жолдап отыр. Енді алдағы жетіде сол ақпараттарды майдангерлердің туыс-туғандарына  тапсырайық деп отырмыз.  Мұның да бір үлкен іс-шара болатынын атап өту керек. Біз тек қана бүгінгідей ағаш отырғызумен ғана шектеліп қалған жоқпыз. Биыл А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай университетінің тарихшы-ғалымдарымен бірлесіп, осы өңірден соғысқа аттанған майдангерлер туралы көптеген деректік материалдар жинағанбыз.  Бұл материалдардың жастарға беретін  тәлім-тәрбиесі мол. Сондықтан жылдың соңына дейін тың деректерді жүйелеп, жеке кітап етіп шығармақпыз.  

Өкінішке қарай ерікті жастар жоспарлаған біраз шаруа пандемияға байланысты жүзеге асырылмай қалған. Жыл басында жастар саясаты басқармасының мұрындық болуымен  Қостанайда жасақталған 151-атқыштар дивизиясының жауынгерлері соғысқан Ресейдің бұрынғы Сталинград қаласының маңына, қазіргі Волгоград облысына арнайы іздестіру тобын жіберіп, қазба жүргізіп, жерлестеріміз қаза тапқан  майдан даласын зерттеу жұмыстары  жоспарланған.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қостанай облысына жұмыс сапарымен келгенде Қазақстан-Ресей ерікті жастарының форумына қатысты. Сол форумда Президент 2020 жылды Жастар жылы деп жариялағаны белгілі. Біз сол іс-шара барысында Ресей Федерациясынан келген қоғамдық бірлестіктермен бірқатар меморандумдарға қол қойдық. Соның ішінде осы іздестіру жасағын құру туралы жоспар да бар еді. өкінішке орай, биыл шекара жабық, шыға алмай қалды. Ресейлік еріктілер бізді күтіп отыр. олармен хабарласып, бұл шараның кейінге қалдырылатынын жеткіздік", - деді Абай Дүйсеков.

Қайың көшеттерін облыс орталығында орналасқан бірнеше ЖОО-ны мен колледж студенттері, сондай-ақ Қостанай ауданынан арнайы келген белсенді жастар отырғызды. Бұл жерді саялы баққа айналдыру үшін әлі де болса көп еңбек етіп, көшеттер қатарын көбейте түсу керек. Ал абаттандыру жұмыстары аяқталып, жас қайың ағаштары жайқалып өсе бастағанда, жастар бірлестіктері қала басшылығына әсем Тобыл жағалауындағы жаңа саябаққа Бауыржан Момышұлының есімін беру туралы ұсыныс жасауды ұйғарып отыр.                   

 

Қостанай облысы