Руханият • 20 Қазан, 2020

Адамзат ақыл-ойының алыбы

433 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Аруана көкіректі ұлан-байтақ даланың тағдырына арқау, тектілігіне тіреу болған, жарқ еткен жасыны, жалт еткен асылы, бұл – Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз. Тебінгісінен түйе теңселер түркінің текті перзенті жұмыр жердің кенді кеудесіне күй болып төгіліп, әлемнің екінші ұстазына айналды. Жер-анаға деген перзенттік борышын музыкалық аспаптардың пернесінен іздеп, ғылым ғаламшарына мәңгілік ескерткіш орнатты. Ғажайып өнердің өртіне күйіп, аязына тоңа жүріп көшін аспандатқан ғұлама дәуір алмасса да, дәріптеуге сұранып тұратын тұлға. Бүгінгі ұлы ойшылдың 1150 жыл толуына өзек болған «Жібек жолында өркениеттер үндестігі» атты халықаралық форум – соның бір дәлелі.

Адамзат ақыл-ойының алыбы

Суреттерді түсірген Ерлан Омар, EQ

Халықаралық Түркі академиясы Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлт­тық комиссиясы мен ЮНЕСКО жөнін­дегі Иран Ұлттық комиссиясының қол­дауы­мен ұйымдастырылған айтулы шара жаһанды жайлаған індетке байланысты онлайн режімде өтті. Солай болған күннің өзінде ұлы ойшылды ұлық­тауға арналған қорытынды жиынға еліміздің Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, вице-премьер Ералы Тоғ­жанов, бірқатар ведомство басшы­лары және дүние жүзінің 30-ға жуық мемлекетінен танымал ғалымдар қатысып, жүрекжарды лебіздерін жолдады. Әлемнің алты тіліне ілеспе аударма жасалып, әлеуметтік желіде көзіқарақты жұрттың кәдесіне жарар құнды ақпараттар айтылды. Келелі кездесудің тізгінін ұстаған Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі аталған форумның ашылуымен құттықтап, беташар сөзді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевқа ұсынды.

– Биыл тәуелсіз Қазақстан, сонымен бірге барша түркі әлемі үшін ерекше тарихи жыл! Біз жыл бойында жаһандық пандемия жағдайына және әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан, адамзат тарихында өшпес із қалдырған ұлтымыздың ұлы тұлғалары Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын, ұлы ойшыл, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын, Ұлық ұлыс – Алтын Орданың 750 жылдығы мен биыл ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесіне ие болған Шымкенттің 2200 жылдығын атап өтудеміз.  Осы сәтті пайдалана отырып, біздің ұсыныстарымызды мұқият қарап, тиісті қолдау көрсетіп отырған бар­лық халықаралық ұйымдарға, шетел­дік әріптестерімізге, әсіресе ЮНЕСКО-ның Бас директоры Аудре Азуле ханымға ризашылығымызды білдіреміз.

Бұл жобалар біздің ұлы тұлғалар рухы алдындағы қарызымыз, өскелең ұрпақ алдындағы парызымыз деп түсінеміз. Соның ішінде биылғы мерейтой жылында біздің жерлесіміз, ұлы ойшыл Әл-Фарабидің мұрасын, оның әлемдік өркениет тарихындағы рөлін айқындау, Әл-Фарабиді ұлттық бренд ретінде ілгерілету бойынша біршама жұмыс атқарылды. Жыл бойы Әл-Фарабидің ғылымның қоғамдағы рөлі, ізгілік, этикалық кемелдік тура­лы идея­ларына негізделе отырып, халық­аралық, республикалық және өңірлік деңгейде қоғамдық-саяси, әлеумет­тік-экономикалық, салалық, кәсіби ке­шенді іс-шаралар жүзеге асырылды.

Биылғы мерейтойлық бұл дата Қазақ­станда және дүние жүзінде адамзаттың дамуы үшін Әл-Фараби мұрасының маңызын қайта ашып, жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді. Осы жылы ұлы ойшылдың мұрасын насихаттаудағы қол жеткізілген жетістіктер міндетті түрде жаңа да жасампаз ғылыми жобаларға жол ашатыны анық, – деді Қ.Көшербаев.

Мемлекеттік хатшының құттық­тауы­нан кейін модератор Дархан Қуан­дық­­ұлы есімі әлемге аңыз болған бабамыз­­дың басқан ізіне зейінмен зер салып, асыл жазбалары мен ғажайып мұра­­лары хақында тәлімді әңгіме өрбіте келіп, спи­керлерге кезекпен сөз ұсынып отырды.

Иә, өмір керуені бір минут тоқтап не бөгеліп көрген емес. Бөкеннің желі­сін­дей жөңкігеннен жөңкіп, тарихта  ізін қалдырып, нар тұлға­лы жандардың есімін екшеп беруде. Со­лардың бірі де бірегейі қайырым­ды қоғам туралы ой толғап, адам бала­сы­ның бақытын іздеген Әл-Фараби бабамыз екені белгілі. Ол – адамзатқа ортақ тұлға. Мұны бүгінгі форумға қаты­су­шы­лардың деңгейінен де байқауға болады. Десек те, ойшылдың мерейтойы ЮНЕСКО күнтізбесіне Қазақстан мен Иран­ның ЮНЕСКО жөніндегі ұлттық комис­сияларының ортақ ұсыныстарымен енген еді. Онлайн жиында Иран Ислам Рес­пуб­ликасының Ғылым, зерттеулер және тех­нология министрі Мансур Голами ба­ба мұрасына барлық ұлт тағзым ететінін тілге тиек етті.

 «Адамзат баласы бір-бірімен әлем­дік тұлғалар арқылы тығыз байланысып келеді. Бұл ретте Фараби мұрасы халықтар арасындағы мәдени байла­ныстардың негізгі тетігі деуге болады. Өмірі, шығармашылығы Орта ғасырдың ең бір қиын кезеңімен тұспа-тұс келген ойшыл ілімі тұтас адамзатты ізгілік пен бауырмалдыққа шақырды. Ағартушылық жолда Фараби атқарған істер сол кездің өзінде үлкен ғылыми орталық болып есептелді. ЮНЕСКО тарабының ағартушы әлеміне ерекше назар аударуы, өздерінің мәдени іс-шаралар тізіміне қосуы  ұлы ойшылды бізге тіпті жақындата түсті. Жалпы, Әбу Насыр әл-Фараби есімін әлемдегі әйгілі тұлғалардың қатарына жатқызу кейінгі он жылда ерекше қарқын алғанын айта кетуіміз керек. Оның тұлғасы мен туындылары әлемдік мәдениеттерді жақындастыруда адамзат баласына жаңа жол нұсқады. Осыдан мың жылдан астам уақыт бұрын қайырымды қала қағидасын құруға тырысқан ойшылдың бұл ілімі сол кездегі тарихи оқиғалардың да қандай бағытта өріс алғанын аңғартады. Арис­тотельдің еңбектерін саралап, Платонға айрықша түсініктеме жазған озық білімдар Фараби болмысы – өз кезе­гінде адамзатқа шырақ жаққан жаңа үлгі. Әбу Әли ибн Сина айтқандай: «Аристотельдің «Метафизика» еңбегін қырық рет оқысам да түсіну мүмкін емес еді. Алайда базардан сатып алған Фарабидің түсініктеме кітабы бойынша маған бұлыңғыр тұстың бәрі көз алдымда ашылып сала берді», дейді. ЮНЕСКО ұйымы өзінің 195 мүшесімен бірге осындай ұлы тұлғаны ұлықтауы қазіргі таңда мейірімділік пен ізгілікке зәру әлемге аса қажет. Пандемияның құрсауындағы адам жаны Фараби іліміне ден қойғаны дұрыс. Фарабиге үңілу арқылы адамзат өз-өзіне үңіледі. Мұның негізгі алғышарттары «Бақытқа жету жолы» еңбегінде жатыр. Оның ғылыми еңбектерінен бөлек, поэ­зиясына да терең зерттеулер қажет. Жақсылыққа жету жолындағы мәдени байланыстар тізбегі адам болмысындағы біз күнделікті көре бермейтін реңкті аңғартады», деді М.Голами.

Жалпы, соңына өлмейтін өсиет, өшпейтін мұра қалдырған Әл-Фараби Ислам өркениетінің өрістеуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлға екені даусыз. Мұсыл­ман дүниесінің ортақ мақтанышы болған адамзат ойшылы туралы сүбелі сөзді өз кезегінде ИСЕСКО ұйымының бас  директоры Салим әл-Малик жалғады. «Мұсылман әлемінің ғана емес, жалпы­адамзаттық теңдессіз тұлғаның мерей­тойына орай ұйымдастырылған келелі жиынға қатысқаныма өзімді бақыт­ты санаймын» деген бас хатшы Фара­би іліміне Ұлы Жібек жолы арқылы қарау­дың бүгінде ерекше маңызды еке­ніне тоқталды. Әл-Малик мырза айтқандай, Жібек жолы – тек қана сауда-саттық жолы емес, ғылым мен білімнің, түрлі мәдениеттердің алмасқан көне даңғылы.

1

«Жібек жолы – өркениеттердің жолы. Ортағасырлық ғылым-білімнің орнықты дамуында бұл платформаның орны айрықша. Бір сөзбен айтқанда, Жібек жолы тарих пен географиядан бастап, адам баласын игіліктерге жетелеген түрлі ғылым саласының сілтемесіне айналды. Ал енді осы ретте Әл-Фараби бабамыз бұл жолдың ұлы саяхатшысы десек, қателеспейміз. Фараби ілімінің ерекшелігі де сонда, нақты ғылымдармен қоса, ізгілік туралы ғылымды осы жолда ерекше насихаттаған дара тұлға ретінде оның есімі ұрпақ жадында мәңгі жатталады деп сенеміз. Бүгінгі жиын аясында ИСЕСКО бағдарламасында бар бір тармақты ерекше айта кеткіміз келеді. Фарабитануға қатысты біздің ұйымға мүше елдер арасындағы мәдени байланыстар туралы зерттеу жүргізген студенттерге сыйақы тағайындалған. Болашақта бұл тақырыпты кешенді зерттеу адамзат ғылымына қомақты үлес қосады», деді Салим әл-Малик.

Конференциядағы келесі баяндаманы Ислам ынтымақтастығы ұйымының жанындағы ғылым-технология жөніндегі тұрақты комитеттің бас үйлестірушісі Мұхаммед Икбал Чаудари мырза жасады.

«Орта ғасырда араб әлемі болсын, түркі әлемі болсын зияткерлік даму­дың негізгі қозғаушы күші ретінде дара­ланғаны белгілі. Ондағы Жібек жолының маңызы туралы жоғарыда айтылып кетті. Тағы да атап өткіміз келеді, бұл жол арқылы діндер, тілдер, өркениеттер өзара тығыз қарым-қатынаста болды. Ғылымдағы түрлі жаңалық осы жолдар арқылы жан-жаққа таралып жатты. Әлбетте сол бағытта Фараби өзінің білім шамын жарқырата жақты. Ғұлама мұрасының ерекшелігі сонда, оның ұс­танған бағыты бойынша қарапайым философиялық тұжырымдар өз даму жолы арқылы іргелі пәндерге айналды. Ғылым мен өркениетті байланыс­тыра отырып, адам жанының кілтін іздеген ол сондай-ақ мұсылман әлемінің философиясын дамытушы ретінде айрықша тұлға атанды. Сонымен қатар грек ілімін араб, түркі әлеміне паш еткен ағартушы ұстаз. Жаратылыстану ғылымын жан-жақты дамытқан, психология іліміне терең бойлаған, ізгілікті ту еткен ғұламаның өмір жолы жаңа ұрпаққа әрдайым шамшырақ болуы тиіс. Фараби – бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік, философиялық идеялардың бастауында тұрған бірегей есім. Жалпы, Ислам әлемінде фарабитанудың жаңа кезеңі басталды. Бұл игі қадамға бәрі­міз жан-жақты атсалысқанымыз дұрыс. Өз кезегінде адамзатты алға жетелей­тін ғылым мен технология жолы мейі­рім­ділік пен парасатты да жаңа сатыға көтереді», деді И.Чаудари мырза.

Ұлттың ұлы мұратын жүзеге асыратын тәрбиелі де білімді ұрпақ. Сан түрлі саланы салмақтай біліп, шып-шырғасын шығармайтын іскер болып қалыптасқан жас өрен бойында тәрбие болмаса, бір дүниесі кембағал тартып тұратыны да жасырын емес. Сондықтан Ислам әу бастан ғылым мен білімге мән берді. Мұсылман ғұламаларының еңбектері мен ғылыми жаңалықтары адамзат көшін алға бастап, Еуропадағы ренессанс дәуірінің тууына әсер етті. Бұған Ислам ынтымақтастығы ұйымына қарасты ИРСИКА ұйымының бас директоры Халет Эрен өз баяндамасында тоқталып, ойшылдың даналығынан сыр тарқатты.

– Қазіргі уақытта Әл-Фараби ойла­рының өзектілігі қайтадан арта түсуде. Оның көзқарасында саясат, дін және бақыттың өзара терең қатынасы көр­сетілген. Бүгінде әлем өркениеттер текетіресі алдында тұрғанда, Ислам мәдениетімен астасатын экстремистік және лаңкестік көңіл күй үдеп келе жатқан кезде, ұлы философтың мұрасы адамзаттың түрлі көзқарасын шешуге көмек бере алады. Әл-Фарабидің мұрасы ғылымның әртүрлі саласына қатысты еңбектерден тұрады. Сондықтан да ол – әлемдік деңгейдегі философ, ойшыл. Әл-Фараби дүниетанымының қайнар көзі өте тереңде, – деді Х.Эрен.

Шынында, табиғат адамға берген ыстық жүректі кез келгенге үлестіре салмаған. Ендеше, сол жүректің от-қызуымен қолдан келгенше жұрттың жанын жылыта білгенге не жетсін! Ғұламаның өмірі мен өнері, таланты мен таным тереңдігі – таусылып бітпес әңгіме, сарқылып бітпес қазына. Бақсаңыз, жазу өнерінің мөрмен бекітілген бұлжымас қағидасы мен заңы жоқ. Әр адам өз танымына қарай қалам сілтеп, икемді дүниесін иіріп-шиырып қағаз бетіне түсіреді. Оның тағдырының ұзақ не келте болуы да шығармашылық адамы­ның қамау терінің қаншалықты ащы шық­қандығымен байланысты. Бұл тұрғы­сынан келгенде рухты ерге берер баға бөлек. Тауанды тарих пен көркем әдебиеттің заңғарлары – өзінің лавасын тасқындатып жатқан бір-бір жанартау. Қайсысының шығармасын жаттап, тереңіне бойлап, сол тұлғаны түгестім, шыңына шықтым деген күні өркениеттің шыңына шығарымыз хақ.

– Күллі түркі даласының шөкім топырағының өзі киелі, түйір тасы алтыннан қымбат. Сол мекеннің әр пұшпағы өнерлі өрендерге, дарынды дара даналарға бай. Әл-Фараби бабамыз бала кезінен сол дәуірдегі өркениет пен мәдениеттің ірі орталықтары саналған Бұхара, Самарқанд, Мерв, Бағдат, Харран, Рей, Каир, Алеппо, Шам қалаларында болып, білімін үнемі жетіл­діріп отырған. Әл-Фарабидің ғылыми қызметі ортағасырлық араб-мұсылман мәде­ниетінің гүлдену дәуіріне, яғни біздің дәуіріміздің X ғасырындағы – Мұсыл­ман ренессансына сәйкес келеді. Расында, біздің айбарлы да білімді ұлы баба­ларымыздың алдында бәрі басын иді. Өйткені біз өркениетті тараттық, – деген Түркия Республикасы Президен­тінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу сол өркениет таратқан елден ұлы ойшыл­дардың шығуы заңдылық екенін атап өтті. Сонымен қатар тарпаң тарихтан көптеген мысал келтіре отырып, ой­шылдардың философиялық толғам­дарын іске асыру керектігін қадап айтты.

Форумның екінші бөлігінде ғалым­дар өзара пікір алмасып, адамзат ақыл-ойының алыбы Фарабидің трактаттарынан таған тартты. Олар баба мирасының бүгінгі ұрпаққа шамшырақ болғанын мақтанышпен жеткізді. Осы ретте ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов атқарылып жатқан шараларға жіті тоқталып өтті.

«Үздіксіз аққан су тасты да жарады» деп өзі айтқандай, Аристотельдің рух туралы шығармасының бір нұсқасына: «Мен бұл кітапты 100 рет оқыдым» деп жазады. Осыдан-ақ байқағанымыз, оның екінші ұстаз атануы тегін болмаса керек. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап өткендей, шын мәнінде атақты философ, өркениет деңгейіндегі ойшыл Әл-Фараби – Ұлы даладан шығып, әлемдік өркениетке үлес қосқан белгілі тұлғалардың бірі. Сондықтан бүгінгі жиынның маңызы да ерекше. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы ғұламаның мәдениет және өрке­ниет туралы ойларын әлемге бүгінгі күннің заманауи ақпараттары арқылы тара­туға ұмтылып жүрген еліміздің маң­дай­алды оқу ордасы Әл-Фараби атын­да­ғы Қазақ ұлттық университетімен бірле­сіп, мұ­расын насихаттаудамыз. Жақын­да ға­лымның музыка туралы үлкен кі­та­бын баспаға жібердік», деді Д.Қасейінов.

Одан кейін қазақ еліне етене таныс француз профессоры Альберт Фишлер «XV ғасырдағы Батыс Азияны танып-білгің келсе» деп аталатын көлемді баяндама оқыды.

– XII-XIV ғасырларда екі монах Шығысқа сапар шегеді. Сонда олар көптеген мәдени жәдігермен таныса­ды. Сол саяхатшылардың еңбегі ғалым­дарға жолбастау болған. Батыс Азияны көрген ғалымдардың бірі: «Мен басқа бір әлем кеңістігінде жүрген сияқтымын», деп айтқан екен, – деді А.Фишлер.

Оның айтуынша, өткенге көз жүгірт­сек, күллі түркінің ат тұяғы жарты әлемге із тастаған екен. Айбарлы бабалар ұлан-ғайыр жерді сол асқан қуатының, рух-жігерінің арқасында жортуылда жүріп бізге аманаттапты. Алайда қазіргі таңда көптеген жастың бойынан ұлттық рух байқалмайтыны өкінішті. Осынау дүниенің астарына мән берген профессор мұның себебі тал бесіктен берілген тәрбиенің босап бара жатқандығында екенін атаусыз қалдырмады.

Әлемнің 30-ға жуық мемлекетінен ғалымдар қатысқан конференция әрі қарай 2 секция бойынша жалғасты. Алғашқы секцияны Иранның ЮНЕСКО жөніндегі Ұлттық комиссиясының бас хатшысы Ходжатолла Аюби жүргізсе, екінші секцияға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалым­хайыр Мұтанов жетекшілік етті.

Осы ретте айта кетейік, биыл еліміз­дің Түркістан облысындағы Әл-Фара­би мұрасын жаңғырту және Отырар қала­шығын ірі туристік кластер ретінде қалпына келтіру бойынша бірқа­тар іс-шаралар кешені өткізілді. Ізгі қоғам туралы Әл-Фарабидің идеясын креа­тивті түрде насихаттауға бағытталған жастар бастамалары қолдау тапты. Аталған жобалар Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен, ел Прези­дентті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тіке­лей қолдауымен жүзеге асты.

Сондай-ақ Әл-Фараби шығарма­шы­лығын пәнаралық зерттеу жандандырылды. Соның нәтижесінде әлемдік фило­софия мен ғылым контексінде Әл-Фарабидің әлеуметтік-философиялық көзқарасының басты идеялары мен принциптерінің қазіргі мазмұнын анық­тау бойынша жұмыс жалғасуда.

Хош, қорыта айтқанда, әлемге ақыл мен парасаттың шуағын шашқан жан­ның болмысындағы сиқырлы күшті аң­дау кез келген жанға аса ауыр соқпасы анық. Оны тану – игерілмес ғалымның бар қасиетін білу. Ал шынайы ұғыну үшін мыңдаған ғасырдан бүгінге қасиет­ті сөз арқылы жеткен шежірені, тарих­ты парақтап, ұлт руханиятының асыл қазыналарынан сы­ралғы болсаң жеткі­лікті. Төрткүл дүние­нің төрт бұры­шын біріктірген елор­дадағы онлайн шарадан осыны аңғардық.

Баба мұрасын дәріптеу – болашаққа серт.

 

Мирас АСАН,

Мұхтар КҮМІСБЕК,

«Egemen Qazaqstan»