Қызық болғанда шашасына шаң жұқпайтын желаяқ қыздың бойы бар-жоғы 1,52 метр ғана. Салмағы – 52 кило. Алғаш 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында 100 метрде топ жарып, ұлы дүбірден олжа салған ямайкалық ретінде тарихта қалса, бұл жетістігін 2012 жылы Лондон төрінде тағы қайталады. Қысқасы Олимпиада тарихында қатарынан екі дүркін биік белесті бағындырған әйел заты. Мұндай жетістік бұдан бұрын америкалық қара нәсілді қыздардың ғана пешенесіне жазылып келген-тін.
* * *
Сонымен Шелли 1986 жылы 27 ақпанда Ямайканың бас қаласы Кингстон қаласында жоқ-жітіктер мекен ететін ауданда дүниеге келіпті. Бұл аудан негізінен нашақорлар мен бұзақылардың мекені ретінде танымал. Анасы Максина көшенің ұсақ-түйек саудасымен айналысып, соның тапқан-таянғанын талғажау етіп есейген. Жоқшылықтың кесірінен кішкентай Шеллиде жібі түзу аяқкиім де болмаған. Қаршадайынан жалаң аяқ жортып үйренген. Анасы жас кезінде көп-көрім спортшы болған көрінеді. Өйткені желаяқ қыз бойындағы тамаша өнер нағашы жұртынан дарығанын айтыпты.
Кішкентай Шелли 10 жасында, яғни мектеп қабырғасында жүріп жеңіл атлетикамен шұғылдануды бастаған. Жоғары сыныпқа барғанда қысқа қашықтықта алдына жан салмайтын желаяқ атанып үлгереді. Алғаш рет 2005 жылы Кариб теңізі аймағы елдерінің «Карифта» атты спорттық ойындарына қатысып, қола медаль алады.
Одан кейінгі үлкен жетістігі – 2007 жылы Жапонияның Осака қаласында өткен әлем чемпионатында 4х100 метрлік эстафета жолында жарысып, күміс медаль алғаны бар. Келесі жылы, яғни 2008-де өз елінің біріншілігінде топ жарып қана қоймай, 100 метр қашықтықты 10.82 секундта жүгіріп өтіп, жаңа нәтиже тіркетті. Бұл алда болатын Бейжің Олимпиадасында медаль алуға толық мүмкіндік беретін жағдаят еді. Бірақ «ауылдағының аузы сасық» дегендей, Шеллидің отандастары желаяқ қыздың жоғарыдағы жетістігін кездейсоқтыққа балады. Себебі қыздың құйтақандай пошымы «қоянның түріне қарап, қалжасынан түңіл» дегенге саятын еді. Оның бер жағында Олимпия ойындарына (Бейжің) іріктеу кезінде алғашқы екі кезеңде тынысы тарылып, адымы ашылмай пұшайман болмасы бар ма. Құдай қолдап, соңғы турда жарқ етіп шыға келді.
Қысқасы, атақты желаяқ апайлары Шерон Симпсон мен Керрон Стюарттарды артқа тастап, 100 метрді 10.78 секундта бағындырды. Жоғарыдағы апайлары 10.98 секунд нәтиже көрсетіп, құйтақандай қыздан қалып қойды.
Бір жыл бұрын Керрон Стюарт ханым әлем біріншілігінде 100 метр қашықтықты 10.75 секундта жүгіріп өтіп, әлемдік рекорд жасаған болатын. Бұл нәтиже дүниежүзілік әйел жеңіл атлеттері арасында соңғы 9 жылда алғаш тіркелген жетістік еді. Керронның бұл рекордын бір жылға жеткізбей құйтақандай Шелли бұзып, жаңа рекорд – 10.73-ті (секунд) тіркетті. Онымен қоймай, Шелли әлем біріншілігінде қатарынан екі дүркін жеңіске жеткен ғаламдағы екінші әйел спортшы ретінде тарихта қалды. Сондай-ақ 4х100 метрлік эстафетада жеңіске жеткен ямайкалық арулар әлемде алдарына жан салмайтын жүйріктер екенін дүние жүзіне әйгіледі.
Бір қызығы, Бейжің төрінде осы ямайкалық үш ару 100 метрлік жарыс жолында құйрық тістесіп мәре сызығын іркес-тіркес қиып өтті. Алтын, күміс, қола медальдарды мойындарына тағып, жеңіс тұғырында сайран салып тұрған ямайкалық қыздарды спортсүйер қауым әлі ұмыта қоймаған шығар. Басқасы басқа, бір мемлекеттің байрағы бір жолда (бірінші, екінші, үшінші орындар үшін) қатар көтерілуі өмірде қайталана бермейтін керемет құбылыс.
* * *
Бейжіңдегі жетістігінен кейін 2009 жылдың басында Шелли Фрейзер ауыр жарақат алып, ұзақ емделді. Оны 2010 жылы Ямайка «Үздік спортшы» деп жариялады. IAAF болса, «Жылдың үздік әйел спортшысы» атандырды.
Жарақатынан жазылу үшін қымбат дәрі-дәрмек қолданды. Осы дәрілердің кесірінен 2010 жылы Шанхай қаласында өткен жарыста желаяқ қыздың қан құрамынан қолдануға болмайтын перепарат табылып, 6 ай мерзіммен жарыстарға қатысу еркінен айырылды. Осы оқиға туралы өзі «Дәрігердің кеңесін қабылдаудан кейін туындаған жағдай бұл, өте өкінішті» деген екен.
Спорттан шеттетілген алты айда желаяқ қыз жеке өмірін реттеумен айналысты. Көп уақыт достасқан жігіті Жейсон Прайспен отау құруға шешім қабылдап, 2011 жылы қаңтар айында тойын өткізді. Осы жылы өткен әлем біріншілігінде дайындығы дұрыс болмады. Өз тобында дара шыққанымен, финалдық жарыста медаль бұйырмады. Оның сыртында 4х100 метрлік эстафетада америкалықтардан қалып қойды.
Бұл келеңсіздіктер Шеллиге өмірлік сабақ болды. Алда болатын Лондон Олимпиадасында мұндай қателікке бой алдырмауға тырысты. Бір жыл барлық ойын-тойды жиып қойып, жаттығуға кірісті.
Нәтиже жаман емес, ұлы дүбірге іріктеу жарысында 100 метрді 10.70 секундта жүгіріп өтіп, жеке рекордын жаңартты. Ал Лондон төрінде 100 метрді 10.75 секундта бағындырып, екі дүркін Олимпиада чемпионы атанды. Одан кейін 200 метрге жарысып 22.09 секунд көрсеткішпен күміс медальға қол жеткізді. Ал олимпиадалық 4х100 эстафетада АҚШ қыздарына жол беріп қойды.
Шеллидің жұлдызды жылдары әлі алда еді. Айталық, 2013 жылы тамыз айында Мәскеуде өткен әлем чемпионатында ол 100 және 200 метр қашықтықта алдына жан салмады. Оны айтасыз, «Лужники» стадионында өткен 4х100 метрлік қыздар арасындағы эстафеталық жарыста командасымен топ жарып, яғни бір чемпионатта 3 алтын медальдың иесі атанды. 2015 жылы күзде Бейжіңде өткен жеңіл атлеттердің әлемдік додасында тағы да қос алтын медальдың иесі атанса, өткен жылғы Мәскеу чемпионатында осы жетістігін қайталады.
Сөзімізді түйіндеп айтсақ, жоқшылық пен кедейшілікте бойжеткен Шелли атаққа алданбады. Үш жылдан бері әлемдік Бейбітшілік қоғамының жұмысына атсалысып, өзі оқыған мектепке жарты миллион доллар қаржылай көмек жасады. Қазір өз елінде кедей-кепшік, жетім-жесір балаларға көмек қолын созатын қор ашып, оның жұмысын спортпен қатар жүргізіп келеді.