Жиынға ұлы ағартушының ұрпақтары мен аталас туыстары, жергілікті өлкетанушылар мен тарихшы ғалымдар, сондай-ақ облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінің қызметкерлері қатысты.
"20 қазан күні киелі Тобыл өңірінде дүниеге келген қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин атамыздың туғанына 179 жыл толып отыр. Алдағы жыл - бүтін алаш жұрты үшін мерейлі жыл. Өйткені Ыбырай атамыздың 180 жылдығы ел көлемінде атап өтілмек. Дала ұстазының артында қалдырған ұлы мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттау барысында облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейі бұған дейін де бірқатар ауқымды іс-шараларды атқарды. Ал бүгінгі онлайн-жиынға Тараз, Шу, Алматы, Ақтөбе, Рудный, Қостанай қалаларында тұратын Абдолла Ыбырайұлының, Балғожа бидің немересі Оспан мен Нұхман Қошанұлының, Балғожа бидің аға бауыры Қанқожаның, Балғожа бидің інісі Көтібар әулетінің ұрпақтары қатысып отыр. Кездесу онлайн режімде болып жатқанына қарамастан, Ыбырайдың аталары, кейінгі ұрпақтары жайлы тың деректерге қанықтық", деді облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейі басшысының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Салтанат Өтелбаева.
Басқосуда Ы. Алтынсариннің туыстары әулет шежіресінен сыр шертісіп, өз естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, қостанайлық өлкетанушылар қойған сауалдарға жауап беріп, қазіргі тұрмыс-тіршіліктері жайында әңгіме өрбітті.
Онлайн-кездесу барысында музей қорындағы фото-құжаттар мен шежірелер жиынтығынан жасалған көрменің ашылу рәсімі өтті.