Әдебиет • 21 Қазан, 2020

Сол бір сәттер (Естелік)

605 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Қол алысып, сәлемдесіп тұрмын. Әзиз Несинмен! Өзімен! Әзіл-сықақшы жа­зушылардың халықаралық шы­ғар­ма­шылық бәйгелерінде бас жүл­де­ні басқаларға бұйыртпай жүрген атақ­ты түрік ағамызбен!..

Сол бір сәттер (Естелік)

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбаев, EQ

Бойы ортадан пәстеу, өңі қоңырқай, денесі жинақы, шашы қалың, ақшулан. Қасы қап-қара. Құлағы – «көдедей көп­­тің» бірі. Көзі – өзіміздікі, мұрны май­мұрын да, қырмұрын да емес, «әрі-сәрі». Жалпы, бет-пішіні о баста атжақты бол­ған сияқты, тек бертінде бұғағының о жағы мен бұ жағына әлгі бар болғыр май жиналса керек, иегін төрттекшелеу етіп тұр. Ал қоңырқай жүзінде әжім жоқ екен, мен соған іштей қуандым. Өйт­кені сол кездегі 66 жастағы Әзиз бейдің ауыртпалық-қиыншылықты жас­тай көп көргені, биліктің қияпаттарын әшкерелеп фельетон, сықақ әңгіме жаз­ғаны үшін бірнеше рет сотталып, «түр­мелерді түгендегені» бар. Соған мойымай, жасымай, қажыр-қайратын сақтап, тіпті еселеп, қаламын қайрай түсіп жүр­гені ғажап қой!

Біздің бұл танысуымыз 1981 жылы шілде айының 4-і күні, Мәскеуде, Кремльдің Үлкен сарайында, КСРО жазу­шы­ларының жетінші құрылтайы мәжі­лістерінің бір әредігінде болды. Әзиз Несиннің келгенін естіп білсем де, алғашқы күні іздеп таба алмадым. Содан кейін жазушы-драматург ағамыз Қалекеңе, Қалтай Мұхамеджановқа қиғылық салдым:

– Қалеке, Әзиз Несин досыңызбен таныстырмақ едіңіз, енді қашан? – дедім.

– Оны өзім де жаңа ғана әрең тауып алдым. Кәне, жүр, кездестірейін, таныс­тырайын, – деп ертіп, кең залдың орта тұсында тұрған бір шал, екі жігіт және бір әйел тобына алып барды. Жігіттің бірін таныдым: әйгілі әзіл-сықақшы Леонид Ленч. Қалекең оларға менің аты-жөнімді, сатирик екенімді айтып, содан кейін қоңырқайға қарап: – Құрметті Әзиз бей, бұл жігітіміз, – деп бастап, мені біраз сипаттап болып, сонсоң маған: – Көкеңді көрдің ғой, кәуласа бер, – деді де Несинге: – Мен бір шаруама барайын, кешке жолығармыз, – деп кете барды.

Әзиз бейдің тілмәші Вера Феонова деген орыс әйел екен, түрік тіліне мығым болса керек, аударманы бөгелмей жасап тұрды.

Қоңырау соғылды, мәжіліске шақы­рыл­­дық.

– Қалтай бей айтты ғой, иншалла, кеш­­ке кездесерміз, – деп Несин залға бет­теді.

Сол күні кеште «Россия» қонақүйінің мейрамханасында Әзиз бей мен тілмәші, Қалекең және Шерхан Мұртаза бесеуміз бас қостық. Өмір, Түркия, Қазақстан, әдебиет, аударма дегендей, біраз тақы­рып­ты шолған әңгіме болды. Әзіл-қал­жың ағытылды. Мен, әрине тыныш тың­даушымын. Несин қазақ сатирасына, аудар­маға қатысты сауал бергенде ғана «қатар­ға қосыламын».

– Ғаббас бей, менің әңгімелерімді орыс тіліндегі нұсқасынан аударып жүр­сіз бе? – деді бірде.

– Өкінішке қарай, біздің мектептерде түрік тілі оқытылмайды, кітап сау­­да­мызда түрік кітаптары болмайды, – дедім де, соған өзім кінәлідей-ақ ың­ғайсызданып, үстелдің сирағына сү­йеп қойған портфельмді дереу алып, ашып, «Күлеміз бе, қайтеміз…» деген жинағымды Несинге ұсынып: – Құр­метті Әзиз бей, бұл әзіл-сықақ әңгіме­ле­рім­нің шағын жинағы еді, мұнда сіздің шығармашылығыңыз жайында мақа­лам бар, «Иә, Әзиз бей, сіз кімсіз?» деп аталады және біздің бүгінгі көшалды әзіл-сықақ­шымыз Оспанхан Әубәкіров туралы «Әзиз Несиннің Алматыдағы інісі» деген мақалам да бар, – дегенімде, кө­зі менде, құлағы тілмәшінде болған ол жай­дарлана күлімдеп, орнынан тұрып, қо­лын ұсынып:

– Мың да бір рахмат! Иншалла, өзі­міз­­дегі қазақ достарымның біріне аудар­тып оқытып тыңдаймын! Рахмат, Ғаббас бей, жүз жасаңыз, көп жазыңыз! – деді шы­найы риза болып.

– Ғаббас жолдас, мына сыйың ғажап болды, – деді Шерағаң.

Әзиз бей:

– Қалтай бей, келген сайын саған жаңа кітабымды сыйлаушы едім, биыл әлі шыққан жоқ. Сонан соң сен жалғыз емес­сің, жаныңда Шерхан бей мен Ғаб­бас бей бар. Сендерге не сыйласам екен? – деп, бізге жымия қарап: – Ә, үшеуіңе сурет салып берейін, ескерт­кіш болсын, – деді де, шолақ жең ақ көйлегінің төс қалтасынан шағын блокнот, қалам алып, үшеумізге үш парақшаға сурет салып ұсынды. Маған: «Бұл – бейбітшілік балығы» деп берген мына суреті, әрине мен үшін ерекше қымбат ескерткіш.

Әзиз беймен одан кейін екі мәрте әңгімелестім. Әңгіме тақырыбымыз әрқилы болды. Оның туындыларының көбі орыс тіліне аударылған-ды. Аудар­ма сапасына көңілі тола ма екен, соны білгім келіп, Вераға:

– Сіз Әзиз бейдің әңгімелерін түп­нұс­қасынан оқитын шығарсыз, олардың орыс тіліне аударылуы сізге ұнай ма? – дедім. Ол басын изеді де, Несинге бірдеңе айтты. Сұрағымды жеткізген сыңайлы. Одан кейін: – Меніңше, аудар­ма жақсы, алайда түпнұсқаның аты – түпнұсқа ғой, Әзиз бейдің күлкісі орысшада кейде солғын болып қалады, – деді де, Несинге қарады.

– Иншалла, орыс оқырмандарым­ның құрметіне шынайы ризамын, ол аудар­ма­ның жақсылығынан ғой. Жалпы, мен жұртты күлдірейін деп әдейі күлкілі етіп жазуды ойламаймын. Ішкі-сырт­қы саясатымыздағы, тұрмыс-тірші­лі­гі­­міз­дегі кем-кетікті өзім көріп-біліп жүр­ген күйінде айтып беремін. Соным оқыр­ман­дарға ұнаса, ол маған Құдай берген жазушылық қабілет қой. Қуана күлетін жағ­дай болмағанда адам налып, ашынып күледі емес пе? Мен көбінесе солай күлемін. Менің ұстазым – Антон Павлович Чехов. Күлу үшін ғана оқи салғанға оның күлкісі жеңіл, қызықты сияқты көрінеді деп ойлаймын, ал қай­та­лап, ойлана оқысаң, қоғамының, қор­шаған ортасының жан ауыртқан көлең­ке­лі жақтарын ғажап ашып береді. Соны түйсініп, Чеховтың портретіне қара­ға­ным­да кейде жылағым келеді, – деген Несин әңгіме ағысын басқа арнаға бұ­ра қойып, қазақ әзіл-сықағының қа­зір­гі ахуалын айтып беруімді қалады. Мен білетінімді айтып:

– Жазғандарымыз баспасөзде жария­ла­нып, кітаптарымыз шығып тұрады, – деп аяқтадым.

– Ғаббас бей, менің әңгімелерімді орыс­шаға аудармадан оқисыз ғой, ­аудар­масы қандай дер едіңіз?

– Маған ұнайды, аударуыма жеңіл.

– Көп аудардыңыз ба?

–Төрт әңгімеңізді аудардым. «Литера­тур­ная газетада», тағы бір журналда шыққандарын. Сіздің кітаптарыңыз бізде жоқ, егер болса, бәрін де аударар едік, қазақ оқырмандары қолдарына тиген сол аздың өзіне қызығып, бізге хат жазып, кітаптарыңызды қайдан алуға болатынын сұрайды.

– Солай деңіз. Мен бұл жайтты Марков­қа, Ленчке айтармын.

– Құрметті Несин аға, біздегі бірін­ші аудармашыңыз – сізге кеше сый­ла­ған кітабымда айтылған Оспанхан Әубәкіров, ол «Ахиреттен келген хаттар» деген хикаятыңызды аударып, газетке шығарды. Өте жақсы аударды, өзі жазғандай жеңіл оқылады. Оспанхан – әзіл-сықағымыздың сардары!

– Рахмат, жахсы, рахмат! – деп Әзиз бей ерекше риза болды. «Аға» деуімнің мағынасын сұраған Вераға «старший брат» деп түсіндіргенмін, әлде сол сөзім әсер етті ме, Несин, сәл қиықшалау қойкөзі күлімдеп:

– Ғаббас бей, Ленчке тапсырамын, иншалла ол менің кітаптарымды сізге жібертеді, – деді.

…Несин құрылтайдың аяқталуына қарамай еліне аттанып кетіпті. Оны Қалекеңнен естідім.

– Әзиз бей ағаң саған сәлем айтты, – деп жымыңдады Қалекең. – Ресторанда отырғанымызда «биыл кітабым әлі шыққан жоқ» деп өтірік айтуға мәжбүр болыпты. Жаңа кітабының оншақтысын ала келген екен, осындағы достары талап алып, әйтеуір маған біреуін сақтапты. Шерхан екеуіңе сыйлары болмаған соң, маған оңашада берді. Сол кітабы, міне. Түрік тілінде. Мұны да аттанарында саған бер деп тапсырды. «Ғаббас бейге арнап салып жіберермін, саған сонда қайтарар, оған дейін түпнұсқасымен таныса берсін», деді.

Ол кітабының аты – «Дүлейлер босады». Хикаяттар жинағы.

Әзиз бейден маған арнайы кітап келмеді. Еліне оралысымен жауапқа тартылып, «байтал түгіл, бас қайғыға ұшырағанын» естідім. Оның есесіне кейінде Мәскеуден орыс тіліндегі үш жинағын және түрік тіліндегі «Gol kroli» кітабын алдым. Кім жібергені атап көрсетілмепті, «Художественная литература» баспасынан екені ғана айтылған. Солардан қазақшалап: «Футбол королі» романын, «Әңгіме оқи отырыңыз» деген атпен әңгімелер жинағын – екі кітабын қазақшалап шығардым. Жақында романды қайта қарап, жалпы түрік әлеміне «сұлтан» сөзі етене ғой деп ойлап, «Футболдың сұлтаны» деп өзгерттім.

 * * *

Қазақ оқырмандар Әзиз Несиннің өмірбаянынан толық хабардар емес. Аударып шығарған екі кітабына алғы­сөзім­де, одан бұрынғы «Иә, Әзиз бей, сіз кімсіз?» деген мақаламда қыс­қа­ша ғана айтылды.

Бекзадалар аралы» құрамындағы – Хайбелиадта тұратын жалшы түрік Әзиз Мехметтің отбасына 1915 жылғы желтоқсан айының 20-сы күні іңгәләп жар сала келген тұңғыш нәрестеге Нүсрет деп ат қойылыпты. Ол араб сөзі­нің мәні «Алладан медет» екен. Бірінші дүниежүзілік соғыс жалыны шарпып тұрған Шанаққаладағы шай­қас­та отандастарының жеңіске жетуін Жаратқан иеге жалбарына тілеп жүрген әке ырымдап қойған ғой. Алайда ұлы ол атынан ержете бере «айырылып қалды». Себебін жазушының өзі айтсын: «Бізде 1934 жылы ныспы жайында заң шықты да, Түрік республикасының күллі азаматтары өздеріне жаңаша аты-жөн алуға міндетті болды. Әркім көңілі қалағанын көздеп ала бас­ады. Көпшілік қызық қой, баз біреулер тіпті өзінің жаратылысына жараспайтын сөздерге жармас­ты. Сөйтіп әншейіндегі сужүректер – қаһарман, сараңдар – жомарт, әлжуаз­дар – күшті, кедейлер – бай деген ұғым бе­ретін аты-жөнді шімірікпей иеленіп шыға келді. Ал жақсылық нышаны атаулыдан әрқашан мақрұм болып жүретін мен байғұсқа емен-жарқын ныспы бұйырмады. Содан соң, амал не, біреулердің аты-жөніне жанасып, ор­тақтасып қалмайын, заңға томпақ болып жүрер деп топшыладым да, «Несин» бо­ла салайыншы дедім. Оның мәнісі: «Әй, Әзиздің баласы, сен кімсің өзі, несің?» дегенге жауап еді. Күндердің-күнінде біреу-міреу: «Е, мұның не?» дей қалса, өзімнің шынында кім екенімді ойлай жүрейін дегенім ғой». (Әзиз Несин. «Ме­нің өмірбаяным»).

Несин дарын болғанымен, жолы даңғыл болды деуге келмейді. Билік де­ген сиқырлы дүниенің кем-кетігін «сурет­теген» фельетоны шыққан сайын сотқа сүйреліп, түрмеге тоғытыла берді. Құрықтарына ілікпес үшін қитұрқы бүркеншік аттармен жазса да, тауып алады. «Әзиз» деп әкесінің атын да пай­даланғаны кейін белгілі болды (біраз жұрт өзінің аты Әзиз екен деп шатасыпты).

Несин жиыны неше фельетон жаз­ғанын, сол үшін түрмеде неше рет, неше жыл отырғанын санап айтқан емес. «Фельетон былай тұрыпты-ау, сықақ әңгімем үшін де таяқ жедім. Анау әңгі­мем­нің, мынау әңгімемнің кейіпкері өзі екенін «дәлелдегендер» мені түрмеде жиыны алты жылдай ұстады, оның жарты жылын маған Египеттің королі Фарук «сыйлады», – мен бір әңгімемде «оның ар-ұятына тіл тигізіп» қойыппын, сол үшін Анкараның сотынан бір-ақ шығарғаны ғой», дегені ғана бар.

Несин әдебиетке қадамын ақын болуды армандаумен бастапты. Әуелгі лирикалық өлеңі 1939 жылы «Еди гюн» газетінде шыққанда атақты ақын ағасы Назым Хикмет оған: – Өлеңнің басын ауыртпай, әңгімеңді жаза бергенің жөн болар, – деген көрінеді. Інісі бәлденбей, өкпелемей тіл алып, әзіл-сықақ жаққа біржола көшкен. Тұңғыш әңгімесі 1943 жылы «Миллет» газетінде басылыпты. Сөйтіп ол қалам ұстаған 56 жыл бойында әзіл-сықақ әңгімелерінің 34 жинағы, өлеңдерінің 5 жинағы, 8 романы мен 6 пьесасы шығып, әлем әдебиетіндегі ірі тұлғалардың бірі болды. Әдеби-ғылыми іспен де шұғылданып, «Республика дәуіріндегі түрік әзілінің тарихы» деген еңбек жазды (үш том). Журналшылық сұхбат, репортаж, мақала кітаптары өз алдына жеке әлем.

1976 жылы «Назым Хикмет қо­ға­мын» ашып, ақынның әдеби еңбе­гін насихаттауды қолға алды және «Бей­біт­шілікті жақтаушылар қоғамын» ашып, термоядролық соғысқа, Түркияға американ әскерлерін орналастыруға қарсы күш біріктіруге кірісті. Сонымен қатар 1976-1984 жылдары «Түрік жазушылары бірлестігін» ұйымдастырып, түрік қаламгерлердің құқығын қор­ғау мәселелерімен шұғылданды. Ол игі іс­теріне қаржы табу үшін 1976 жылы «Әзиз Несин қорын» ашып, жыл сайын бір мың бет шамасы кітап шығарып, одан түскен қаламақыны ортаға салып отырды.

1968 жылғы бір сұхбатында Несин: «Мен 53 жастамын. 53 кітабым 23 елде 17 тілде басылып шықты. Пьесаларым 7 елдің сахнасында жүріп жатыр», деді. Азия және Африка жазушыларының бірлестігі әдебиеттегі аса зор еңбегі, қоғамдық-саяси белсенді қызметі үшін Әзиз бейге 1974 жылы «Лотос» журналы сыйлығын берді.

…1971 жылы болар, Несин, әйелі – Мераль, үш ұлы мен қызы бар бесеуі от­басылық әңгіме-дүкен құрады. Отағасы:

– Мераль, балаларым! Мен өзім көрмеген рахат тұрмысты сендерге көр­сете алдым. Айналайын балаларым, әр­қай­сысыңа үй, саяжай сатып әпердім. Жоғары білім алып, қызмет істеуге кірісе­тін, яғни өз төтелеріңмен өмір сү­ре­тін күндерің де жақын. Сол күннен бастап мен қолымдағы артық ақшамды, алатын қаламақымды жетім балалар үйін салуға және сол үйді ұстауға жұмсасам деймін. Ол үшін арнаулы Қор ашамын. Мен өлгеннен кейін де маған тиесілі қаламақы келетін болса, оның да сол Қорға құйылуын заңдастырамын, – деген кезде ортаншы ұлы Әли әкесін құшақтай алып:

– Көке, көке! Өлмеші! Өлмеші! Ма­ған үй де, саяжай да керек емес! – деп ботадай боздапты. Басқа балалары да қо­сыла жылап, әңгіме аяқталмай қалыпты.

Алайда Несин отбасылық әңгімені көп ұзатпай тиянақтап, айтқан үйін салуға жер алу, құрылыс жұмыстарын жүргізуге қажет құжаттарды жасатып, жарғысы мен бағдарламасын жазып, іске кірісіпті.

…Ыстанбұлдың батыс жағында, алпыс шақырым жерде, Чаталжа деген шағын елді мекен бар. Бау-бақшалы. Биік үй дегенде көзге бірден түсетіні – 4 қабатты ғимарат. Ол – «Әзиз Несин қорының» құзырындағы интернат. Қордың басшысы – Несиннің ұлы, физика-математика және философия ғылым­да­рының докторы, әлгі «жы­ла­уық» Әли.

Интернатқа 3-4 жастағы тұлдыр же­тім балалар және тұрмыс жағдайы өте ауыр отбасының сол жастағы балалары қабылданады да, олар жасы кәмелетке толып, қалаған оқуын бітіріп, жұмысқа кіріскенге дейін осында тегін тұрады. Интернаттың бюджеті – Әзиз Несиннің қаламақысы, яғни оның Түркияда, шетелдерде қайталап шығарылып жататын кітаптарынан, қойылып жататын пьесаларынан, Несин шығармасы бойынша жасалған кинофильмдерден түсетін табыстың келісімді шарт бойынша белгі­лен­ген пайызы.

Несин интернаттың жарғысы мен бағдарламасын жазғанда қабылданатын түрік балаларын елдің тарихын, ғылым-білімін, халықтың салт-дәстүрін сыйлайтын, ана тілін құрметтейтін инабатты, білімге, еңбекке құштар етіп тәрбиелеуді қадап-қадап айтқан. Меніңше, интернат түлегін Ата­түріктің өсиетіне адал болып: «Мен – түрікпін!» дей алатын азамат дәрежесіне жеткізуді көздеген.

– Мен жұрттан екі жайтты ғана жасыра алдым. Бірі – шаршағандығым, екіншісі – жасым. Егер өмірге екінші рет келсем, азырақ шаршауды ойлар едім, ал жасым… кейбіреулер: «се­­­нің өңің жап-жас, баяғыда осындай едің, қартаймапсың» деседі. Е, олар ме­нің қартаюға уақытым болмай жүр­генін қайдан білсін! – депті Несин бір сұхбатында.

Әлемге танымал Әзиз Несин 1995 жылы, жасы сексенге қарағанда қайтыс болды. Шығармалары өзінің ғана қа­же­ті­не емес, халқының қажетіне жа­ра­­ған жазушы мерейлі, бақытты. Әзиз бейдің туындылары әлемдік әдеби құнды­лықтар қорына қосылды, яғни ол ең ба­қытты қаламгерлердің бірі болды.

Әзиз бейдің: «Егер мен жарық дү­ние­ге қайтадан келсем, осы жолыммен тағы жүрер едім, – деп «бірсөзділігін» байқатып: – Бірақ шығармаларымды қазіргісінен неғұрлым көп те жақсы жазар едім. Алайда адамзаттың тарихында о дүниеден оралғандар болмапты, ендеше мен де оралмасқа осы күйімде кете барармын», дегені есімде. Ғажап күл­кісін құдіреттендіре түсуге қабілеті барын, тек уақыты жетпесін айтқаны-ау!

Несин ағамызды алғаш және ақырғы рет көргенімнен бері де 39 жыл өтті. Қо­ңыр­қай жылы жүзі – көз алдымда, қоңыр үні – құлағымда.

 

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ