Елорда • 21 Қазан, 2020

Үлескерлер үйлі болып жатыр

336 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бас қаладағы күрмеуі қиын күрделі мәселе – көп жылдан бері құрылысы тұралап қалған тұрғын үйлер. Қаншама қала тұрғыны «сақалды» құрылысқа ұрынып, армандаған баспанасына қол жеткізе алмай сарылды. Соңғы уақытта үй аламын деп сан соғып қалған үлескерлердің үміті ақталып, түйткілді мәселенің түйіні тарқап келе жатыр. Биылдың өзінде проблемалы біраз тұрғын үй пайдалануға беріліп, мыңдаған елордалық қоныс тойын тойлауда.

Үлескерлер үйлі болып жатыр

 

Биыл 8 мың үлескер баспаналы болады

Үлестік құрылыс мәселесі бойынша қала тұрғындары талай жылдан бері табанды түрде талап-тілегін айтып, елорда әкімдігінің табалдырығын тоздырып жүр. Бұл қордаланған мәселенің шешілуі Нұр-Сұлтан қаласының әкімі болып Алтай Көлгінов келгелі ілгерілей бастады. Былтырдан бері құрылысы тоқтап тұрған үлескерлік үйлердің жалпы саны нақтыланып, оның жұмысын жандандыру белсенді іске асырыла бастады. Өткен жылы дәл осындай проблемалы 10 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 2,5 мың үлескер баспаналы болды. Енді бұл бағыттағы жұмыс қарқын алып, жыл са­йын пайдалануға берілетін үйлердің саны еселене бермек. Мысалы, биылғы меже 8 мың үлескері бар 20 тұрғын үй кешенін толыққанды тапсыру.

Бұл жоспарлы жұмыс та біртіндеп орындалып келеді. Мұны біз күзге қарай үлескерлердің бірінен соң бірін қуантып жатқан ақжолтай хабарлардан аңғарып отырмыз. Сондай жақсы жаңалықтың бірі – ұзақ салынған «Алтын шардың» бірінші блогы бойынша құрылыстың аяқталуы.

«Бұл құрылыстың аяқталғанын сарыла күтіп жүрген үлескерлермен кездестім. «Алтын шарды» алғаш көрген кезде құрылысы мүлде тоқтап тұрған болатын. «GLB» үй құрылысы комбинатының құрылысшылар мен кредиторлар алдында миллиондаған қарыздары болды. Көппәтерлі тұрғын үй кешені үш блоктан тұрады. Мұндағы жұмыс қайта жаңғыртылды. Мемлекет тарапынан құрылыс комбинаты жұмысының қайта жандануына көмек көрсетілді. Үйдің бірінші блогының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. «Алтын шар» үлескерлеріне кілттер беріліп, құжаттар рәсімделе басталды. Бұл – шамамен 200 отбасы. Отбасылардың бір бөлігі көптен күткен баспанаға кіріп үлгерді. Жыл соңына дейін аталған тұрғын үйдің екінші блогын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сол кезде тағы 200 үлескердің мәселесі шешіледі. Ал үшінші блоктағы жұмыстарды күшейтуді тапсырдым. Ол жерде 218 отбасы пәтерін күтіп отыр. Үйге уақытша кірме жолдар салдық, құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін аумақты абаттандыруға кірісеміз», деді қала басшысы.

Сонымен қатар құрылыс комбинаты «Бағыстан» тұрғын үй кешен құрылысына да жұмылдырылған. Үй құрылысы комбинатының жұмысын қайта жаңғырту сапаға нұқсан келтірмей, үйлерді аз уақытта салып шығуға және шаршы метрдің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

«Алтын шар», «Бағыстан» сияқты құрылысы ұзаққа созылған нысандардың құрылысымен айналысатын «GLB» комбинатының 600 млн теңгеден аса қарызы бар. Мемлекет қолдауының нәтижесінде бұл сома өтеліп, бірқатар мәселе шешілді. Осы шаралардың барлығы үлескерлердің мәселелерін шешуге бағытталған.

Нұр-Сұлтан қаласында құрылысы 8 жылға созылған тағы бір нысанның құрылысы аяқталуға жақын қалды. Бұл үлескерлердің сабырын әбден сынаған «Жағалау-3» тұрғын үй кешені еді. Бүгінде тұрғын үйдің 30-блогында қас­бет­­тік әрлеу жұмысы аяқталып, абат­тан­дыру қарқынды жүргізіліп жатыр. Тұрғын үй кешенін тұрақты энергиямен жабдықтау желілеріне қосу бойынша жұмыс жүргізілуде.

«Жағалау-3» тұрғын үй кешенінде орналасқан 30-блокта 600-ден аса алданған отбасы бар. Елорда әкімінің тұрғындармен бірнеше рет кездесуі барысында кезең-кезеңімен құрылыс кестесі әзірленді. Мұнда шешілмеген мәселелер шаш етектен еді. Қазіргі уақытта үй орталық суға, жылу мен кәрізге қосылды, сондай-ақ уақытша электр желісімен жаб­дық­талды.

Абаттандыру бойынша үлкен ауладан бөлек футбол және баскетбол алаңы орна­тылады. Жақын арада жұмысшылар кіреберістердің ішін әрлеуге кіріседі. Лифтілердің бір бөлігі орнатылды.

Бұған қоса аталған тұрғын үй кеше­ні­нің 28 және 29-блогының құрылысын аяқ­тау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

 1

Мемлекет қолдауымен тұралаған құрылыс жанданды

2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында астанадағы аса проблемалы тұрғын үйлердің құрылысын аяқтауға «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС белсенді атсалысып жатыр. Соның бірі – «Баспана Көктал» көппәтерлі тұрғын үй кешені. Бұл кешен бірнеше жер учаскелерінде орналасқан, 13 үйден тұрады. Олардың біреуі ғана аяқталды. Бес жыл бұрын тоқтап қалған 12 үй құрылысы ұзаққа созылған нысан ретінде танылды. Мұнда шатырдан су кету, қасбеттің, терезелердің, есіктердің, лифт шахталарының болмауы, жарық, жылу, су мен кәріз жүйелерінің инженерлік желілерге қосылмауы сияқты күрделі мәселелер болды.

«Үлескерлермен бірнеше рет кездесіп, жоспарлы құрылыс кестесін құрдық. Бұл үйде 600-ге жуық отбасы пәтерлерін күтіп жүр. Бұрынғы құрылысшы қаншама қабатты заңсыз түрде салып, лифтілер орнатпаған. Құрылыс сала­сын­дағы қолданыстағы нормаларға сәйкес ғимарат 6 қабаттан асса, міндетті түрде лифтімен қамтамасыз етілуі тиіс. Сон­дай-ақ өртке қарсы эвакуациялық бас­палдақтар болған жоқ. Осыған байланысты лифтілер мен эвакуациялық баспал­дақтарды орнату үшін бөлімдерді бөлшектеу қажет болды. Барлық аталған құрылыс жұмысы жүргізіліп жатыр. Тұр­ғын үй кешенін Елорда құрылыс компа­ния­сының қатысуымен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салып жатырмыз. Құ­рылыс қарқынын күшейтіп, үйлерді жыл соңына дейін аяқтауды тапсырдым. Аумақ­ты абаттандыру көктемге жос­пар­лан­ған», деді А.Көлгінов.

Биыл қала күні қарсаңында Елорда құрылыс компаниясы 8 жыл бойы салынған «Столичный-2» тұрғын үй кешенін пайдалануға беріп, 200-ден аса үлескердің мәселесі шешілді.

Бұл тұрғын үйдің үлескері Жанар Дүйсенова уақыт өте келе баспанадан үмітін үзе бастағанын айтты. «Көп жыл бойы өз пәтерімізді күтіп, тіпті үмітіміз үзілді. 8 жыл бойы бұл мәселемен бар­ма­ған жеріміз қалмады. Міне, 2020 жыл – біз үшін ерекше жыл болды. Біз өз пәтерімізді алдық. Қатты қуанып жүрміз. Өмірде қуанышты сәттер көп болсын», деді үлескер.

Тағы бір мәселе – «Территория ком­форта-1» тұрғын үй кешені. Бұл «са­қал­ды» құрылыстың 15 жылдан аса тарихы бар екен. 2004 жылдан бері салынып жатқан «Территория комфорта-1» көп­пә­терлі тұрғын үй кешені 6 блоктан тұ­рады. Техникалық тек­се­ріс ғимарат апат­ты жағдайда екенін анық­тады. Тұр­ғын­дар­дың қауіпсіздігі үшін ғи­ма­рат­ты бұзу туралы шешім қабыл­дан­ды. Үйдің құры­лысы аяқталған жағдай­дың өзінде ұй құ­лап қалатын еді. Қазір орнына жаңа тұр­ғын үй кешенінің құрылысы жүр­гізілуде. 500-ден аса адам үлескер атанды.

«Бұл – проблемалы нысандардың бірі. 2005 жылдан бастап пәтерлерді сату бас­талды, сол уақыттан бастап үйлер тұр. Қазір үйді бұза бастадық. Сонымен қатар құрылыс жұмыстары да басталды. Жұ­мыс қарқынды жүріп жатыр. Осы үйден басқа Қазақстанда 2005 жылдан бері тұр­ған бірде-бір құрылыс жоқ», деді «NAK Development» ЖШС директоры Серік Қасен­беков.

Аталған тұрғын үй де Елорда құрылыс компаниясының қолдауымен «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынады.

«15 жыл ішінде көп нәрсе өзгерді. Өкінішке қарай, қазір кейбір үлескерлер армандаған үйіне қолы жетпей, өмірден өтіп кетті. Осы уақыт аралығында балаларымыз да өсіп кетті. Олардың өзі де отбасын құрып үлгерді. Қазір құрылыс жұмыстарының қайта жанданғанына қуаныштымыз. Алдағы уақытта өз пәтерлерімізге барамыз деп үміттенеміз», деді үлескер Анара Серкебаева.

Үлескерлері өте көп проблемалы құрылыс нысандарының бірі – «Шығыс» тұрғын үй кешені. Бұл тұрғын үй кешенінің 2А, 2В, 3А, 3В нысандарында құрылыс жұмыстары қайта жанданды. Осы блоктардағы үлескерлердің саны мыңнан асады. Алданған жылжымайтын мүлік инвесторлары өздерінің пәтерлерін 2011 жылдан бері күтіп жүр.

«Қаржыландыру барлық блокқа бөлінді. Барлығының сметалық құжат­та­масы әзірленді, қаржылық және тех­ни­ка­лық аудит жүргізілді. Бірінші кезекте үйлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Яғни үйдің іргетасы және қаңқасы мықты, қабырғасы тегіс болуы керек. Аталған үйде екінші-үшінші қайтара сатылған деректер болды. Бүгінде мердігер анықталып, біраз жұмыс жүргізілді. Мысалы, 1А және 1В блоктарында қасбет жұмыстары жүргізіліп, ішкі жұмыстары басталды, лифт пен терезелер орнатылды. 2А және 2Б блоктарында үйдің қаңқасы көтерілді, төбесі жабылуда. 3А және 3В блоктарында да қаңқа жұмыстарын аяқтау керек болған, біртіндеп ішкі жақтың жұмыстары бас­талып жатыр. 4А (1-кезек) блогында да құрылыс жұмыстары тоқтамайды», деді шаһар басшысы.

Тұралап қалған үлестік құрылыс мәселесін шешудің бір жолы – инвесторлар тарту. Биыл Мәңгілік Ел көшесінің №29 және №30 қиылысында орналасқан «Хазар» («Загреб») тұрғын үй кешенінің инвесторы анықталды. Қазіргі уақытта үй қаржыландырылды, жер учаскесі рәсімделді, нысанда құрылыс жұмыстары басталды.

Сондай-ақ құрылысы ұзаққа созылған «Талисман» тұрғын үй кешенінде (Е542 және Е567 көшелерінің қиылысы) құрылыс жұмыстары басталды.

 

Алаяқтардан абай болған жөн

Үлестік құрылыс мәселесі біртіндеп шешімін тауып келе жатыр. Енді бұдан былай да осындай қырсыққа тап болып, тұрғындар опынып қалмауы үшін сенімсіз құрылыс компаниялары анықталып, жұмысына тыйым салынуда. Елорда әкімдігі қала прокуратурасымен бірлесіп «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» қолданыстағы заңнама талаптарының сақталуына мониторинг жүргізіп жатыр. 2018 жылдан бастап бүгінге дейін үлескерлердің қаражатын заңсыз алып, тұрғын үй кешендері жобаларын жарнамалауда заңды бұзғаны үшін 46 құрылыс компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, жосықсыз құрылыс салушылар заңсыз түрде үлескерлердің ақшасын алып, пәтер сатып жатыр. Проблемалық нысандар мен алданған үлескерлердің пайда болуына жол бермеу мақсатымен күмәнді құрылыс компанияларына қатысты істер полицияға және прокуратураға жіберілді.

Тұрғындарды сақтандыру үшін әкім­дік­тің ресми сайтында үлескерлердің қаражатын алуға рұқсат құжаттары жоқ құрылыс компанияларының тізімі жария­­­ланды. Бұл тізім жақында екі күмәнді компаниямен толықты.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі «Astana Buildind» құрылыс фирмасы» ЖШС және «Лея» құрылыс компаниялары тобы үлескерлердің ақшасын тартуға тиісті рұқсатсыз жылжымайтын мүлікті өткізу бойынша жарнамалауды жүзеге асырғаны анықталғанын хабарлады.

Үлескерлердің қаражатын тұрғын үй құрылысына тиісті рұқсатсыз тарт­қан­дарға Әкімшілік құқық­бұ­зу­шы­лық тура­лы кодексінің 320-бабы бойынша жауап­кер­шілік көзделген.

Нұр-Сұлтан қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы тарапынан жыл басынан бері пәтерлерді заңсыз сатқаны үшін астаналық құрылысшыларға қатысты 16 әкімшілік іс қозғалған.

Басқарма басшысының орынбасары Ерлан Бердалиннің айтуынша, құрылыс компаниялары тұрғын үй кешендерінің құрылысына үлескерлердің ақшасын заңсыз тартып, сондай-ақ заңға қайшы салынып бітпеген үйлердегі пәтерлерді сатқан. Басқарма 3 құрылыс салушыға қатысты талап-арыздарды сотқа жолдауының нәтижесінде «Шанг Хи Групп» ЖШС, «ExpoNewLife» ТК, «Roztal» ЖШС, «Family Park» ТК, «Mainstreet» ЖШС және «Парус» ТК пәтерлері заңсыз сатылғанын анықтады. Бүгінде жоғарыда аталған компанияларға қатысты Экономикалық тергеу департаменті Қылмыстық кодекстің 214-бабының 1-бөлімі (заңсыз кәсіпкерлік қызмет) бойынша іс қозғаған. Қажетті тергеу шаралары жүргізілуде.

1