Бокс • 21 Қазан, 2020

Жұдырығы жойқын Жаңабергенов

1109 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Маңғыстаулық бапкер Марат Жәкиев бір шоғыр бокс жұлдызын тәрбиелеп, үлкен аренаға шығарғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Мәселен, Әділбек Ниязымбетов Лондон мен Рио олимпиадаларында, Баку мен Алматыдағы әлем чемпионаттарында күміс алып, Азия ойындарының жеңімпазы және Азия чемпионы атанды. Берік Әбдірахманов – әлем біріншілігінің қола жүлдегері, құрлық чемпионы. Бұл күндері шаршы алаңды шайқап жүрген Бекзат Нұрдәулетовтің әлем чемпионы деген дардай атағы бар. Ал сол Жәкиевтің қол астында жаттыққан жігіттердің арасынан алғашқы болып аса ірі додаларда дараланған Ердос Жаңабергенов еді...

Жұдырығы жойқын Жаңабергенов

 

Қарақалпақстанның Хожелі қала­сын­да туып-өскен Ердос қолына былғары қолғапты жеті жасында киді. Сол жақта жүріп, өзінің салмағындағы балалар арасында қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарда алғашқы табыстарына қол жеткізді. 2001 жылы Жаңабергеновтер отбасы Қазақстанға қоныс аударды. Ол кезде Ердос 17 жас­та еді. Ақтау қаласында білікті бапкер Марат Жәкиев жетекшілік ететін үйірмеде бокс өнерінің қыр-сырына қаныққан қандасымыз уақыт оза тәуір нәтижелер көрсете бастады. Түрлі халықаралық турнирде топ жарып, қырағы мамандардың назарына ілікті. Десек те біразға дейін оған ел чемпионатында топ жару бақыты бұйырмады. Соған қарамастан ұлттық құрама бапкерлері Жаңабергеновті 2005 жылы Әлем кубогына қатысушылардың тізіміне қосты. Міне, дәл сол кезде оның жұлдызы жарқырай жанды.

Мәскеу төріндегі дүбірлі дода спорт­тың осы түрінде озық нәтиже көрсетіп жүрген мемлекет өкілдерінің басын қосты. Жарыс жеңімпазы коман­далық сайыста анықталуға тиіс еді. Ал­ғашқы бәсекені Қазақстан құрамасы Грузияға қарсы өткізді. Біздің жігіттер 9:2 есебімен жеңіске жетті. 81 кило салмақта сынға түскен Ердос Торнике Явелашвилиді екінші раундта есінен тандырды. Келесі кез­десуде боксшыларымыз Африка құра­масын 11:0 есебімен тас-талқан етті. Қап тауы қыранын қалай ұрып жыққанын көріп, меселі қайтып қалған қара құрлық өкілі Жаңабергеновпен жекпе-жекке шығудан бас тартты.

Жартылай финалда Қазақстан мен Кубаның боксшылары күш сынасты. Ердосқа дейін сегіз жұптың бәсекелері аяқталған болатын. Таразы басы теңселіп тұрды. Тарқатып айтсақ, Міржан Рақым­жанов (51 кило) Андри Лаффитаны, Серік Сәпиев (60 кило) Йорденис Угасты, Қанат Орақбаев (64 кило) Карлос Банто Суа­ресті және Геннадий Головкин (75 кило) Йорденис Деспейнді жеңсе, Мират Сәр­сен­баев (48 кило) Ян Бартелемиге, Мұрат Аймырасов (54 кило) Гилермо Ригон­до Ортиске, Галиб Жафаров (57 кило) Юриоркис Гамбоаға және Бақыт Сәрсек­баев (69 кило) Эрисланди Лараға есе жі­берді. Есеп – 4:4.

81 кило салмақтағы Ердос Жаңа­бер­ге­нов пен Юниэль Дортикос шаршы алаңға көтерілгенде көпшілік қазақ боксшысының жеңіске жететініне күмәнмен қарады. Себебі 19 жастағы Бостандық аралының өкілі соның алдындағы екі кездесуінде өте керемет өнер көрсетті. Таиландтың түлегін тас-талқан етсе, румыниялық спортшыны нокаутқа жіберді. Оның үстіне Юниэльдің қазаққа қарағанда бойы да, қолы да ұзын екен. Бірақ бұл жайттар қандасымызға еш қолайсыздық тудырған жоқ. Бәсекенің басынан тізгінді мықтап қолға алған Ердос үшінші раундта өзінің жойқын соққысымен кубалық қабыланды ес-түссіз еденге құлатты. Нокаут! Егер арғы-бергі тарихымызға зер салсақ, ресми жарыс­тарда бірде-бір қазақ жігітіне кубалықты есінен тандыру бақыты бұйырмаған екен. Қазақ дейміз-ау, бүкіл әлемде Бостандық аралының өкілін нокаутқа түсірген бокс­шылар санаулы ғана.

Өкінішке қарай, одан кейін рингке шыққан Дмитрий Готфрид (91 кило) пен Мұхтархан Ділдәбеков (+91 кило) өз қарсыластарына жол берді. Алғашқысы Луис Ортистен ұтылса, екіншісі Одланьер Солистің осал тұсын таба алмады. Нәтижесінде жартылай финалда 5:7 есебімен ұтылған Қазақстан құрамасы Мәскеудегі Әлем кубогын үшінші орынмен қорытындылады. Ал біздің Ердостан таяқ жеген Юниэль Дортикос бұл күндері кәсіпқой рингті шайқап жүр. Осы күнге дейін 25 кездесу өткізген ол 24 рет же­ңіс­ке жетіп, 22 қарсыласын сұлатып салды. Қазіргі кезде Дортикос IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын иеленуде.

Арада бар-жоғы бір ай ғана өткен соң Азия чемпионатының жалауы желбіреді. Вьетнамның Хошимин қаласында ұйымдастырылған жарыста Жаңабергенов тағы да жасындай жарқылдады. Әуелде Оңтүстік Кореяның өкілін сабаған кейіпкеріміз, іле-шала тәжікті талдырды. Қазақтың тегеуріні тым күшті екенін байқаған Өткірбек Хайдаровтың финалдық бәсекеге шығуға жүрегі дауаламады. Ал өзбектің тегін боксшы еместігі барша жұртқа мәлім. Өткірбек 1999 жылы Хьюстонда (АҚШ) әлем чемпионы атанып, 2004 жылы Афина Олимпиадасында қола медальді иеленген. Сондай-ақ 2001 және 2003 жылдары өткен дүниежүзілік додада ол жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ердос – Азия чемпионы!

Сол жылдың қараша айында ұлттық командамыз Қытай еліне сапар шекті. Қытайдың Мяньян қаласында өткен әлем чемпионатында да Жаңабергеновке тең келер ешкім табылмады. Бастапқы бәсекелерде кореялық Пак Сун Сон (34:20) мен аустралиялық Бен Мак Ехраннан (36:24) басым түскен қазақтың ұлы ширек финалда тунистік Мұрад Сахрауиді есінен тандырды. Жартылай финалда жерлесіміздің жолы қайта Өткір­бек Хайдаровпен қиысты. Азия чем­пио­натында Ердоспен айқасудан бас тартқан Өзбекстанның даңқты боксшысы бұл жолы рингке тастүйін шықты. Десек те Жаңабергеновке оның әлі жетпеді. Есеп – 31:36. Ақтық сайыста хорватиялық Марио Си­волич та оған жарытып қарсылық көр­сете алмады – 12:27. Сөйтіп 21 жастағы Ер­дос Жаңарбергенов әлем чемпионы атанды.

Бір ғажабы, Ердос сол кезге дейін ел чем­пионатында топ жармақ тұрмақ, жүлде­гер­лер қатарына ілікпеген. Сәл кейін ере­сектер дуына түсе бастаған Жа­ңа­бер­генов Астанада өткен ел чемпио­наты­ның екінші айналымында Дмит­рий Гот­фридке есе жіберді. Ал Алма­тыдағы до­даның тұсаукесер кездесуін­де Бауыр­жан Қайырменовтен ұтылды. Осылай­ша қатарынан екі рет Қазақстан чемпионатында жеңіліс тапты. Десек те, намысқой, еңбекқор, табанды талап­керге ұлттық құрама бапкерлерінің на­зары ауып, оны еліміздің бас командасы сапына қабылдады. Бұл ретте Ердос өзі­­не артылған сенімді толығымен ақта­ды.

2005 жылы үш бірдей байрақты бәсекеде қарсылас шақ келтірмеген жуан жұдырықты жігіттің келешегіне барша жанкүйерлер үлкен үмітпен қарады. Айтқандай-ақ елішілік жарыстарда оған ешкім қарсы тұра алмады. Бейбіт Шүменов, Бауыржан Қайырменов және Дмитрий Готфрид сынды басты қарсыластарының барлығы да Ердос Жаңабергеновтің мықтылығын мойындады. Көп кешікпей ақтаулық боксшы студенттер арасында әлем чемпионы атанып, тағы бір биік белесті бағындырды. Жеңісті жол осылайша жалғасып жатқан еді. Сол тұста бізге бұл жігіт ешкімнен жеңілмейтіндей кө­рінді. Жалпы, 2006 жылы Қатардың ас­та­насы – Дохада алауы тұтанған Азия ойын­дарынан Жаңабергеновтің бас жүл­де­мен оралатынына күмәнданғандар кемде-кем еді.

Десек те Дохада бәрі біз ойлағандай болмады. Ширек финалда ол ойда-жоқта тәжікстандық Жаһон Құрбановтан жеңіліп қалды. Сол кезде көрермендер «Ердос – ердің сойы еді ғой. Оған не көрінді?» деп қатты таңырқады. Сөйтсек бұл тек басы ғана екен. Бірте-бірте Ердостың бойынан бұрынғы сес, бұрынғы леп байқалмады. Қарсыласын ұрғысы-ақ келеді, бірақ сіл­теген соққысы көп жағдайда діттеген жері­не дөп тимей жатады. Тіптен Жаңабергенов жең­ген жағдайдың өзінде жақсылап жел­піне алмадық. Дәл сол тұста көп адам­ның аузынан «Ол ізденуді қойған», «Тех­никалық арсеналы жұтаңдау», «Сол қо­лының соққысына ғана сенеді», «Қарсы­ластары оны әбден зерттеп алған» іспеттес әңгімелерді жиі естідік.

Сәтсіздіктің себеп-салдары кейіннен белгілі болды. Жаттығу залында ол бір кісідей-ақ тер төгіп жүрді. Аянып, тартынып қалған кезі жоқ. Бірақ денсаулығы сыр беріпті. «Грыжа» деген пәле жабысып, соның салдарынан бойындағы қуаты кеміп, рингте еркін кимылдай алмайтындай күйге түскен. Өзінің ауыр соққыларын қарсы­ластарына дұрыс дарыта алмауы да сон­дықтан. Омыртқадағы дерт дендеп, әбден қиналғаннан кейін дәрігерлердің алды­на барса, олар операция жасату қажет­тігін алға тартты. 2007 жылдың қараша айында Германияда операция жасалды. Дәрігерлер әбден сауыққанша бокстан қол үзе тұру қажет деп кеңес берді. Алайда сол кезде Олимпиада лицензиялары үшін қызу талас жүріп жатты. Төрт жылда бір өтетін додаға спортшы атаулының барлығы қатысуды аңсайды. Міне, осындай ойдың жетегінде жүрген Жаңабергенов Олимпия ойындарында атой салуды армандады. Ол кезде 81 кило салмақта Еркебұлан Шынәлиев Чикагода өткен әлем чемпионатында қола медаль алып, Бейжіңге бару мүмкіндігіне ие болған-ды.

Енді не «бел кетеді, не белбеу кетеді» деген қағиданы ұстанған Ердос 91 кило салмақ дәрежесінде бақ сынауды жөн көрді. Бұл салмақта күш сынасып жүрген жігіттерден оның салмағы да кем, бойы да аласа еді. Алайда рухы биік, мінезі өр азамат «шекіспей, біріспеймін» деп өз-өзіне іштей серт берді. Дәрігерлердің ескертуіне қарамастан, Таиландта өткен лицензиялық жарысқа қатысуға ниет білдірді. Бірақ Бангкок сапарына санаулы күндер қалғанда оның белі шойырылып, Олимпиадаға барсам деген арманымен түбегейлі қош айтысты. Ескі жарақаты асқы­нып, ақыры «байтал тұрмақ, бас қай­ғы» болды. Тағы да операция жасатуға тура келді. Бұл жағдай Ердосқа да, оның же­­ке бапкері Марат Жәкиевке де ауыр тиді. Жоғарыдағы жағдай Жаңабергеновті был­­ға­ры қолғабын шегеге ілуге мәжбүр етті.

Әлем және Азия чемпионы деген атағы бар қазақтың мақтан тұтар ұлы қазіргі кезде Маңғыстау облыстық дене шынықтыру басқармасына қарайтын бокс клубында басшылық қызмет атқарып жүр.