Қоғам • 21 Қазан, 2020

Қоғамына сай адамы

618 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біз әдетте адамзаттың даму кезеңдерін айқындау үшін оның тарихын қауымдық, құл иеленушілік, феодалдық, капиталистік қоғамдарға бөлеміз. Бұл қоғамдарда адамзаттың алдына әртүрлі мақсаттар қойғаны, сол мақсаттар үшін күрескені байқалады.

Қоғамына сай адамы

Мәселен, қауымдық құрылыстың басты мақсаты, біздің ойымызша, аман қалу үшін күресу болған. Сол үшін адамдар бас қосып бірігіп, қауым құрады. Әйтпесе жалғыз адам өзіне қарағанда әлдеқайда қуатты жыртқыш аңдардың жеміне айналуы әбден мүмкін еді. Сол тұста адамдардың негізгі тіршілік көзі табиғи өсімдіктер теру мен аң аулап күн көру болды. Адамдар ақырында өздеріне берілген ерекше қасиет – ақыл мен сана құдіреті арқылы өздерінен әлдеқайда алып аңдардың бәрін жеңіп шығып, дүниенің жеке-дара билеушісіне айналды.

Құл иеленушілік, феодалдық қоғамдарда (қазір бұларды аграрлық қоғам деп те атап жүр) негізінен тамағын асырау үшін күресті. Бұл қоғамдар адамды мал ұстап, егіншілік жүргізуге үйретті.

Міне, осы ретпен келгенде капиталистік қоғамдағы адамдардың басты мақсаты зат үшін күрес болып келді десек те болады. Бұл қоғам адам қызметін әлдеқайда биік­терге көтеріп, соған сай адамның жаңа қажеттіліктерін туындатты. Адамдарға неше түрлі заттар қажет бола бастады. Сол заттарды жинаймын деп адам дүниеқұмарлыққа бой ұрды. Қазіргі күндері мұндай үдеріс, әсіресе, капиталистік қоғамға кейінірек кірген біздің қазақ секілді халықтарда белең алып отырғанын көріп отырмыз. Әрбір тойға жаңа көйлек тіктіріп кию, гардеробты киімге толтырудан бастап, неше түрлі әшекей заттар сатып алу, үйдің ішін жиһазға толтыру – көптеген қазақ әйелдерінің айналысып жүрген басты шаруаларының бірі. Ерлер жағы машинадан машина ауыстырып мінуде. Жағдай келсе, пәтер мен үйді де жиі айырбасталуда.

Әрине, осының бәрін капиталистік қоғам­дағы адамдардың заттарға кенелу про­цесін көрсету үшін қажетті мысалды алыстан іздемей-ақ өз халқымыздың жағдайынан алып жазып отырмыз. Әйтпесе, халқымызды сынайын деген ойымыз жоқ.

Тағы бір қызығы, біз әзірге бұл заттардың көбін өндіруші халық емеспіз. Негізінен тұтынушы халықпыз. Өндіруші емес, тұтынушы халық болған соң, ол заттарды өзің шығара алмай отырған соң оны үнемдеп пайдалану идеологиясы жолға қойылса керек-ті. Өйткені капитализмнің біз секілді дамушы халықтарға ұсынатын тағы бір қағидасы – орынсыз ысырапшылдықтан бас тарту болса, бұл қағиданың бізде жүзеге асып жатқаны шамалы. Қазақтың тойшылдығы мен ысырапшылдығы тіпті анекдоттарға да айналып бара жатыр еді, коронавирус қорқынышы әзірге осыған тұсау салғандай болып отыр.

Капитализм кезеңіне алғашқылар қа­тарында еніп, әбден дамып алған елдерде ысы­рапшылдыққа жол бермеу, үнемдеу мәсе­лесінің адамдардың қанына дейін сіңіп кеткендігін байқауға болады. Оларда киім мен затты жиі айырбастау мақсат емес. Мәселен, әлемдегі ең бай елдердің бірі Гер­манияны билеп тұрған Ангела Мер­кель­ді теледидардан көргенімізде үнемі бір киіммен жүретінін байқаймыз. Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын Брюссельде Қазақстан халқы Ассамблеясының іс-тәжірибесіне арналған бірнеше күндік халықаралық семинар ұйымдастырылып, бұл шара Бельгия Сенатында өткен еді. Сонда осы мәртебелі мекеменің басшысы Анн-Мари Лизин ханым да бірнеше күн бойы бір свитермен жүрді. Неге? Себебі бұл елдерде адамдардың санасы заттан жоғары тұр. Олар басқа мәселелерге (ел аралау, жер көру, дүниені тану, өзін жетілдіру, мамандық игеру, рухани ләззат алу, денсаулықты күту, т.б) көбірек көңіл бөледі екен.

Адамзат тарихындағы қоғамдардың ауысу себептерін адамдардың қандай күштермен бәсекелестікке түскеніне қарап та аңғаруға болатындай. Мәселен, қауымдық құрылыс кезінде адамдардың басты жауы жыртқыш аңдар болғаны белгілі. Мұнан кейінгі қоғамдарда адамдар өздерімен өздері бәсекелестікке түсті. Осыған орай ежелгі грек заманында «адам адамға – қасқыр» деген ұғым пайда болса, Кеңес Одағы кезінде бұл сөз «адам адамға – дос, жолдас және бауыр» деп түзетілді.

Ал енді біздің заманымызда адамның басты бәсекелесі «жасанды интеллектімен» қаруланған машиналар болатыны белгілі болуда. Мұның өзі енді заттар қоғамының артта қалып, адамдар машиналарға төтеп беру үшін өздерін үздіксіз жетілдірумен айналысатынын, білім мен медицина және спорттың алға шығатындығын білдіреді.