Бұрын-соңды болмаған мұндай батыл бастаманы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосанов қолға алып отыр. Жұртшылық қызығушылық танытқан жаңа өнім кептірілген бақша дақылынан жасалады. Сондықтан ол өнім – экологиялық тұрғыдан таза.
Әу баста табиғи өнім аталған оқу орнының зертханасында дайындалыпты. Тіл үйірген тың тәжірибе, расында да, оң нәтиже берсе керек. Әзірше, қауын-қытырлақ екі түрлі пішінде көпшілікке ұсынылады деп жоспарлануда.
Ал ол қалай дайындалады дегенге келсек, алдымен піскен қауын мұқият тазаланып, содан соң жұқа тіліктерге тілініп, үшінші кезеңінде дайын бөліктер 12 сағаттан аса уақыт кептіріледі екен. Кәсіпкердің сөзіне сенсек, ерекше дәмнен ауыз тиген жандар бұл өнімнің тұрақты тұтынушысына қалай айналғандықтарын өздері де білмей қалатын сияқты.
Жалпы алғанда, Сыр өңірінде қауын шаруашылығы жақсы дамыған, сондықтан шикізат мәселесінде іркіліс бола қоймас деп отыр іс бастағандар. Жоба толық жүзеге асса, ғалымдар тәулігіне 300-500 кило қауын чипсысын өндіруді жоспарлап отыр. Алдағы уақытта қытырлақ қауын өндірісін ұлғайту үшін заманауи кептіру қондырғыларын алу да ойда бар.
Бұған дейін де бақша дақылдарына түрлі тәжірибе жасап жүрген ғалым-кәсіпкер «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасына құжаттарын тапсырып, 2 млн 500 мың теңге қайтарымсыз қаражатқа да ие болып үлгерген еді. Енді ол жаңа кәсібінің көкжиегін одан әрі кеңейтуге күш салмақ.
Амангелді ҚИЯС,
«Egemen Qazaqstan»