Руханият • 21 Қазан, 2020

Оңалту қызметіне қосылған үлес

114 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дана халқымыз денсаулықтың қадір-қасиетін «Қырық тістің қадірін қақса­ғанда білерсің, қос аяқтың қадірін ақса­ғанда білерсің» деп философиялық шу­мақпен өріп, бір түйген екен. Сәл тар­қатып айтар болсақ, денсаулық адамға үздіксіз жұтатын кәдімгі ауа секілді аса қажет фактор. Яғни денсаулық бар кезде оның қажеттілігін терең сезіне бермейміз, оған қалыпты болуға тиісті дүниедей қараймыз.

Оңалту қызметіне қосылған үлес

Жоғарыда айтылғандай, ағзаның бір мү­шесі сыр бере қалса ғана медицина қызмет­керлерінен көмек сұрауға мәжбүр боламыз. Осы қатарда дәрігерлер, медбикелер және меди­цина мекемелерінің өзге де өкілдері бар екені белгілі. Мыңдаған адамдардың өмі­ріне араша түсіп жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбегі шын мәніндегі ұлы іс деп атауға әбден лайықты.

Солардың бірі – «Бурабай» республи­ка­лық оңалту орталығы» РМК медбикесі Тамара Қаметова. Соңғы уақытта өкпе жә­не өзге де тыныс мүшелері дертіне тап бол­ғандар жиі кездеседі. Оны толық жазып, емдеу екі кезеңнен тұрады екен. Бұл бағыт­та оңалту сатысының атқаратын рөлі өте жо­ғары. Осы ретте Тамара Түсіпбекқызы үл­кен мен кішінің, нақтырақ айтқанда, балалар мен жасөспірімдердің әрі егде жастағы адам­дар­дың жай-күйін барометрдей бақылай алатын өз ісінің шынайы шебері екенін айтуға тиіспіз. Оның ұзақ жылдан бері жинақтаған бай тәжірибесі өзге әріптестеріне үлгі-өнеге боларлықтай. Адамдардың жаратылысы мен бітім-болмысы және дерттің пайда болуы мен таралу жолдары біріне-бірі мүлде ұқсамайды. Қанша ағза болса, сонша түрлі ерекшелік болуы жазылмаған заңдылық секілді. Науқастың көңіл-күйінің қалыпты болуы оңалту шара­ларының нәтижелі болуының басты бір кепілі. Бұл тұрғыда бүгінгі әңгімеміздің ке­йіп­кері емдеуші дәрігермен өзара келісіп, ақылдаса отырып әркез олардың бабын табу­ға ұмтылыс жасап жүргені сүйсіндіреді. Ден­саулық сақшылары дәрінің немесе бүгінгі заманауи медициналық құрал-жабдықтардың көмегімен ғана емес, жүрек жылуымен және жылы шырайлы қарым-қатынасымен де ем алушыларға дем бере алады. Мұндай биік адам­гершілік қасиет Тамараның бойында ежел­ден қалыптасқанын ұжым мүшелері мен  оңалту кезеңінде болғандар жиі айтады.

Тағы бір байқағанымыз, Тамараның қай кезде де өз қызметіне биік талап үдесінен қарай білетіндігі, кәсіби шеберлігін одан әрі ұштап, жетілдіріп отыруға ұдайы қам-қарекет жасауға әзір тұратыны. Жаңаны үйрену қай кезде де, тіпті зейнет жасына жет­кен уақыт­та да кештік етпейтінін Тамара Түсіп­бек­қызы­ның табанды іс-қимылы арқылы тағы бір айқын түйсінгендей болдық. Міне, ол талап пен жан жылуын осылайша бір-бірімен ұштастырып келеді. Өз тәжірибесін кейінгі жас буын, орта медицина қызметкерлерімен ұдайы бөлісіп жүргені де оның адами бітім-бол­мысын биіктете түседі.

Денсаулық сақтау ісінің үздігі, сонымен бірге өнегелі отбасының ұйытқысы, адал жар, асыл ана Тамара Қаметованың орта буын медицина қызметкері ретінде оңалту қызметінде жинақтаған бай тәжірибесі бұл саладағы ортақ іске қосылған сүбелі үлес болып саналады. Қай кезде де ем алушыларға жанашырлық таны­­­тып, олардың жандарынан табыла білген Та­ма­­раның жұлдызы жоғары бола берері талассыз.

 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Egemen Qazaqstan»

 

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы