Аймақтар • 21 Қазан, 2020

Тараздан келген ұры ұсталды

804 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Петропавл қаласының полиция басқармасының қызметкерлері автокөліктен ақша ұрлады деген күдікпен Тараз қаласының 33 жастағы тұрғынын ұстады. Оқиға Жұмабаев көшесіндегі ауланың бірінде болып, полицияға Lexus маркалы жол талғамайтын көліктің бүйір жақ терезесі сынып, салоннан 200 мың теңгеден астам ақша, банк карталары, құжаттар салынған қол сөмке қолды болғаны туралы хабар түскен.

Тараздан келген ұры ұсталды

Қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімі қызметкерлері пәтер бойы тексеріп, көрген-білген куәгерлерді іздестірді. Ауладағы көлік қоятын орын камераның шолу аймағына ілікпейді, сондықтан оқиға болған ауданға жақын жердегі камералардағы бейнежазба зерделенді. Осы аудандағы аулалардың бірінен ер адамдар шыққаны, біреуінің қолында ұқсас барсетка болғаны анықталды.

Жедел-іздестіру іс-шарасын өткізу нәтижесінде, келесі күні автокөліктерді тонап жүрген күдікті анықталып, ұсталды. Ол жұмысқа орналасу үшін жуырда Петропавлға келген Тараз қаласының бұрын сотталған 33 жастағы тұрғыны болып шықты. Тінту кезінде ұрланған барсетка, құжаттар мен ақшаның бір бөлігі алынды.

Автокөліктен ұрлау фактісі ҚК 188-бабы «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті Петропавл қаласының ПБ уақытша қамауда ұстау изоляторына қамалды. Оның осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бары тексерілуде.

ПЕТРОПАВЛ