Аталған отырысқа саяси партиялардың өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, бейнеконференция режімінде облыстардың, Нұр-Cұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары, онлайн режімде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Бұл отырыста бас-аяғы бес мәселе қаралды. Ал отырысты ашқан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Президент Жарлығына сәйкес, Мәжіліс депутаттарын сайлау бойынша науқан басталғанын жеткізді.
– 2016 жылғы 20 наурызда сайланған Мәжіліс депутаттарының конституциялық өкілеттік мерзімі 2021 жылғы наурызда аяқталады. Сайлау заңнамасына сәйкес Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауын Президент Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі аяқталуынан кемінде бес ай бұрын тағайындайды және ол 2 айдан кешіктірілмей өткізіледі. Осылайша, Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау науқаны қатаң түрде осы белгіленген конституциялық мерзімдерге сәйкес тағайындалды және кезекті болып табылады. Жоғары өкілді органды сайлау – елдегі ең маңызды қоғамдық-саяси оқиғалардың бірі. Дәл осы заң шығарушы орган мемлекет тетігінде басым орынға ие және тек Парламент қана заң арқылы халықтың еркін білдіру құқығына ие, – деді Б.Имашев.
Б.Имашевтің айтуынша, Мәжілістің 98 депутатын сайлау партиялық тізімдер бойынша жасырын дауыс беру арқылы жалпыға бірдей тең және төте сайлау құқығы негізінде жүзеге асырылады. Мәжілістің 9 депутатын халық бірлігін, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтудың негізгі институты болып саналатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Мәжілісті қалыптастырудың бірден-бір принципі Ассамблеяның Парламент Мәжілісіндегі өкілдігі – ол біздің конституциялық ерекшелігіміз. Ассамблея депутаттары 100-ден астам этнос атынан баршаның мүддесін қорғайды. Олардың мүддесі партиялық көзқарастармен байланысты емес, сондықтан ол жоғары заң шығарушы органның кең ауқымды қызметі аясында барлық фракциялармен тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді.
«Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекіту туралы» бірінші мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров баяндама жасады. Ол Орталық сайлау комиссиясы белгіленген өкілеттіктерге сәйкес Қазақстан Президенті мен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын дайындау мен өткізуді ұйымдастыратынын хабарлады. Осыған байланысты, қолданыстағы заңнама нормалары негізінде партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді. Парламент Мәжілісінің депутаттығына оның аумағында соңғы 10 жылда тұрақты тұрып жатқан, 25 жасқа толған және бәсең сайлау құқығына ие Қазақстан азаматы кандидат бола алады. Алайда Парламент депутаттығына, оның ішінде партиялық тізімдер бойынша кейбір тұлғалар кандидат бола алмайды. Ондай тұлғалардың қатарында: 1) заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам; 2) сот заңда белгіленген тәртіппен сыбайлас жемқорлық қылмысын және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасауда кінәсін мойындаған адамдар бар.
Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияларға тиесілі. Саяси партия партиялық тізімдерді бекіту кезінде оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде 30 пайыз мөлшерінде әйелдер мен 29 жасқа толмаған адамдарды қамтиды.
Бекітілген жоспарға сәйкес кандидаттарды ұсыну кезеңі дауыс беру күнінен 2 ай бұрын басталады және дауыс беру күнінен қырық күн бұрын жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады. Яғни осы жылғы 10 қарашадан бастап 30 қараша күнгі сағат 18.00-ге дейін. Партиялық тізімдерді тіркеу сайлаудан екі ай бұрын басталады және сайлауға бір ай қалғанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады, яғни 2020 жылғы 10 қарашадан 10 желтоқсан күнгі 18.00 сағатқа дейін. Заңға сәйкес сайлау алдындағы үгіт партиялық тізімдерді тіркеу мерзімі аяқталған кезден басталады және сайлау болатын күннің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша сағат 00.00-де аяқталады. Осылайша, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауының жалпы ұзақтығы тағайындалған күннен бастап дауыс беру күніне дейін 82 күнді құрайды.
Жиын соңында Берік Имашев «Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттарын сайлау жөніндегі күнтізбелік жоспарлар – электоралды компаниялардың кезең мерзімдерін айқындайтын маңызды құжат саналады. Сайлау процедуралары бұл құжаттармен тығыз байланысты. Күнтізбелік жоспарда көрсетілген барлық іс-шаралар белгіленген мерзімде жүзеге асырылуы тиіс. Осыған баса назар аударып, оның толық орындалуын қамтамасыз етулеріңізді сұраймын», деді аймақтардағы әріптестеріне қаратып айтқан сөзінде.