Аймақтар • 22 Қазан, 2020

Азық-түлік бағасының қымбаттауы жұртты алаңдатып отыр

1181 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Азық-түлік бағасының қымбаттауы ел ішінде анық сезіле бастағаны жасырын емес. Атқарушы билік әлеуметтік маңызы бар тауар құнын мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы төмендетуге тырысқанымен, қымбатшылықтың қарқынын тежеу мүмкін болмай отыр. Оның үстіне өңірдергі құн нарығындағы ахуалдың шынайы көрінісі ресми статистикада айтылған сандардан әжептәуір алшақ кеткені де байқалады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Азық-түлік бағасының қымбаттауы жұртты алаңдатып отыр

Мысалға, азық-түлік өндірісі дамыған аймақ қатарында аталатын Алматы облысында тұтыну тауарларының құны күрт өсті. Біз бұған Іле ауданы аумағындағы бірнеше көтерме сауда орталығы мен азық-түлік базарларын аралау барысында көз жеткіздік. Атап айтқанда, күнкөріске аса қажетті ұн мен сұйық май және жарма өнімдерінің бағасы өткен аймен салыстырғанда 400 – 1000 теңге аралығында қымбаттаған екен.

"Өткен айда 25 килограмдық қаптағы бірінші сұрыпты ұнның бағасы 4600 теңге болып еді, енді ол 5200 теңгеге бірақ көтеріліпті. Ал осыдан отыз күн бұрын ғана  5 литрлік құтыдағы сұйық майды 2400 теңгеден алғанбыз, бүгін оны 2800 теңгеден әзер таптық. Онда да Ресейден өнімнің бағасы арзан екен. Бұл біздің қалтамызға ауыр соғып тұр. Қазір көмір түсіріп, қысқы отын қамдайтын уақыт қой. Көп адамның жағдайы жоқ. Біз 4 тонна көмірді 14 500 теңгеден алдық, оны 15 000 теңге беріп түсірдік. Енді бір үйден екі адам қатар жұмыс істесек те, осы айда азық-түліктен үнемдейтін шығармыз. Өйткені, біздің табысымыз төмен. Жұмысты жалданып істейміз. Өзім еңбегіме 70 000 теңге аламын, күйеуім 90 000 теңге айлыққа істейді, оқытып отырған бала бар. Білмеймін, бұл бағаның қайда баратынын", дейді Түймебаев кентідегі Small дүкенінде жолыққан тұтынушы Биға Қызбаева.

Тұрғындар табысы демекші, биылғы есеп бойынша Алматы облысындағы орташа айлық табыс 172 200 теңге шамасына жеткен екен. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 135 000 теңгені құраған болатын. Алайда, карантин жағдайында табысынан қол үзгендер мен тұрақты жұмысы жоқ тұрғындардың көбеюі әлеуметтік жағдайдың нашарлауына себеп болып отырғанға ұқсайды. Мәліметке жүгінсек, төтенше жағдай кезіндегі шектеулерден кейін 5 мыңға жуық шағын және орта бизнес нысандары жабылып, 38 мың адамның табысы кеміген екен. Ал осы сәтте ішкі нарықта кезекті қымбатшылықтың басталуы бұқара үшін сын сағатқа айналып тұр.

Жалпы, отандық инфляция өсімімен алғанда Алматы қаласы маңында орын тепкен ауылдардағы азық-түлік бағасына қосылған құнды тіптен жоғары деп айтуға келмейді-мыс. Өйткені, бұл маңдағы дүкендерге қажетті тауар көтерме сауда орталықтарынан тікелей жеткізілетіндіктен еселеп қымбаттамайды екен. Дегенмен де, нарықтағы баға тұрғындардың қалтасына салмақ түсіріп отырғанын айттық. Ал ресми дерекке үңілсек, Жетісуда қазан айындағы инфляция деңгейі 4,7 пайызды құраған. Әрине, әкімдік қымбатшылық қыспағын тежеуге барынша күш салып отыр, тіпті жыл соңына дейін инфляция көрсеткішін 6 пайыздан асырмаудың амалы қарастырылып жатыр екен.

"Облысында әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары қабылдануда. Биыл 2 млрд теңге қаржы бөлінді, оның 1,3 млрд теңгесі сауда нысандары мен жергілікті тауар өндірушілерді жеңілдікпен несиелендіруге, 700 млн теңгесі тұрақтандыру қорын қалыптастыруға жұмсалуда.  Қазірге дейін 7 мың тоннадан астам азық-түлік тауарлары сатып алынып, тауарды сауда желілеріне белгіленген бағада жеткізуді қамтамасыз ететін 6 кәсіпкерлік субъектісіне 1,2 млрд теңге несие берілді", деді күні кеше облыстық мәслихат депуттары алдында есеп берген аймақ басшысы Амандық Баталов.

Сондай-ақ, облыста "Алқаптан –  сөреге дейін" деген атаумен кооперация тізбегін дамытудың пилоттық жобасын жүзеге асырыла бастаған. Осы мақсатқа кәсіпкерлік субъектілеріне 0,01 пайыз жеңілдікпен займ беру үшін республикалық бюджеттен 1 млрд теңге қаражат бөлінген-ді.  Бұл қаржыға аймақтағы 34 шикізат  жеткізуші компания мен 5 кәсіпкерлік нысан ие болды. Ал жақын күндері Қапшағай қаласында қуаты 15,6 мың тонна азық-түлік тауарын сақтайтын ірі көтерме сауа орталығының іргетасы қаланады.  Бұл да ішкі нарықты дайын өніммен қамтуға әрі арзан бағадағы азық-түлік түрінің көбеюіне ықпал етуі тиіс.

Айтпақшы, экономикалық өлшем бойынша еліміздегі әлеуметтік маңызды азық-түліктің тізіміне 19 түрлі тауар кіреді екен. Осы тауардың 17 түрін Алматы облысының агроөнеркәсібі өндіріп отыр.



Алматы облысы