Спорт • 23 Қазан, 2020

Дарабоз Пеленің дәуірі

529 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Бүгін Эдсон Арантис ду Насиментудің туған күні. Пеле деген лақап атпен атағы шығып, даңқы төрткүл дүниеге тараған айтулы азамат 80 жасқа толып отыр. 1940 жылдың 23 қазанында Бразилияның шығысындағы Минас-Жерайс штатына қарасты Трес-Корасойнс қаласында дүниеге келген ол доп тебуді өзінің әкесi, кезіндегі кәсіпқой ойыншы Флуминенсе Дандиньодан үйренді. Жоқшылық пен таршылықтың азабын молынан тартқан жас өрен араға жылдар салып, футбол деп аталатын киелі өнердің шоқжұлдызына айналды.

Дарабоз Пеленің дәуірі

 

Аулада көрші-қолаңның балаларымен доп теуіп, түрлі жарыстарға қатысып, өзінің ерекше дарын иесі екенін байқатқан Пелеге жергілікті жаттықтырушы Валдемар де Бритоның бірден көзі түсті. Кезінде Бразилия құрамасында ойнап, сол елдің бірқатар белді командасының сұрмерген шабуылшысы болған ол бозбаланы Сан-Паулу қаласына жетектеп әкеліп, «Сантос» клубының бапкерлеріне табыстады. Осылайша, 1955 жылы 15 жастағы Пеле алғашқы келсімшартына қол қойып, айтулы команданың жейдесін киді. 1956 жылы «Коринтианс» клубымен кездесуде алғаш рет жасыл алаңға шыққан жас дарын сол матчта гол соқты. Сол күннен бастап ол негізгі құрамда ойнай бастады. Бұл ретте Пеле бапкерлер сенiмiн толығымен ақтап, сол кездің өзінде-ақ Бразилия бiрiншiлiгiнiң беткеұстар ойыншыларының бiрi әрі бірегейіне айналды.

Клубтық деңгейдегі жарыстардағы өрелі өнерінің арқасында көп ұзамай Пеле Бразилияның ұлттық құрамасы сапына қабылданды. Бас бапкер Висенте Феола 17 жастағы бозбаланы 1958 жылы Швецияда өтетін әлем чемпионатына қатысатындардың тізіміне қосты. Скандинавия түбегіндегі доп додасының алғашқы екі кездесуінде ол тізесінен алған жарақаты салдарынан қосалқы тізімде қалып қойды. КСРО-мен өткен топтық турнирдің соңғы ойынында Жилмар, Де Сорди, Н.Сантос, Зито, Беллини, Орландо, Диди, Гарринча, Вава және Загалло сынды жұлдыздармен бірге жас Пеле де жасыл алаңға шықты. Бұл бәсеке 2:0 есебімен бразилиялықтардың пайдасына шешілді.

Ширек финалда Оңтүстік Американың оғландары Уэльспен шеберлік байқасты. Бұл бәсекеде Бразилия өз қарсыластарын әзер ұтты. Есеп – 1:0. Кездесудің 66-минутында жалғыз голды дәп сол Пеле соқты. Жартылай финалда Францияны тас-талқан етті. Есеп – 5:2. Осы ойында Пеле үш рет нысананы дәл көздеп, хет-трик авторы атанды. Финалда дәл сондай есеппен алаң иелерінен басым түсті. Бұл жолы Пеле екі мәрте мергендік танытты. Соның нәтижесінде Бразилия құрамасы өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионы атанса, Пеленің есімі осындай мәртебелі атаққа қол жеткізген әлемдегі ең жас футболшы ретінде тарихта қалды. Сонымен қатар ол осы біріншіліктің ең үздік жас ойыншысына тиесілі арнайы сыйлықты да иеленді. Ал сұрмергендер сайысында даңқты Жюст Фонтеннен ғана қалып қойып, ГФР-дің өкілі Хельмут Ранмен бірге екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. Бұл жарыста айтулы франциялық шабуылшы 13 мәрте нысананы дәл көздеген еді.

Швецияда өткен доп додасынан кейін Пеленің есімі төрткүл дүниеге мәшһүр болды. Ел арасында беделі артып, мәртебесі өсіп, атақ-абыройы шарықтай түсті. Баспасөз беттерiнде оның өнерiне сүйсiнген, тамсанған, табынған журналистердiң құлаш-құлаш мақалалары бірінен кейін бірі жарық көріп жатты. Теледидар мен радионы қоссаңыз да дәл сондай жағдай. «Пеле – вундеркинд!», «Пеле – феномен!», «Пеле – бұрын-соңды болмаған құбылыс!», «Пеле – теңбіл доптың теңдессіз шебе­рі!», «Пеле – футбол королі!..» деп шу­лап жатты. Осындай мадақ сөздер әлемнің әр құрлығы мен әр қиырынан естілді. Расында да, бразилиялық футболшы қандай да құрметке лайық еді. Оғаш еш күмән жоқ. Осылайша, Пеленің дәуірі басталды.

1962 жылы Чили мен 1970 жылы Мексикада өткен әлем чемпионаттарында барлық қарсыласын қапы қалдырған Бразилия құрамасы бас жүлдені олжалады. Эдсон Арантис ду Насименту сол жарыстың екеуінде де өнер көрсетті. Өкінішке қарай, Чилиде ол өз деңгейінде ойнай алмады. Ескі жарақатының асқынуы салдарынан небәрі екі рет жасыл алаңға шыққан айтулы шабуылшы бір ғана гол соқты. 1966 жылы Англияда жалауы желбіреген жарыста бразилиялықтар өз тобында үшінші орында қалып қойып, плей-офф жолдамасынан қағылды. Бұл жолы да кейіпкеріміз бір ғана голмен шектелді. Есесіне Мексикада жер-жаһаннан жиналған жанкүйерлер Пеленің теңдессіз өнеріне тағы да құлшына қол соқты. Топтық турнирде «Футбол королі» Чехословакияның қақпасынан саңылау тауып, Румыниямен кездесуде екі рет допты торда тулатты. Ал финалдық сайыста Италияның қақпасын дәл көздеді. Нәтижесінде, Бразилия үш дүркін әлем чемпионы атанса, Пеле осы жарыстың теңдессіз теңбіл доп шебері деп танылды.

Пеленің екі аяғының да соққысы жойқын еді. Оның тепкен добының бағыты мен ұшу траекториясын дөп болжау қиын болатын. Ол жылдам, ептi, жанкешті, еңбекқор әрі сан айлалы. Жанкүйерлер үшін Пелеге бірнеше қарсыласын алдап кетiп, допты қақпаға сүңгіте салу түкке тұрмайтын нәрсе секілді көрінетін. Жай бiр ермек секiлдi. Ол түрлі финттер орындағанда допты қай аяғымен iлiп әкететiнiн бiлу мүмкін емес еді. Тiптен, iшкi түйсiгiңмен сезген жағдайдың өзiнде бразилиялықтың шабуылына тосқауыл қою қиынның қиыны-тын. Өйткенi, Пеле барлық элементтi көз iлеспес жылдамдықпен орындайтын.

«Футбол королі» орта бойлы (173 сантиметр) болса да, бәрiнен де биiк секiретiн. Ол баспен соққы жасағанда көздеген нүктеден доп бiр миллиметрге де ауытқымайтын. Ал құйындай жүйткігенде шашасына шаң жұқтырмайтын. Кейіпкеріміз 100 метрлік қашықтықты шамамен 11 секундта жүгіріп өтетін. Ал оның шірене тепкен добы арифметикалық дәлдiкпен көздеген жерiне дөп түсетін. Бiр сөзбен айтсақ, футбол деп алатын аса күрделi өнерде ол бiлмейтiн еш сыр, ол бiлмейтiн еш құпия жоқ еді.

Пеле жайында әңгіме қозғалғанда, мына бiр аңызға бергісіз оқиғаны айтпай кетпеуге тағы болмайды. 1969 жылы жолдастық кездесу өткізу үшін Бразилияның «Сантос» клубы Нигерияға сапар шегеді. Ол кезде аталған мемлекетте азамат соғысы өршiп тұрды. Десек те Пеленiң өнеріне табынушылар екі жақта да тым көп болса керек, олар «Футбол королінің» өнерін өз көздерімен көру үшін соғысты уақытша тоқтата тұру туралы мәмілеге келеді. Жауласып жатқан қос тараптың жауынгерлерi Лагостағы стадионға жиналып, 90 минут бойы матчты тапжылмай тамашалайды. Сөйтiп, миллиондар кумирінің елге табаны тиген сәттен бастап, ұшаққа мiнiп керi қайтқанға дейiнгi екi тәулiк бойы Нигерияда бейбiтшiлiк орнады. Мiне, спорттың, футболдың және Пеленiң құдiретi осында!

«Миллиондардың ойыны» деген атауға ие болған бұл өнерде көз арбаған биіктердің барлығын бағындырып, өзін дара әрі теңдессіз тұлға ретінде бірауыздан мойындатқан Пеленің спорттық карьерасы 1977 жылы аяқталды. Сол жылдың 1 қазанында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы «Giants» стадионында қоштасу матчы өтті. Тарихи ойынды тамашалауға келген жұлдыздардың қарасы мол болды. Өзгелерді айтпағанда, АҚШ президенті Джимми Картердің өзі де стадионға арнайы атбасын бұрып, бразилиялық жұлдызға қошемет көрсетті.

Содан бері табаны күректей 43 жыл уақыт өтсе де, халықтың Пелеге деген құрметі мен ықыласы әлі де айрықша. «Футбол королi» қай елге барса да оны көруге, онымен кездесіп, жүздесуге құштар жандардың қатары қалың. Алпауыт компаниялар, іргелi кәсiпорындар, ауқатты фирамалар өздерi шығаратын өнімдер мен тауарларда Бразилия жұлдызының суретін бейнелеуге құштар. Осыдан бірер жыл бұрын сондай бiр керемет талғаммен жасалған бейнероликтi көзiм шалды. Футбол королі өзінің есімімен аталатын кофенi жарнамалап жатыр екен. «Дәмi керемет, хош иiстi, лезде шөліңiздi басып, шаршағаныңызды ұмыттырады. Осы сусынды iшсеңiз, үнемi сергек жүресiз және де өмірге деген құштарлығыңыз күрт артады», деп әбден мақтады. Сол мезетте журналистердің бірі «Оны айтпасаңыз да болады, өзіміз де бәрін жақсы түсініп отырмыз. Бiрақ бiздiң бiлгiмiз келетiнi, бұл сусынға сіздің қандай қатысыңыз бар? Бұл кофе нелiктен сiздiң есiмiңiзбен аталады?», деп тосыннан сұрақ қойды. Әдеттегідей, бұл жерде де Пеле еш тосылған жоқ. Ол жылы жымиды да «Оның еш құпиясы жоқ. Бразилиядағы жақсы, сапалы, құнарлы, құнды дүниелердің барлығы да «Пеле» деп аталады» деп қысқа ғана жауап қайтарды. Міне, ХХ ғасырдың ең үздік футболшысы атағына ие Эдсон Арантис ду Насиментудің шынайы болмысы осындай!

 

Пеле жайлы қызықты деректер:

- Пеле – үш дүркін әлем чемпионы атанған әлемдегі тұңғыш және әзірге жалғыз футболшы. Оның есімі осындай мәртебелі атаққа қол жеткізген ең жас ойыншы ретінде де тарихта қалды. Бразилия құрамасының сапында барлығы 92 рет жасыл алаңға шыққан ол 77 голдың авторы атанды.

- Бразилияның жұлдызы 21 жылғы созылған өзінің спорттық карьерасында небәрі екі команданың ғана намысын қорғады. Олар – Бразилияның «Сантосы» мен АҚШ-тың «Космосы». Екі клубтың сапында да Пеле жасындай жарқылдап, миллиондаған жанкүйердің жүрегін жаулады.

- Ресми деректерге сүйенсек, жасыл алаңға 1363 мәрте шыққан Пеле 1289 голдың авторы атанды. Бір ғажабы, 90 рет хет-трик жасаса, 30 рет төрт және 4 рет бес доптан салды. Тағы бір кездесуде сегiз допты қарсыластар қақпасына енгiздi. Ал 1959 жылғы маусымда 19 жастағы Пеле 103 ойында 126 гол соғып, төрткүл дүние жанкүйерлерін бiр таңғалдырды.

- 1961 жылы әйгiлi «Маракана» стадионында тарихи оқиға тiркелдi. Пеле өз айып алаңынан бастап, «Флуминенсе» клубының он бірдей ойыншысын алдап өтiп, допты торда тулатты. Мамандар оны «Ғасыр голы» деп бағалады.

- Футбол королiнiң «Мен – Пелемiн» деп аталатын кiтабы жарық көрген кезде оның өмiрбаянына қанық болғысы келген Бразилияның көптеген сауатсыз жастарының оқу мен бiлiмге деген құштарлығы күрт оянды.

- Футболмен қош айтысқаннан кейін де Пеле көпшілік назарынан тыс қалған жоқ. Атап айтсақ 1995-1998 жылдары Бразилияда Спорт министрi қызметiн атқарды, ЮНЕСКО елшісі болды, күні кешегіге дейін БҰҰ мен ЮНИСЕФ тарапынан жасалатын қайырымдылық шараларына үздiксiз қатысып келеді.

- ФИФА-ның шешімі бойынша Пеле «ХХ ғасырдың ең үздік футболшысы» деп танылса, ХОК тарапынан оған «ХХ ғасырдың ең керемет спортшысы» атағы берілді. Басқа да беделді ұйымдар мен белді басылымдардың дені Бразилияның мақтанышын теңбіл доптың теңдессіз шебері ретінде мойындады.

- Пеле туралы «Кішкентай ғажайып» (1981 жыл), «Бұл – Пеле» (1974), «Қаңғыбастар мен футбол королі» (1986), «Пеле мәңгілік» (2004), «Пеле: аңыздың тууы» (2016) және тағы басқа бірқатар көркем және деректі фильмдер түсірілді. Бұл туындыларды сан миллион адам көрді. Өзі де ««Жеңіске қарай жүгіру» (1982) фильміне түсіп, неміс концлагеріндегі тұтқындардың бірінің рөлін сомдады. Одан бөлек, ол бірнеше кiтап жазды, өлең шығарып, ән айтты.

- Қос спорттың королі – Пеле мен Мұхаммед Әли бір-бірімен жақсы араласып, сыйласқан екен. Екеуінің әзілдері де жарасыпты. Қоштасу матчынан кейін Пелені құшағына қысып, құттықтаған соң Әли «Салыстырмалы түрде алсақ, боксқа қарағанда футбол әдемі спорт. Оған дау жоқ. Бірақ соған қарағанда мен әлдеқайда әдемімін. Оны сен мойындайтын шығарсың», деп жылы жымиған екен.