Елбасының бастамасымен жүргізіліп жатқан «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, судьялардың VII съезінде берген тапсырмалары, «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан» бағдарламалары, Мемлекет басшысының Жолдаулары республика сот жүйесінің жұмысына жаңа серпін, айқын бағыт беріп, нақты бағдар ұсынды. Жаңашыл бастамалардың нәтижесінде сот билігінің толыққанды құқықтық негізі қаланды. Сот құрылымында бұрын бес сатылы жүйе болса, енді үш сатылы жүйеге: бірінші – апелляциялық және кассациялық деңгейдегі жүйе бойынша жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ сот корпусына және сот актілеріне талап артты. Инвестициялық сот ісін жүргізу қолға алынды. Сот төрелігі академиясы қайта құрылып, судьялар біліктілігін арттыру қамтамасыз етілді. Келушілерге сот қолжетімді бола түсті, процестер қашықтан жүргізілуде, электронды сот қарқынды дамуда.
Екі жарым жылдан бері Жоғарғы соттың «Сот төрелігінің жеті түйіні» жаңа бағдарламасы соттардың жұмыс стилін түбегейлі өзгертті. Оған себеп, бұл реформа жоғарыдан емес, төменнен бастау алды: жобалық менеджменттің негізінде оған тек судьялар ғана емес, сондай-ақ сот процесіне қатысушылардың барлығы – адвокаттар, прокурорлар, медиаторлар, заңгерлік қауымдастықтың өкілдері белсене атсалысты. Атап айтсақ, кәсіби сот корпусын қалыптастыру мақсатында кәсіби бағалаудың жаңа стандарттары енгізілді, сотты әкімшілендіру келушілерге жаңа технологиялар арқылы қызмет көрсете бастады: 2018 жылы соттарда 229 фронт-кеңсе ашылып, келушілер барлық қажетті қызметті «бір терезе» қағидаты арқылы жедел әрі сапалы алатын болды.
Бірыңғай сот практикасы қолданылуда, судьялар жұмысы оңтайландырылды, артық сот процедуралары жойылды. Сот актілерінің жаңа форматы енгізіліп, тараптардың сауалдарына жауаптар қарапайым әрі түсінікті етіп беріледі. Соттардың IT-қызмет процесі одан әрі жетілдіріліп, жаңғыртылуы нәтижесінде сапасы, жеделдігі, кең көлемді қамтуы арта түсті.
Әлеуметтік желі арқылы соттар мен қоғам арасында диалог орнады: судьялар мен баспасөз хатшылары барлық байланыс арналары арқылы тығыз байланыс орнатып, жұртшылықтың толғақты мәселелері мен сауалдарына тәуліктің қай мезгіліне қарамастан жедел жауап беретін үрдіс нақты жолға қойылды.
Жалпы, соттар заң үстемдігі мен әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ететін мықты құрал болуы – басты міндет. Халықтың сотқа деген сенімі бірнеше есе артуы қажет. Соттың беделі – мемлекеттің беделі.
Бұл мақсатқа қол жеткізуде Елбасы мен Мемлекет басшысы алдымызға қойған үш міндетті айтар едік. Біріншіден, судьялық кадрларды жақсарту. Екіншіден, соттардың тәуелсіздігін күшейту. Үшіншіден, сот қызметінің сапасын арттыру. Осы тапсырмаларды орындау үшін екі жарым жылда 30 заң жобасы әзірленді, оның 17-сі күшіне енді, 3 заң жобасы – Парламентте, 10-ы – мемлекеттік органдармен келісуде.
Алдымен бірінші тапсырманың орындалуына тоқталайын. Судьяларды іріктеу процесі түбірімен өзгертілді, олардың қызметін бағалаудың жаңа жүйесі енгізілді, олардың тәуелсіздігін арттыру үшін судьялардың өзін-өзі басқару органы қайта құрылды. Облыстық соттардағы сот алқасының төрағаларына конкурстық іріктеу жүйесі енгізілді және сот төрағаларының өкілеттік мерзімдері шектелді, т.б. жұмыстар атқарылды.
Биылғы 10 маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен Азаматтық процестік кодекске түзетулер енгізілді. Егер бұрын судьяның азаматтық процестегі рөлі шектеулі болып келсе, енді ол өзгереді. Судьяның процестегі белсенділігі артты, жауапкершілігі күшейді. Судьяны талап-арыз қыспағынан шығармайтын шектеулер келмеске кетті. Судья істің шынайы мән-жайын анықтау үшін қосымша дәлелдемелерді сұратуға құқылы. Өз бетінше ақиқатқа көз жеткізуге ұмтылып, процесс барысында тараптардың уәждеріне қатысты өз ойын батыл айта алады. Ол үшін заң қажетті өкілеттік беріп отыр. Бір сөзбен айтсам, жаңа түзетулерге сәйкес енді адам құқығын сотта қорғау деңгейі арта түседі.
Тағы бір үлкен жаңалық, биылғы 29 маусымда қол қойылған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс біздің құқықтық жүйемізге жаңа ережелерді белгілеп берді. Бұл – бәріміз үшін өте маңызды әрі мүлдем жаңа құжат. Оның мәні – сотқа талап-арыз берген адам емес, керісінше, мемлекеттік орган өз шешімін не әрекетін түсіндіріп, негіздеп, дәлелдеп беруге міндетті. Заң тілімен айтсақ, «мемлекеттік органның кінәлілігі презумпциясы» енгізіледі.
Әкімшілік әділет мемлекеттік органдардың адамдар мен бизнеске көзқарасын жақсартады. Заң бойынша сот алдында бәрі тең десек те, іс жүзінде қарапайым адам мен мемлекеттік органның кадрлық, қаржылық, басқа да ресурстарын салыстыруға келмейді. Енді мұндай теңсіздік жойылмақ. Жалпы, әкімшілік әділет енгізілген елдерде мемлекеттік аппарат тәртіпке келген, экономикалық ахуал сауыққан, инвестиция көлемі артқан.
Екінші тапсырма бойынша соттар тәуелсіздігін нығайту үшін кадр мәселесі Жоғарғы соттан алынып, Жоғары сот Кеңесіне берілді. Қазіргі кезде ЖСК жеке құрылым, сот жүйесіне қатысы жоқ, судьяларды іріктеу, тағайындау және қызметтен босату туралы шешімді алқа болып қабылдайды.
Уақыт талабына сай судья кадрларын іріктеу талабы күшейтілді. Бұл – қоғамның сеніміне ие болудың бірден-бір кепілі. Қазіргі кезде үміткер алдымен кешенді психологиялық тестілеуден өтеді. Содан кейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде заңдардан тест тапсырады, кейстерді шешеді, эссе жазады, әңгімелесуден өтеді. Конкурстан сәтті өте ме, өтпей ме, ол толығымен үміткердің жеке басының қасиетіне байланысты. 2018 жылға дейін әрбір 4 үміткердің 1-уі судьялыққа өтсе, қазір конкурстан 20 үміткердің тек 1-уі өтуде. Елбасы тапсырғандай, кездейсоқ заңгерлерге судьялыққа жол жабылды деген сөз.
Ал қызметтегі судьяларды бағалауды Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия жүзеге асырады. Оның жұмыс әдістемесін бекіттік. Шетелдік сарапшылар бұл құжатты судьяларды бағалаудың тиімді құралы деп атады. Нәтиже қандай? Егер бұдан бес жыл бұрын аттестациядан өте алмаған судьялар 1%-ды құраса, 2019 жылы 377 судьяның 10%-ы кәсіби сынақтан өте алмады. Жалпы, 3 жылда судьялардың 80%-ы жаңа әдістеме бойынша аттестациядан өтеді деп жоспарлануда.
Бұған қоса, судьялардың жеке жауапкершілігі күшейтілді. 2019 жылдан бастап Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия мен Сот жюрийі 28 судьяны жұмыстан босату туралы ұсыныс берген.
Қазір еліміздің сот жүйесінде сыбайлас жемқорыққа орын жоқ. Мысалы, 2,5 жыл ішінде 25 судья қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл өткен 3 жыл ішіндегі көрсеткіштен 8 есе артық.
Сот актілерінің сапасын арттыру жөніндегі үшінші тапсырманы орындау үшін жаңа нормативтік қаулылар қабылданды. Облыстық, аудандық соттар судьяларына семинар-тренингтер өтті, электронды көрнекі құралдар мен оқулықтар дайындалып, таратылды.
Соттың шығаратын жалғыз өнімі – шешім, үкім, қаулы. Бұрын олар өте қиын, түсініксіз тілмен жазылатын. Оған қоса, жазылғанды судья түсіндірмейтін. Жариялаған соң залдан кетіп қалатын. Тараптар судьяның неге сондай қорытындыға келгенін түсінбей, жан-жаққа арыз жаудыратын. Сондықтан сот актілерінің жаңа параметрлері жасалды. Сот шешімдері мен үкімдерінің мазмұнына, құрылымына, тіліне қатысты талаптар өзгертілді. Бұл талаптарды Жоғарғы соттың нормативтік қаулыларымен бекіттік.
Сондай-ақ қоғамның назарын ерекше аударған резонансты істер бойынша сот шешімі шыққан соң артынша судья брифинг өткізіп, істің мән-жайын жіті түсіндіретін оң тәжірибе енгіздік.
Қазіргі кезде қоғамда дау-дамай көп екені белгілі. Жұрттың көбі өз мәселесін сот арқылы шешкісі келеді. Елбасы, Мемлекет басшысы қоғамдағы ұсақ-түйек дауларды бітіммен шешудің баламалы тәсілдерін қарастыруды міндеттеді. Біз соттардағы дау-дамай деңгейін төмендету үшін татуластыру рәсімдерін кеңінен қолданысқа енгізудеміз.
Жоғарғы соттың «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы 2018 жылы басталды. Содан бері 86 053 іс қаралды, татуласу рәсімдері 24 159 іс бойынша жүргізілді. Бастапқыда пилоттық жобаға республикадағы 97 сот қатысты, ел бойынша 118 татуластырушы-судья даудың бітіммен аяқталуына атсалысты.
Бүгінде еліміздің 17 өңірінде 47 татуласу орталығы ашылып, 413 билер кеңесі құрылған. Соның арқасында даулардың 28 пайызы сотқа дейін татуласумен аяқталған. Бұған қоса, «Отбасылық сот» жобасы 2019 жылы басталса, «Түнгі сот» жобасы 2018 жылғы маусымнан 2019 жылғы желтоқсанға дейін жүргізілді. Нәтижесінде 2019 жылғы 30 желтоқсанда ӘҚБтК-ке тиісті түзетулер енгізілді.
Осы жұмыстар әлемді жайлаған пандемияға қарамастан жүргізіліп жатыр. Көп елде соттар жұмысын тоқтатып жатқанда, еліміз эпидемия басталған кезден тиісті шараларды батыл қабылдады. Бас Прокуратурамен бірлесіп, республика көлемінде құқық тәртібі мен қылмыспен күресті қамтамасыз ету алгоритмі әзірленді. Мұндай шара қоғамдық тәртіпті сақтауға, адам құқығын қорғауға бағытталды.
Соттарда цифрландырудың дамыту деңгейі пандемия кезеңінде сот төрелігін онлайн режімде жедел жүргізуге мүмкіндік берді. Виртуалдық сот процесіне қашықтан қатысуға мүмкіндік жасалды.
Төтенше жағдай енгізілген алғашқы аптада соттар күніне 1 мыңға жуық істі қашықтан қарады. Наурыз айының ортасында күніне 4,5 мыңға дейін сот процесі жүргізілді. Сәуірдің бірінші онкүндігінің соңында шамамен 2 мың сот отырысы электронды түрде өтті. Жалпы, биылғы 8 айда 300 мыңнан астам онлайн-отырыс өткізілді. Осының барлығы сот отырысы өтетін 1452 залдың аудио-бейне құрылғыларымен жабдықталуының нәтижесі.
Қазақстандық сот жүйесін дамыту векторы халықаралық сарапшылардың назарынан тыс қалған емес. Бұған әлемдік рейтинг өлшемі дәлел. Мысалы, «Құқық үстемдігі» индексі бойынша республикамыз көрсеткішін 11 позицияға, яғни 2017 жылғы 73-позициядан биыл 62-позицияға жақсартты. Ал Doing business рейтингісінде «Келісімшарттардың орындалуын қамтамасыз ету» индексі бойынша 190 елдің арасында 4-орын иеленді. Халықаралық беделді сарапшылардың пікірінше, бұл цифрлар үлкен жұмыстың атқарылғанын айғақтайды.
Қорыта айтқанда, судьялардың VII съезінде сот жүйесіне берілген тапсырмалар орындалуда. Нәтижесі көпшіліктің көз алдында.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «ХХI ғасырдағы ұлттың дамуының маңызды өлшемі – мінсіз және тиімді ұлттық сот төрелігі жүйесі. Тәуелсіз және әділетті сот – құқықтық мемлекеттің негізі. Онсыз әлемнің бірде-бір елінде, тіпті ең дамыған мемлекеттерде қолайлы инвестициялық ахуалдың да, азаматтардың әл-ауқатының жоғары деңгейінің де, қоғамның табысты дамуының да болуы мүмкін емес» деген сөзінің маңызы күн санап арта түсуде. Осы тұжырымның іске асуына тиісінше үлесімізді қоса бермекпіз.
Жақып АСАНОВ,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының Төрағасы