Бөлшек саудамен айналысатын жеке саудагерлердің сөзіне сенсек, өсімдік майы облысқа негізінен Ресейден әкелінеді екен. Шекараның арғы бетінде май бағасы өскен соң жергілікті кәсіпорындар да өнім бағасын көтеріп жіберген.
– Қазір қоймалар бос тұр, сұйық май жоқ. Көтерме сауда орындары май сатуды доғарды. Біз сол қоймада қалғандарын ғана сатып жатырмыз. Мен әдейі молырақ сатып алғанмын. Өйткені өсімдік майы енді қашан әкелінетінін ешкім білмейді. Қазір майдың бағасы 200 теңгеге қымбаттады, – деді сатушы Зоя Қазбекова.
25 жыл бойы бөлшек саудамен айналысып келе жатқан зейнеткердің айтуынша, биыл азық-түлік бағасы сәуірден көтеріле бастаған. Алғаш қарақұмық, күріш, ұн өнімдері 100 теңгеге қымбаттапты. Қазанда алдымен қант бағасы көтерілген. Ең қызығы, жұрт жеміс-жидек қайнататын мезгіл аяқталысымен қант күрт қымбаттап кеткен. Қаланың орталық базарындағы қант бағасы қазан айының басында 220-230 теңге болса, қазіргі баға – 280 теңге.
– Қалада азық-түлік бағасы өте қымбат. Сондықтан тұрғындардың реніш-шағымын күн сайын естуге тура келеді. Өзіміз көтерме бағамен сатып алған тауардың үстіне азғантай ақша қосып, нәпақа айырып отырмыз. Қазір сауда тоқырап тұр. Қала ішіндегі автобустарды тоқтатса, мүлдем қиын болмақ. Осы орын үшін айына 40 мың теңге төлеймін. Оның өзін біресе ашады, біресе жауып тастайды, қазір біздің де жағдайымыз мүшкіл, – деді сатушы.
Көңілді күпті еткен көкбазардан шығып, қаланың орталығындағы шағын дүкендердің біріне бас сұқтық. Мұндағы 1-санаттағы ірі жұмыртқаның 10 данасы өткен айда 286 теңге тұрса, қазіргі бағасы 400 теңгеге жеткен. Бұл сауда орнындағы дүкенші де азық-түлік бағасына тұрғындардың наразы екенін айтты.
– Соңғы ай ішінде жұмыртқаның, қант пен өсімдік майының бағасы шарықтап кетті. Өткен айда 1 кило қантты 280 теңгеге саудаласақ, қазір 350 теңгеден сатып жатырмыз. Әдетте қант бағасы жаз ортасына таман көтерілетін, биыл күзде қымбаттады. Қысқасы, қалған азық-түліктің барлығының бағасы 20-50 теңгеге өсті. Кондитерлік өнімдер де сәл қымбаттады. Нан бағасы 5 теңгеге көтерілді. Сіріңке мүлде жоқ. Қазір сіріңке алмаймын. Біз тауар алып жүрген «Складской» көтерме-сауда орталығында біраздан бері жоқ. Өткен аптада алыпсатарлар сіріңкенің бір қаптамасын 200 теңгеден алып келді. Алған жоқпын. Оны жұртқа қайтып сатамын? Бір қаптамада 10 қорап сіріңке бар. Сонда бір қорабын 20 теңгеден сатып алсам, үстіне кем дегенде 2 теңге қосып сатуым керек. Бұрын сіріңкенің қорабы 5 теңгеден болатын, одан кейін 9 теңге болды. Өткен аптада мүлде жоғалып кетті. Осы аптада қалай екенін білмеймін, – деді аты-жөнін атаудан бас тартқан дүкенші.
Біз бұған дейін болған көкбазарда бір қаптама сіріңкені 60 теңгеден табуға болады. Бірақ саудагерлер көтерме сауда орындарында қазір сіріңке жоқ екенін айтты.
Өткен сенбіден қала орталығында азық-түлік жәрмеңкесі өткен. Негізінен ет, картоп, көкөніс, сүт пен жұмыртқа, ұн сияқты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері сатылды. Мұндағы баға нарықтағыдан едәуір төмен. Өйткені тұтынушы өнімді ешбір делдалсыз тауар өндірушінің қолынан тікелей сатып алады. Жәрмеңкеге 130-дан аса шаруа қожалығы өз өнімдерін әкеліп, қостанайлықтар жалпы көлемі 140 тоннаның үстіндегі арзан тауарды таразы басынан талап әкетті. Жәрмеңке басына келген ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тимур Бисембаев «Қала халқына 28 тонна ет өнімдері, 19 тонна сиыр еті, 5 тонна жылқы еті, 100 кило қой еті, 400 тонна құс еті арзан бағамен ұсынылып отыр. Сонымен қатар 14 тонна жоғары сұрыпты ұн, 5,5 тонна макарон, 144 мың жұмыртқа, 10 тонна өсімдік майы әкелінді. Тұрақтандыру қорынан жалпы көлемі 55 тонна болатын 7 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік саудаланады» деген.
Жалпы облыстағы тұрақтандыру қорының жасақталуына «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы жауапты. Аталған мекеме берген мәлімет бойынша, облыстың азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорында жалпы құны 404,3 млн теңге тұратын 1,6 мың тонна өнім және 8 млн жұмыртқа бар.
– Оның ішінде 181,1 тонна ақ қант пен құмшекер, 19,3 тонна күріш, 1,05 тонна қарақұмық жармасы, 277,8 тонна макарон, 38,7 тонна күнбағыс майы, 1 тонна сары май, 10 тонна сиыр еті, 2 тонна тауық еті, 100 тонна картоп, 420 тонна сәбіз, 310 тонна қырыққабат, 292,1 тонна пияз, 8 млн 1-санаттағы тауық жұмыртқасы бар. Ағымдағы жылы тұрақтандыру қорына жалпы сомасы 639,5 млн теңгеге 3,5 мың тонна тауар сатып алынды. Жалпы облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры жеткілікті, – деді қордың тұрақтандыру жұмыстары жөніндегі департаментінің басшысы Мәдина Махмұтова.
Қостанай облысы