– Айнагүл Хабдонғалиқызы, еліміздің денсаулық сақтау саласына МӘМС жүйесі енгізіліп, бүгінде жоғары технологиялы медициналық, консультациялық-диагностикалық және т.б. қызмет түрлері қолжетімді болды. Бұрын екінің бірі қалтасы көтере бермейтін тағы қандай медициналық қызметтер қолжетімді? Оны алу үшін пациентке қандай талап қойылады?
– МӘМС жүйесі енгізілгелі елімізде барлық жоғары технологиялық медициналық, консультациялық-диагностикалық қызметтер, қымбат операциялар (пластикалық және эстетикалық оталардан басқасы) қолжетімді бола түсті. Бұлар денсаулық сақтау саласының нормативтік-құқықтық актілерінде бекітілген тізім бойынша көрсетіледі. Жалпы операция жоспарлы және жедел түрде жасалады. Жоспарлы операцияның көбі МӘМС жүйесі арқылы жасалады, ал әлеуметтік маңызы бар ауруларға жасалатын ота тегін медициналық кепілдендірілген көмек аясында жасалады. Жоспарлы операция жасалатын болса, науқас тұрғылықты емханадан жолдама алып, қажетті зертханалық және инструментальдық зерттеуден өтіп, ауруханаға жатқызылады. Ал жедел түрде жасалатын операция болса, ешбір жолдамасыз, ауруханаларда, тегін кепілдендірілген көмек шеңберінде жасалады. Нақтылай кетсек, түрлі инновациялық оталар – жүрек, өкпе, бүйрек трансплантациясы, жасанды қарынша трансплантациясы, көздің лазерлік коррекциясы және бас миына нейростимулятор имплантациялау секілді операциялар МӘМС аясында жасалады.
– Емханалардағы оңалту бөлімдеріне қыруар қаржы бөлінді. Оны мемлекет-жекеменшік әріптестігі арқылы жұмыс істейтін кішігірім емханаларда да алуға бола ма? Олар «мемлекеттік бағдарламаға қатысқымыз келеді, бірақ орын, кабинет жетіспеушілігі қолбайлау болып тұр» дейді. Мұны реттеу үшін қандай да бір тетіктерді қолдану ісі қарастырыла ма?
– Иә, биылдан бастап оңалту шараларына 7,3 млрд теңге бөлінді. Бірақ карантин кезінде көп медициналық қызметтер уақытша тоқтап қалғандықтан қаражат жоспарлары қайта қарастырылды. Жылдын соңына дейін 5,2 млрд теңге жоспарланып отыр. Оның ішінде стационарларға 3,8 млрд теңге, күндізгі стационарға 603 млн теңге және амбулаториялық оңалту қызметтеріне 765 млн теңге бөлініп, барлық оңалту қызметтері көрсетіліп жатыр. Айта кету керек, медициналық оңалту емдеу орындарының меншік формасына қарамастан, амбулаториялық, күндізгі стационарда және стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдарда, сондай-ақ үйде, шипажайлық (санаторлық-курорттық) ұйымдарда көрсетіледі. Яғни, науқасты оңалтудың бірінші сатысы негізгі ем алғанда, мысалы, ота жасалғаннан кейін ауруханада көрсетіледі. Мысалы, барлық кардиохирургиялық, нейрохирургиялық, травматологиялық операциялар жасалғаннан кейін бірден оңалту қызметтері көрсетіледі. Екінші саты стационарда және күндізгі стационарда жасалады, ал үшінші сатысы емхана мен оңалту орталықтарында ашылған күндізгі стационарда және үйде көрсетіледі. Оңалтудың әр кезеңін науқастарға медициналык ұйымда құрылған мультидисциплинарлық команда тағайындайды. Екінші саты қажет болмаса, үшінші саты бойынша оңалту қызметін көрсетуді осы команда шешім қабылдап айтады. Алғашқы оңалту сатысының міндеті – науқас ағзаларының функциялық қызметтерін жылдам қалыптастыру және асқынулардың алдын алу. Барлық оңалту көмектері МӘМС есебінен төленеді. Сондай-ақ оңалту қызметтерін ақылы алушыларға өз қаражаты және ерікті медициналық сақтандыру есебінен алуға болады. Ал туберкулезбен ауыратын науқастарға ТМККК аясында көрсетіледі.
Нұр-Сұлтан қаласында оңалту қызметтері емханалардан басқа екі жекеменшік оналту орталығында көрсетіледі. Бұл – «Жұлдызай» ЖШС (балаларға) және Оңалту орталығы (ересектерге). Оңалту қызметтерін көрсетеміз деген медициналық ұйымдар ӘМСҚ-ның сайты (fmc.kz) арқылы қажетті құжаттарды бекітілген нысан (форма) бойынша өткізіп, өтінім беруге болады. Одан әрі, сатып алу ережелерінде белгіленген барлық талаптарға сай болған жағдайда, комиссия ТМККК аясында және МӘМС жүйесінде шарт жасасу үшін медициналық қызметтер көлемін бөледі. Тағы бір айта кететін маңызды ақпарат, Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 коронавирус инфекциясымен ауырған адамдарға оңалту қызметтерін көрсету бойынша оңалту туралы бұйрыққа өзгертулер мен толықтырулар енгізуде.
– Пациенттер арасында «Шипажайлардағы жағдай сын көтермейді» деген жағымсыз пікірлер баршылық. Оңалту бағдарламасы бойынша шипажайлық ем-шаралардың сапасын кім тексереді?
– Шипажайлық ем-шаралардың сапасын тексеретін арнайы уәкілетті органдар бар, егер науқас көрсетілген қызметтерден зардап шеккен болса, ол республикалық деңгейде немесе әр облыс деңгейінде Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетіне хабарласуға болады. Сол уәкілетті органға хабарласып, көмек ала алады.
– МӘМС жүйесі арқылы зейнеткерлерге қандай тегін қызметтер көрсетіледі?
– Зейнеткерлер Медициналық сақтандыру қорына төлем жасаудан босатылған 15 санатқа кіретін болғандықтан, бұл санаттағы азаматтарға Үкімет қаулыларымен бекітілген барлық медициналық көмек МӘМС жүйесінде және ТМККК аясында тегін көрсетіледі.
– Диагностика барысында көп ақшаны қажет ететін қызмет – талдаулар. Қор қандай зертханалық талдаулардың шығындарын төлейді?
– Барлық талдаулар бекітілген тарификатор бойынша МӘМС жүйесінде және ТМККК шеңберінде жасалады. Мысалы, гармон деңгейлерін анықтау және тізбекті палимеразды реакция жолымен жасалатын талдаулар (ПТР), иммунноферментті диагностика (ИФА), генетикалық ақауларды алдын ала анықтау талдаулары МӘМС аясында және ТМККК шеңберінде жасалады.
– Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімге отырған медициналық ұйымдар туралы қайдан білуге болады?
– Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімге отырған медициналық ұйымдар туралы мәліметті қордың ресми https://fms.kz/ сайтынан көруге болады. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 100 медициналық ұйым қызмет көрсетеді, онын ішінде мемлекеттік ұйымдар – 34%, жекеменшік клиникалар – 59%, республикалык клиникалар 7%-ды құрайды. Ал осы 100 медициналық ұйыммен біз 240-тан астам шарт жасасқанбыз. Оның ішінде мемлекеттік ұйымдар үлесі – 41%, жекеменшік клиникалар – 49%, республикалык клиникалар – 10%.
– Балалардың церебралды сал ауруы, миокард инфаркті, ревматизм сияқты әлеуметтік мәні бар ауру түрлеріне қатысты қаржыландыру қор тарапынан жүреді. Бұл диагноздарға қатысты қызметтер қалай жүзеге асырылады? Пациенттер бұрын-соңды қолжетімсіз болған қандай қызмет түрлерін ала алады?
– Әлеуметтік мәні бар және диспансерлік есептегі ауру түрлері ТМККК шеңберінде қаржыландырылады. Яғни барлық ем шаралары мен диагностикалық зерттеулер тегін көрсетіледі. Бұл уақытқа дейін де солай болды, тек көп күтетін. Қазіргі таңда барлық қызметтер қолжетімді. Себебі бұған дейін қаражат жетіспегендіктен барлық науқастарды қамту мүмкін емес болатын. Қазір қордың сайтында қосалқы мердігер ұйымдар дерекқорына енгізіліп, халыққа қызмет көрсеткісі келетін медициналық ұйымдармен келісімшартқа отыру арқылы жергілікті жерлердегі аталған сырқаттар санатындағы азаматтарды толығымен медициналық қызметпен қамтып отыр. Өздеріңіз білетіндей, бұл аурулардан кейін көрсетілетін маңызды қызмет – оңалту. Одан бөлек, мұндай аурулардың ең ауыр кезеңдерінде паллиативті көмек көрсету де қарастырылған. Сондықтан қазіргі таңда барлық қызметтер көлемі қолжетімді және мүмкіндіктер шегі кең деуге болады.
– Көрсетілген медициналық қызметтердің сапасына бақылау қалай жүргізіледі?
– Қордың басты мақсаты – ел азаматтарының мүддесін қорғау. Сондықтан қор өз тарапынан күнделікті көрсетілген қызметтердің сапасын бақылап отырады. Яғни, ұсынылған барлық медициналық қызметтер қор сарапшыларының күнделікті бақылауында, одан бөлек ай сайын жоспарлы бақылау, мақсатты бақылау және осы жылдың соңына дейін келісімшарт міндеттемелерінің орындалуы бойынша бақылау жүргізіледі. Одан бөлек, филиалда сарапшылар ана өлімі, 5 жасқа дейінгі бала өлімі, басқа да барлық өлім жағдайларын сараптамадан өткізіп, оны филиалда құрылған Сараптамалық комиссия отырысына шығарып қарастырады. Оның құрамына өзіміздің және қаламыздың қоғамдық денсаулық сақтау баскармасынын, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қызметкерлері кіреді. Науқастардан шағым түскен жағдайда, жоспардан тыс бақылау жүргізіледі. Мысалы, жыл басынан бері 1406 байланыс орталығы арқылы 845 шағым түсті. Барлығы уақтылы қаралып, оның ішінде дәлелденген шағымдар бойынша сараптама беріліп, медициналық ұйымдарға айыппұл салынды.
Көбінесе азаматтардан дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілмеуі, КТ, МРТ және қымбат тұратын талдаулардың қолжетімсіздігі, емханалардағы күту уақытының ұзақтығы, диагностикалық қызметтерге жолдама бермеу және ақпараттық жүйеге жүктелген жалған жазылым бойынша шағымдар түсті. Жылдың басынан бері мониторинг нәтижелері бойынша 15 792 кемшілік анықталып, жалпы сомасы 330 млн теңге айыппұл салынды. Яғни тұрғындарға көрсетілетін барлық медициналық қызметтер көпсатылы бақылаудан өтеді. Медициналық көмек көрсетуден бас тартқан жағдайда, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына тек 1406 байланыс орталығы арқылы ғана емес, Qoldau 24/7 мобильдік қосымшасы арқылы да жүгінуге болады. Qoldau 24/7 мобильдік қосымшасы Play Market және App Store арқылы орнатылады.
Әңгімелескен
Думан АНАШ,
«Egemen Qazaqstan»