Дәстүрлі Nur Otan партиясының ауыспалы кубогіне арналған XVIII республикалық пікірсайыс турниріне еліміздің түкпір-түкпірінен 36 команда қатысты. Jas Otan жастар қанаты мен Ұлттық пікірсайыс федерациясы ұйымдастырған сайыс британдық және америкалық парламенттік форматта өтті. Қатысушылар жалпы жүлде қоры 2 млн теңге үшін барын салды.
Ұлттық пікірсайыс федерациясының президенті Болат Бұхарбай дәстүрлі турнирдің басты мақсатына тоқтала келе, аталған салада ұрпақтар сабақтастығы жақсы жолға қойылғанын баса айтты.
«Пікірсайыс турнирінің мақсаты – өз ойын емін-еркін, нақты әрі дәйекті жеткізе алатын, талантты, білімді жастарды қолдау. Бұл – партия тарапынан қолдау тапқан кезекті 18-турнир. Мұны пікірсайыс саласындағы үлкен жетістік деуге болады. Шараның құрметті қонақтары қатарында турнирге он жыл бұрын қатысқан аға буын өкілдерінің қатысуы – ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі», деп атап өтті Б.Бұхарбай.
Турнирдің ақтық кезеңіне жеткенге дейін қатысушылар өңірлерде іріктеуден өткен. М.Әуезов атындағы ОҚМУ «Ақиқат» дебат клубының мүшесі Ақерке Ермұхан турнир санитарлық талаптарға сәйкес өткенін атап өтті. «Еліміздің түкпір-түкпірінен пікірсайысшылар жиналып, өзекті тақырыптар бойынша өте қызықты пікірталас өткізді. Финалда спикерлер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылдың тиімді тетіктеріне қатысты пікір таластырды. Бұл алаңда айтылған идеялар мен ұсыныстарды зорлық-зомбылық статистикасын азайту үшін пайдалануға болады», деді А. Ермұхан.
Жастар «Швед моделі» тиімді ме?», «Онлайн оқытуды тұрақты тәжірибеге айналдырған дұрыс па?» «Праймериздің нәтижесі қандай?» деген секілді өзге де өзекті мәселелер төңірегінде пікірлерін айтып, ұтымды ойларын ортаға салды.
Jas Otan жастар қанатының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Шымкент қаласында өткен финалға еліміздің ең мықты пікірсайыс командалары келгеніне сенімді.
«Жастар арасындағы пікірсайысқа праймериз, тұрмыстық зорлық-зомбылық, суицид секілді 12 өзекті тақырып алынды. Біз осы мәселелерді шешуде жастардың пікірін ескеру маңызды екенін түсінуіміз керек. Пікірсайыс – ымыраға келудің жақсы құралы. Праймериз кезінде көпшілік алдындағы пікірсайыстар осыған дәлел болды. Сондай-ақ бұл турнир озық ойлы жастарды қолдауға ықпал етеді», деді Jas Otan жетекшісі.
Жеңімпаздарды Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, М.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджан, Шымкент қаласының Nur Otan партиясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұрадов, Jas Otan жастар қанатының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев және Ұлттық пікірсайыс федерациясының президенті Болат Бұхарбай марапаттады.
«Үздік төреші» аталымын «Ақиқат» пікірсайыс клубының өкілі Шідербай Әбдісаттар иеленді. Петропавл қаласының «Император» фракциясы «Белсенді қатысушы» аталымына және 100 мың теңге көлеміндегі сертификатқа ие болса, үшінші орын мен 200 мың теңге жүлдені Алматы қаласының Қазақ лигасында «KN» командасы және орыс лигасында Көкшетау қаласының «Вагабунд» командасы алды. Ал екінші орын мен 300 мың теңге көлеміндегі сертификатты қазақ және орыс лигаларында да Нұр-Сұлтан қаласының пікірсайысшылары ұтып алды. Қазақ лигасында бірінші орынға Алматы қаласының «Праймериз» тобы, орыс лигасында «Павлодар» тобы иеленіп, 400 000 теңге көлеміндегі жүлдеге ие болды. Сондай-ақ «Праймериз» командасының пікірсайысшысы Жарылқасын Сақтаған «Үздік спикер» атанды.